Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та үш баласын тұншықтырып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсамақ болған ананың соты өтіп жатыр

сот

Фото: Коллаж Stan.kz

АҚШ-тың Массачусетс штатында үш баласын өлтірді деп айыпталған Линдси Клэнсидің соты жалғасып жатыр. Ол 2023 жылы балаларын тұншықтырып өлтіріп, кейін терезеден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған. Сотта Линдсидің балаларын өлтірген кезде психикалық жағдайы қандай болғаны талқыланып жатыр. Қорғау тарапы оның босанудан кейінгі психозға байланысты өзінің не істеп жатқанын түсінбегенін айтса, прокурорлар әйел балаларын өлтіруді алдын ала ойластырып, әрекетін саналы түрде жасаған деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі meduza.io басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қорғау тарапының айтуынша, Линдси қылмыс кезінде босанудан кейінгі психоз күйінде болған. Сол себепті ол өз әрекетінің неге әкелетінін түсінбеген. Ал айыптау тарапы оның психологиялық қиындықтары болғанын жоққа шығармайды. Бірақ олардың пікірінше, Линдси не істеп жатқанын түсініп, балаларын өлтіруді алдын ала ойластырған.

Алдағы күндері алқабилер істі талқылап, үкім шығарады. Егер Линдси кінәлі деп танылса, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Ал ақталған жағдайда ол психиатриялық ауруханаға жіберілуі мүмкін.

Балаларын өлтіргенге дейін төрт ай бойы психиатрларға қаралған

Линдси Масгроув Патрик Клэнсимен 2013 жылы танысқан. Ол кезде Линдси студент болған. Құрбысының айтуынша, Линдси көп балалы болуды армандаған. Олар 2016 жылы үйленіп, бір жылдан кейін Кора есімді қызы дүниеге келген. Бірнеше жылдан соң Доусон есімді ұлы, ал 2022 жылдың мамырында Кэллан атты тағы бір ұлы туған.

Кіші ұлы дүниеге келген соң алғашқы бірнеше айда Линдсидің жағдайы қалыпты болған. Алайда қыркүйек айында жұмысқа шығатын уақыты жақындаған сайын оның мазасыздығы күшейген. Линдси перзентхана бөлімінде медбике болып жұмыс істеген және Кэлланды үйде жалғыз қалдырудан қорыққан.Сосын ол психиатрға жүгініп, антидепрессант қабылдай бастаған. Алайда оның жағдайы жақсармаған. Қараша айына қарай Линдси балаларымен сөйлесуді тоқтатып, тамаққа тәбеті жоғалған. Жедел жәрдем бөліміне жүгініп, тағы бір дәрі қабылдай бастаған. Десе де оның әсері болмаған.

сот
Фото: nbcboston.com

Кейін Линдси басқа маманға барып, емдеу тәсілін өзгертеді. Соған қарамастан жағдайы нашарлай берген. Жаңа жыл кезінде ол өзіне және балаларына зиян келтіру туралы ойы бар екенін күйеуіне айтқан. Содан кейін бес күн психиатриялық клиникада емделген. Ауруханадан шыққан соң жақындары оның жағдайы біршама жақсарғанын байқаған. Линдси де Патрикке бұдан былай жаман ойға бармайтынын айтқан.

2023 жылы 24 қаңтарда Патрик күні бойы үйден жұмыс істеген. Ал Линдси балаларымен болған. Таңертең ол Кораны педиатрға апарып, кейін қызымен және Доусонмен бірге аулада аққала жасаған. Кешке Линдси күйеуінен Кораға дәрі алып, өзі тапсырыс берген кешкі асты мейрамханадан алып келуді сұраған. Патрик үйге оралғанда, үй іші тым-тырыс болған. Ол әйелін екінші қабаттың терезесінің астында қан-жоса болып жатқан жерінен тапқан. Күйеуі балалардың қайда екенін сұрағанда, Линдси олардың жертөледе екенін айтқан. Патрик жертөлеге түскенде, балаларды құтқарып үлгермеген.

Күйеуі үйден шығып кеткен уақытта Линдси үш баласын жертөлеге апарып, оларды тұншықтырып өлтірген. Кейін өз білегі мен мойнын кесіп, екінші қабаттың терезесінен секірген. Линдсидің денесіндегі жарақаттар өміріне қауіп төндірмеген. Алайда терезеден құлаған кезде омыртқасын зақымдап, белінен төмен қарай сал болып қалған.

Балаларын өлтірген соң ол алдымен жұлын жарақатынан емделіп, кейін психиатриялық ауруханаға ауыстырылған. Ауруханаға түскен алғашқы күндері, әлі айып тағылмай тұрып, ол күйеуіне қоңырау шалып, қайғылы оқиға болған күні өзін және балаларын өлтіруді бұйырған дауысты естігенін айтқан.

сот
Фото: Josh Reynolds / Reuters / Scanpix / LETA

Линдси “психоз салдарынан әрекетіме жауап бере алмадым” деп отыр

Линдси балаларын дәл өзі тұншықтырып өлтіргенін жоққа шығармайды. Алайда ол қылмыс кезінде босанудан кейінгі психоздың әсерінде болғанын және сол себепті өз әрекетіне жауап бере алмағанын алға тартады. Босанудан кейінгі психоз сандырақ пен галлюцинацияға әкелуі мүмкін сирек психикалық жағдай.

Қорғау тарапының пікірінше, Линдсиге дұрыс диагноз қойылмаған. Оның орнына әртүрлі дәрігерлер ем тағайындап, жағдайын одан әрі нашарлатқан. Төрт ай ішінде ол әртүрлі дәрігерлерден 13 психиатриялық препаратқа рецепт алған.

Линдси кейін оны емдеген дәрігерлер мен медициналық ұйымдарға қарсы азаматтық талап арыз берген. Онда дәрігерлер тағайындаған дәрілер оның психологиялық жағдайын нашарлатып, галлюцинациямен қатар жүретін психозға әкелуі мүмкін болғаны айтылған.

Талап арызда Линдсидің жағдайы біртіндеп нашарлағаны сипатталған. Қыркүйекте дәрі қабылдай бастағанға дейін ол мазасыздық, депрессия және ұйқысыздыққа шағымданған. Желтоқсанға қарай өзіне қол жұмсау туралы ойлар пайда болып, өзі “есту галлюцинациясы” деп сипаттаған белгілер күшейген.

Линдсидің айтуынша, балаларын өлтірген күні оған белгісіз жақтан дауыс естіліп, балаларын өлтіріп, өзіне қол салуды бұйырған. Ал айыптау тарапы Линдсидің қылмысқа дейін психологиялық жағдайы ауыр болғанын мойындайды. Алайда прокурорлардың пікірінше, ол шындықты ажырата алмайтын күйде болмаған және не істеп жатқанын түсінген.

Қылмысқа дейін Линдси өзінде социопатия бар-жоғын іздеп көрген. Ал қылмыс болған күні ол күйеуінің қанша уақытта оралатынын онлайн картадан тексерген. Прокурорлар мұны балаларды өлтіруді алдын ала жоспарлағанының белгісі ретінде бағалайды. Кейін өзіне қол жұмсамақ болғаны да оның өз әрекетіне жауап бере алмайтын жағдайда болғанын білдірмейді.

Патрик Клэнси әйелінің нұсқасына сеніп отыр. Оның айтуынша, ол “құбыжық әйелге емес, ауру әйелге үйленген”. Патрик балаларын өлтіргеннен кейін де Линдсимен ара-тұра сөйлесіп тұрған. Сотта ол әйелінің жағдайы біртіндеп нашарлағанын айтып берді.

Патриктің ата-анасы да Линдсиді қолдау туралы шешімге қарсылық білдірмеген. Алайда олардың бұл іске көзқарасы біржақты емес.

“Оны жек көрмеймін.Оған жаным ашиды. Бірақ Линдси көптеген адамға ауыр қасірет әкелді. Ол істегені үшін жауап беруі керек. Оған қандай жаза қолдану керегін біз шешпейміз”, – деді Линдсидің енесі Сью Клэнси.

Дәрігерлер Линдсиде психоз болған-болмағанын анықтай алмай отыр

Линдси 2022 жылдың қыркүйегінде алғаш рет психиатр Дженнифер Тафтске жүгінген. Ол Линдсиді балаларын өлтіргенге дейін бақылаған.

Тафтстың айтуынша, науқастың жағдайы шынымен нашарлаған, бірақ ол Линдсиден психоз белгілерін байқамаған. Жаңа жыл кезінде Линдси бес күн жатқан аурухананың психиатры Алия Гудхарт та осындай пікір білдірді. Ал Линдси 2022 жылдың қараша-желтоқсан айларында жүгінген медбике Ребекка Джоллоттаның айтуынша, әйел емдеу жоспарын күн сайын өзгертуді сұраған. Ол дәрілердің жағдайды нашарлатып жатқанын айтқан.

Алайда Джоллотта Линдсидің жағдайының нашарлауына дәрілердің жанама әсері себеп болды деп санамаған. Оның айтуынша, дәрі бірден әсер етпейді, кейбір препараттардың нәтижесін байқау үшін бірнеше апта қажет болуы мүмкін.

Клиникалық психолог Кирк Хейлбрун Линдсидің өзін балаларын өлтіруге итермелеген дауыс туралы тек қылмыстан кейін айтқанына назар аударды. Сарапшы бұл жағдайды әдеттен тыс деп бағалады. Ол Линдси осы сөздері арқылы өз кінәсін жеңілдетуге тырысқан болуы мүмкін деп санайды.

Хейлбрунның пікірінше, Линдси “альтруистік сипаттағы балалар өлтіру” әрекетіне барған. Демек ол өз өмірін қию туралы шешім қабылдаған кезде әбалаларым менсіз не істейді" деп ойлаған. Сарапшының пайымынша, Линдси балаларын жалғыз қалдырғысы келмеген

Ал қорғау тарапының сарапшылары – сот психиатры Филипп Резник пен клиникалық психолог Пол Зейзел – Линдсидің сол кезде дәрігерлер анықтай алмаған босанудан кейінгі психозбен ауырғанына сенімді. Олардың пікірінше, бұл психикалық жағдай оның әрекетіне әсер еткен. Олар психоз адамның қалыпты әрекет ету қабілетін міндетті түрде толық жоймайтынын айтты. Оның белгілері кейде ғана байқалуы мүмкін.

Зейзелдің пікірінше, Линдси сол сәтте өз әрекетін заңға сәйкес басқара алмаған және істеген ісінің заңсыз екенін түсінбеген.

“Өлгісі келген, бірақ қазір өлімнен де ауыр кезеңді бастан кешіп жатыр”

Линдси Клэнси сотта өзі жауап берген жоқ. Алайда қорғау тарапы оның балаларын өлтірер алдында жазған күнделіктерінен үзінділерді оқып берді. Күнделігінде Линдси бір жағынан балаларынан шаршағанын жазса, екінші жағынан олар үшін алаңдайтынын айтқан. Ол өз жағдайының нашар екенін, бәрі жақсы болатынына өзін сендіруге тырысатынын жазған. 

Жазбаларының бірінде: “Маған не болғанын түсінбеймін. Маған көмек керек. Мен жазылғым келеді”, – деп жазған.

сот
Фото: John Tlumacki / Boston Globe / AP / Scanpix / LETA

Сот отырысы кезінде Линдси бірнеше рет жылаған. Балалардың мәйітіне жүргізілген сараптама нәтижелері айтылған кезде Линдси қатты күйзеліске түсті. Мәліметтерді айыптау тарапы шақырған сот-медициналық сарапшылар жариялады. Ал Линдси  басын төмен түсіріп, жылаған. Ақыры судья отырысты тоқтатуға мәжбүр болған.

Қорғау тарапының нұсқасына сенбейтіндер Линдсидің сотта жылауын шынайы емес деп бағалауы мүмкін. Ал оны түсінуге тырысқандар бұл әрекетін балаларының өліміне байланысты шынайы қайғысы мен өкінішінің белгісі деп санайды.

Соттағы бұл жағдай Линдсидің бірнеше ай бойы психикалық қиындықтармен күрескенін және оған көмек қажет болғанын тағы да көрсетті.

 

Stan.kz
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 16:18