Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

МӘМС жүйесіндегі реформа: Не өзгереді

Дәрігер мен науқас
Фото: istockphoto.com

Үкімет негізсіз төлемдердің алдын ала жолын кесуге мүмкіндік беретін МӘМС реформасын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет мәліметінше, МӘМС жүйесіне қатысты реформалардың қаржылық тәртіпті, ашықтықты және жүйенің басқарылуын қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы кезеңі аяқталған.

"Ақпан айында жинақталған қаржылық және басқару саласындағы теңгерімсіздіктерді жоюға бағытталған реформа жүзеге асырыла бастады. Ерекше назар қаржылық тәртіпті күшейтуге және басқарудың жаңа бірыңғай цифрлық моделін қалыптастыруға аударылды. Негізгі өзгерістердің бірі кейінгі бақылаудан төлемдер жүзеге асырылмай тұрып, негізсіз төлемдердің алдын алуға көшу болды", – делінген хабарламада.

Мәселен егер бұрын төлемдерді тексеру ақша аударылғаннан кейін ғана жүргізілсе, қазір төлем жасалғанға дейін негізсіз төлемдердің алды алынады.

Нәтижесінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында антифрод жүйесі медициналық ұйымдарға тиісті қаражат аударылғанға дейін 4 миллиард теңгеден астам сомаға ақауларды анықтаған.

Реформа аясында науқастың рөлі де өзгереді. Енді науқастар тек медициналық көмекті алушыдан мемлекет пен ӘМСҚ оның атынан төлейтін медициналық қызметтердің сапасын бақылаушыға айналады.

“Бұл шешімдердің бір бөлігі жұмыс істей бастаған: қазір пациент eGov Mobile-да QR-код арқылы медициналық ұйымға бару дерегін растай алады, болашақта бұл қызмет екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында да іске қосылады. Келесі кезең пациенттің электрондық қаржылық паспорты жөнінде болмақ, онда ол үшін көрсетілген және төленген медициналық көмек туралы ақпарат қолжетімді болады”, – делінген хабарламада. 

2026 жылдың екінші жартыжылдығында Қор қайта құрудан жаңа модельдің механизмдерін кең ауқымда таратуға көшеді. Келесі кезеңнің міндеті барлық енгізілген өзгерістерді нақты нәтижеге айналдыру:

  • науқас үшін – қолжетімді және тиімді медициналық көмек,
  • дәрігер үшін – түсінікті ережелер және қаржыландырудың әділ моделі.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 140 мыңға жуық азамат медициналық ұйымдарға өз келісімінсіз тіркеліп, олардың атына көрсетілмеген медициналық қызметтер рәсімделгені туралы жазған едік. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, соның салдарынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 3,5 миллиард теңгеден астам шығын келген. Артынша медициналық сақтандыру қорының басшысы МӘМС жүйесіндегі қаржы жымқыру деректеріне қатысты пікір білдірді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 22:54