Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер де декреттік төлем ала алады: Нені білу қажет
Қазақстанда арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер де жүктілікке, босануға және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер ала алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, тиісті әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде төлеу қажет.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін әлеуметтік аударым мөлшері ай сайынғы табыстың 1%-ын құрайды. Ал осы режим аясындағы жалпы әлеуметтік төлемдер табыстың 4%-ына тең.
Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемнің көлемі соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдарға қарай есептеледі. Ал бала күтіміне байланысты төлемді анықтау кезінде соңғы 24 айдағы аударымдар ескеріледі. Бұл төлем орташа айлық табыстың 40%-ы мөлшерінде тағайындалады.
Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың есептік табысы нақты жүргізілген әлеуметтік аударымдар негізінде жеке анықталады.
Төлемді қалай рәсімдеуге болады?
Жүктілік пен босануға байланысты төлемді алу үшін әйел өтініш пен еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ұсынуы керек. Қалған қажетті ақпарат, соның ішінде әлеуметтік төлемдер, тіркеу және банк шоты туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады.
Бала туғаннан кейін рәсімдеу тәртібі жеңілдейді. Әйелдің тіркелген телефон нөміріне 1414 нөмірінен бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы бар екені туралы SMS хабарлама келеді. Егер әйел келісім берсе, өтінішті рәсімдеу проактивті түрде жүргізіледі.
2026 жылы бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 238 мың теңге болып белгіленген.
Бала күтімі бойынша төлемді алып, жұмыс істеуге бола ма?
Мұнда өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер ескеруге тиіс маңызды талап бар. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алып отырған кезеңде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде табыс табуды жалғастыруға болмайды.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, бұл төлем табыстан айырылған жағдайда тағайындалады. Сондықтан төлем алу кезеңінде қызметті тоқтата тұру қажет.
Егер кейін жағдай өзгеріп, әйел қайтадан табыс таба бастаса, бұл туралы 10 жұмыс күні ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына хабарлауы тиіс.
Сонымен қатар МӘСҚ төлем алушы туралы мәліметтерді тексеруге құқылы. Егер артық төлем анықталса, қор оның қайтарылуын талап етуі мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін сарапшы Қазақстанда бала туу көрсеткішін арттыру үшін ана капиталы жүйесін енгізу ұсынған еді.
