Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақта мұндай салт болмаған": Этнограф Оралдағы "тентек кәде" туралы айтты

тентек кәде
Фото: видеодан скрин

 

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Орал қаласында өткен тойда “Тентек кәде” атты өзге өңірлерге таңсық салт-дәстүрдің куәсі болған едік. Жалпы аталмыш салт-дәстүрдің тарихы қандай? Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында болған тойлардың бірінде “тентек кәде” деп аталатын дәстүр желі қолданушылардың назарын аударды. Бейнероликте бұзақылардың киімін киген бір топ ер адам тойхананы қақ ортасында бас құданы қоршап алып оған әзілдеген. Әзілді көтере алмаған бас құда оны жұдырықпен ұрып құлатты. 

Әлеуметтік желіде тараған аудиохабарламаға сенсек, ер адам бұл дәстүрдің мәнін дұрыс түсінбей, әзілді шын қабылдап, екінші тарапқа қол көтерген көрінеді. Ал оралдықтардың өзі пікірлер алаңында бұл салт бұрыннан бері бар, бірақ тек Батыс Қазақстан облысында ғана кең таралғанын жазып жатса, ал басқа өңірде тұратын қазақстандықтар бұл салт-дәстүрдің ақымақтық деп бағасын беріп жатыр. 

“Әдемі салт еді, ана көкем бір ұрып быт шыт қылды ғой. Біздің жақта келген құдалармен әзілдесу, ойнау қалыпты нәрсе. Той иелерінің достары түрлі образда киініп, ауыл тентектері болып тойға тосыннан кіреді, құдалармен қалжыңдасып, кәде сұрайды”

“Тентек кәде" — Батыс Қазақстанда сақталған қызықты салттардың бірі. Оның негізінде екі жақтың туыстарының әзілдесуі, бір-біріне түрлі тапсырмалар беруі, жол бөгеп, кәде сұрауы немесе күйеу жігіт жақты түрлі ойынға тартуы жатыр. Яғни бастапқы мақсаты — адамды кемсіту емес, керісінше екі әулетті жақындастыру, ортақ қуанышқалыптастыру. Алайда қазіргі той мәдениетінде дәстүрдің кейбір элементтері ойын-сауыққа көбірек айналып бара жатқанын байқауға болады”

“Тентек кәде деген не дәстүр? Естімеген ел де көп”

“Кәдесін жақсылап беріп құдалар риза болған екен ғой” сынды түрлі пікірлер жазылып жатыр.

Тентек кәде
Фото: Әлеуметтік желіден

Этнограф не дейді?

Редакция бұндай салт қазақтарда болған ба, жоқ па этнограф Бұлбұл Кәпқызынан сұрап білді. Алайда этнограф қазақтарда бұндай салттың бар екенін жоққа шығарды.

“Ол салт емес, қазақта ондай салт-дәстүрлер болмаған. Бұл барып тұрған дарақылық. Мүмкін тек өңір ерекшелігінде ғана болуы мүмкін, солардың шығарып алған дәстүрлері”, – деді этнограф.

Этнограф бұндай дүние тек жастарға ғана тән екенін, үлкен адамдардың бұндай нәрсемен айналысу ұят екенін айтты.

“Жас балалардың істейтін іс әрекетін, үлкен кісілерді істегені ұят қой. 50-ден асқан адамның “тентек кәдемен” айналысқан адамның логикасына сыймайтын дүние. Бұндай салт дәстүр қазақтарда болмаған, болса да жастардың арасында ғана болған. “Тентек” деген сөз көбіне жас балаларға, ерке балаларға қаратып айтылады. Қазақ кезінде солай еркелеткен. Құда деген бір-бірін құдайдай сыйлайтын адамдар, олардың арасында “тентек кәде” деген жүрмеуі керек”, – деді Бұлбұл Кәпқызы.

Сөз соңында этнограф бұндай заттардың қазақтың салт дәстүрінде тіпті баламалы нұсқасы да жоқ екенін айтты. Ал Оралда болған оқиғаға байланысты ол ұрып жіберген адамның іс әрекетін дұрыс деп санайтынын мәлімдеді.

“Мүмкін енді кейбір өңірлерде бар шығар, бірақ менің білуімше, менің жүрген өңірімде, менің оқығанымда ешқашан “тентек кәде” дегенді естімегем” – деп сөзін қорытындылады.

Еске сала кетейік, Оралда үйлену тойы кезінде "тентек кәде" салты күтпеген жағдайға ұласты. Той үстіндегі әзіл-қалжыңнан кейін ер адамдардың бірі екіншісіне қол жұмсаған болатын. Ұрған ер адамның сөзінше, соққы алған адам 40 минуттан соң травмпунктен есін жиған. 

 

Ислам Әден
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 18:43