Педофилия үшін сотталған қазақстандық ер адам колонияда көз жұмды: Оның өлімі үшін бес адам сот алдында жауап береді
Атырауда кәмелетке толмағандарға қатысты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 25 жылға сотталған 51 жастағы ер адамның колониядағы өліміне байланысты іс қаралады. Оның қазасына қатысты бес сотталушы айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “АқЖайыққа” сілтеме жасап хабарлайды.
Іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Алғашқы сот отырысы 27 тамызға белгіленген.
Үш жыл бұрын 25 жылға сотталған
Істің бір ерекшелігі – жаңа қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қарайды. Осыдан үш жыл бұрын дәл осы судья қазір марқұм болған ер адамға 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Яғни 2023 жылы ол сот алдында айыпталушы ретінде тұрса, енді оның колониядағы өліміне қатысты қылмыстық істе жәбірленуші ретінде танылып отыр.
2023 жылы ер адам Қазақстан Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі және 124-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған. Іс кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстарға қатысты болған.
Іс бойынша бес және сегіз жастағы екі қыз жәбірленуші деп танылған. Сотталған ер адам олардың өгей әкесі болған.
Сот үкімімен оған 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Колонияда жанжалдан кейін көз жұмған
Ер адам жазасын Атыраудағы №15 мекемеде өтеп жатқан.
2026 жылғы 22 наурызда түзеу мекемесіндегі сотталғандар арасында жанжал болған. Осы оқиғадан кейін 51 жастағы ер адам көз жұмды.
Оның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша бес сотталушы айыпталып отыр. Енді сот сол күні колонияда нақты не болғанын, жанжалдың неден шыққанын және айыпталушылардың әрқайсысының оқиғаға қаншалықты қатысы барын анықтауға тиіс.
Жаназасына жүздеген адам келген
Еске салайық, бұған дейін Атырауда жүздеген адам марқұмның балаларды зорлағаны үшін сотталғанын білмей, жаназасына қатысқаны хабарланған еді. Марқұмның өлімінен үш күн өткен соң, 25 наурызда онымен Атыраудағы орталық “Иманғали” мешітінде қоштасқан.
Куәгерлердің айтуынша, жаназа намазына жүздеген адам жиналған. Ал жаназаға келгендердің көбі оның қандай қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқанын білмеген көрінеді.
Дұғадан кейін қаладағы ірі банкет залдарының бірінде ас берілген. Кейін марқұмның денесі туған жері – Жылыой ауданының Құлсары қаласына жеткізіліп, сол жерде жер қойнына тапсырылған.
Ақпаратқа сәйкес, қаза тапқан ер адам аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан. Сондай-ақ дереккөздердің мәліметінше, өлі табылған Дабыл Жәрдемұлы Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің алыс туысы. Ол әкімнің туған інісі емес. Сондықтан олардың тегі мен әкесінің атының әртүрлі.