ERG биыл Қазақстандағы жобаларды дамытуға 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция бағыттайды
Компанияның инвестициялық бағдарламасы шикізат пен энергетикалық базаны дамыту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа өндірістерді іске қосуды қамтиды. ERG жүзеге асырып жатқан жобалар 1 390-ға дейін жұмыс орнын ашуға және Қазақстанның жалпы ішкі өніміне жыл сайын шамамен 1,4 млрд АҚШ доллары көлемінде үлес қосуға мүмкіндік бермек.
Соңғы үш жылда ERG Қазақстандағы өндірістік кәсіпорындарды дамытуға бағытталған инвестицияларының көлемін 1,7 есеге арттырды. 2026 жылы компания өндіріс қуатын, энергетиканы және жаңа технологиялық бағыттарды дамытуға рекордты көлемде инвестиция – 1 млрд АҚШ долларын бағыттауды жоспарлап отыр.

Топтың ірі жобаларының бірі – "Дөң" тау-кен байыту комбинатындағы "Болашақ" шахтасының құрылысы. Жобаның алғашқы кезеңі 2024 жылы іске қосылды. Жоба жоспарлы қуатына шыққанда шахта жылына 7,5 млн тоннаға дейін хром кенін өндіре алады.
Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі – 2 млрд АҚШ долларынан асты. Шахта ферроқорытпа өндірісінің шикізат базасын нығайтуы тиіс. Қазір кәсіпорынды жаңа тау-кен көлік кешенімен жарақтандыру жалғасып жатыр. Автоматтандырылған техникалар мен заманауи технологияларды пайдалану жерасты жұмыстарының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырмақ.
“Біздің жобаларымыз өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлердің экономикасын нығайтуға және адамдарға жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. ERG кәсіпорындарының өңірлермен бірге дамуын жалғастырып, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына үлес қосуы маңызды”, – деп атап өтті ERG S.à r.l. Менеджерлер кеңесінің мүшесі Шахмұрат Муталип.
Инвестициялық бағдарламаның тағы бір ірі тармағы – энергетика. ERG жалпы қуаты 405 МВт жаңа және жаңғыртылған нысандар портфелін қалыптастырып жатыр. Меншікті электр энергиясын өндіру кәсіпорындарды энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, өндірісті ұлғайтуға қосымша мүмкіндіктер туғызуы керек.

Ақсу электр станциясында қуаты – 325 МВт, құны – 277 млн долларлық жаңа энергоблок салынып жатыр. Ол пайдаланудан шығарылған №7 энергоблоктың орнын басып, ERG кәсіпорындарының электр энергиясына тұрақты өсіп келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз етеді.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытында тағы бір энергетикалық жоба – қуаты 80 МВт, құны – 99 млн долларлық феррогазды кәдеге жарату электр станциясы салынып жатыр. Ол қазір алауда жағылып жатқан технологиялық қалдық газды электр энергиясын өндіруге пайдаланатын болады. Станцияны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Сол тұста ол балқыту цехының электр энергиясына деген қажеттілігінің төрттен біріне дейін қамтамасыз ете алады.
Электронды өнеркәсіпте және басқа да жоғары технологиялық салаларда қолданылатын галлий өндірісі – инвестициялық бағдарламаның жеке бір тармағы. ERG Павлодар алюминий зауытының базасында жылына 15 тонна галлий өндіретін жаңа учаскені іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба компанияның өз әзірлемесіне негізделген, құйылар инвестиция көлемі – 20 млрд теңгеден асады.

Мамандардың бағалауынша, өндіріс толық қуатына шыққаннан кейін Қазақстан галлий өндіру көлемі бойынша әлемде екінші орынға шығуы ықтимал.
“Біздің инвестициялар – тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмейді. Әрбір ірі жоба бірнеше практикалық түйткілдің түйінін тарқатуы тиіс. Атап айтқанда: өндірісті бұдан да қауіпсіз етуге септесіп, шикізат пен энергияны тиімдірек пайдалануға жол ашып, қоршаған ортаға әсерді азайтып, болашақта да бизнеске тың серпін әкелуі керек. Сондықтан біз қолданыстағы кәсіпорындарды, энергетикалық инфрақұрылымды және галлий өндірісі сияқты жаңа бағыттарды қатар дамытып жатырмыз”, – деп атап өтті ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев.
Компания кәсіпорындарымыз орналасқан өңірлерді де ілкімді дамытуға да қомақты қаражат бағыттап келеді. Атап айтқанда, ERG медицина мен білім беру инфрақұрылымын жаңарту, саябақтар, скверлер мен аулаларды абаттандыру, спорт нысандары мен қаланы дамыту жобаларына септеседі.

Тек соңғы бес жылда Қазақстандағы мұндай бастамаларға жалпы көлемі 150 млрд теңгеден астам қаражатқа қолдау көрсетілген.