Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ердоған Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Түркияға шақырды

Тоқаев пен Ердоған
Фото: akorda.kz

Тоқаев Түркия президенті Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Режеп Тайып Ердоған Тоқаевты бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы табысты өтуімен құттықтады.

“Түркия Президенті аталған тарихи уақиға еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендеуіне септігін тигізеді деп санайды. Бұл ретте ол парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

Тоқаев жылы лебіз білдіргені, сондай-ақ халықаралық ұйымдар құрамындағы түркиялық байқаушылар миссиясының белсенділігі үшін Түркия президентіне алғыс айтты.

Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар озық, заманауи әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталғанына назар аударды.

Әңгімелесу барысында мызғымас достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына оң баға берілді. Тоқаев Түркия президентінің биыл мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызына тоқталды.

Сонымен қатар президенттер алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылаған. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанның биыл Түркияда өтетін жоғары деңгейдегі бірқатар кездесуге шақыруын ықыласпен қабыл алды.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Трамптың шақыруымен 2026 жылдың желтоқсанында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 19:53