Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"600 мың адам жұмылдырылмақ": Ресейліктер жаңа мобилизацияға дайындалып жатыр

Ресей әскері
Фото: Getty Images

Украина барлау қызметі Ресей 2026–2027 жылдары 600 мың адамды қамтитын жаңа мобилизация  дайындалып жатқанын хабарлады. Ресейде заңнамаға өзгерістер енгізуге дайындық жүріп, әскери есепке алу жүйесіне бақылау күшейтіліп, азаматтарды мәжбүрлі түрде әскерге тарту тетіктері кеңейтілуде делінген ақпаратта. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратты алғаш болып РБК-Украина Украина президенті Владимир Зеленскийдің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Ресей жаңа мобилизацияға дайындалып жатыр

Ресей 2026–2027 жылдары мобилизацияның қосымша толқынын өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Украина барлауының дерегінше, Ресей басшылығы биыл және келесі жылы 300 мың адамнан, жалпы 600 мың адамды әскерге тартуды көздеп отыр.

Ресей Бас штабы жалпы саны 600 мың адамға дейін жететін мобилизация шараларының жоспарын дайындап қойған. Ең алдымен Украинаға қарсы соғысып жатқан құрамалар мен әскери бөлімдерді толықтыру, сондай-ақ жаңадан құрылып жатқан бөлімшелерді жасақтау көзделген.

The Wall Street Journal басылымының Батыс барлау қызметтеріндегі дереккөздерінің мәліметінше, өткен айда Калининград облысында мобилизацияға дайындық бойынша оқу-жаттығу өткен. Жаттығу барысында мобилизацияланған өңір тұрғындарын орналастыру, тамақтандыру және қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселелері пысықталған.

"Бұл – мобилизация жарияланған жағдайда қазір бүкіл Ресей аумағында өткізіліп жатқан көптеген осындай іс-шаралардың бірі ғана", – деп жазады WSJ.

Ашық дереккөздерде шілдеде Калининград облысында өткен әскери оқу-жаттығу туралы тараған жалғыз ақпарат оның "дрондардың шабуылына тойтарыс беруді пысықтауға" арналғаны жөнінде болды. Бұл жаттығу туралы 18 шілдеде Ресейдің Кремльді қолдайтын БАҚ-тары Балтық флотының мәліметіне сүйеніп хабарлаған.

Мобилизацияның жаңа толқыны Украина күштерінің Ресей аумағының тереңіндегі нысандарға жасаған соққылары күшейген тұста талқыланып жатыр. Украина Қарулы күштерінің нысаналары арасында мұнай өңдеу зауыттары, сондай-ақ Ресейдің ірі маркетплейстері Ozon мен Wildberries-тің қоймалары бар. Бұл шабуылдар елдегі жанармай тапшылығын күшейтіп, Ресейдің ірі бизнесіне залал келтіруде.

Ресей электронды мобилизация туралы нұсқамаларды қолданып келеді. Сонымен қатар шектеу шараларын кеңейту жоспарланып отыр. Олардың қатарында:

- елден шығуға тыйым салу;

- несие алуға шектеу қою;

- жылжымайтын мүлікпен операция жасауға тыйым салу;

- жүргізуші куәлігін жарамсыз ету;

- банк шоттарындағы қаражатты бұғаттау бар.

Кәсіпорындарда мобилизация жұмысы мен әскери есепке жауапты қызметкерлердің саны көбейтіліп жатыр. 2026 жылғы шілде айының соңындағы жағдай бойынша, жұмыс іздеу сайттарында осындай бөлімдерге арналған 2,5 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған.

Украина барлауының мәліметінше, Ресей басшысы жаңа мобилизация туралы шешімді 18-20 қыркүйекке жоспарланған Ресей Мемлекеттік думасының "сайлауынан" кейін қабылдауы ықтимал.

Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеу жағдайлары жиілеген

Ақпарат аясында құқық қорғаушылар Ресейліктерді соғысқа жіберу үшін Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеу жағдайлары жиілеп кеткенін мәлімдеді. Тамыз айының ортасынан бері мұндай жағдайлардың саны артқанын айтады мамандар. 

Құқық қорғаушылар түскен өтініштер саны рекордтық деңгейге жеткенін айтады. 10-18 тамыз аралығында ресейліктердің соғысқа қатысуынан жалтаруына көмектесетін "Идите лесом" жобасына осындай 14 өтініш түскен. Жоба өкілдерінің айтуынша, адамдарды күш құрылымдарының қызметкерлері ұстап, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Бұл жағдай полиция бөлімдерінде немесе әскери комиссариаттарда болған.

Өтініштер Ресейдің Новороссийск қаласынан Биробиджанға дейінгі әртүрлі өңірлерінен түскен. Пенза облысында мұндай жағдайлар маусым айының ортасынан бері тіркеліп келеді. Ер адамдарды көшеде, мысалы, құжаттарын тексеру немесе алкоголь ішті деген сылтаумен ұстайды. "Идите лесом" мәліметінше, кейбір азаматтар жұмыс орнында немесе үйіне қайтып бара жатқан жолда ұсталған.

"Шілдеде рейдтер санаулы ғана болса, қазір шарықтау шегіне жетті", – деді Euronews-ке "Идите лесом" қозғалысының өкілі Иван Чувиляев.

Оның айтуынша, өтініштер саны 10 тамыздан бастап күрт өскен. 

Чувиляевтің айтуынша, әлеуетті келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді іздеумен Федералдық қылмыстық-атқару қызметінің (ФСИН) өкілдері де айналысады. Олар бұл жұмысты тергеу изоляторлары мен колонияларда жүргізеді. Бұдан бөлек, ауыр қаржылық жағдайға тап болған адамдарды, соның ішінде қарызы бар және жұмысынан айырылған азаматтарды іздейтін "рекрутерлер" де бар.

"Егер адамда ақша мәселесі туындаса, рекрутерлер оны бәрібір табады", – дейді "Идите лесом" жобасының өкілі.

Оның айтуынша, олар агенттіктерге жұмыс туралы хабарландырулар беріп, тіпті таныстары арқылы әрекет етеді.

Сонымен қатар Чувиляев мұндай жолмен әскерге тартудың нақты ауқымын бағалау мүмкін емес екенін атап өтті.

"Адамдар мұндай жағдайға тап болғанын майданға барғаннан кейін ғана түсінеді", – дейді ол.

Елден шығуға өтініш берушілер саны көбейді

Мобилизацияның жаңа толқынына дайындық жүріп жатқаны туралы хабарламалар аясында көптеген ресейлік мүмкіндік бар кезде шетел асып кетуге тырысуда. Ресейліктердің елден шығуына көмектесетін үкіметтік емес ұйымдар шілде айының ортасынан бері өтініштер саны күрт өскенін хабарлап отыр.

"Бұл 2022 жылғы және 2023 жылдың басындағы жағдайды еске түсіреді. Мобилизация қаупі көптеген өтініште қайта-қайта айтылатын негізгі тақырыпқа айналды. Ресейдің түкпір-түкпірінен, әртүрлі өңірлерден хабарласуда. Жалпы өтініштер саны артты", – деді Euronews-ке берген сұхбатында аты-жөнін атамауды сұраған Германиядағы құқық қорғау бастамасы inTransit үйлестірушісі.

Оның айтуынша, адамдар қазір елден кетпесе, кейін мұндай мүмкіндік болмай қалуы мүмкін деп қорқады. Сонымен қатар олар күшпен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеуі мүмкін деп алаңдайды.

inTransit үйлестірушісінің айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан, оның ішінде саяси астары бар баптар бойынша іс қозғалған, бірақ әлі тергеу изоляторына түспеген және елден "эвакуациялануға" мүмкіндігі бар адамдар да Федералдық қылмыстық-атқару қызметі немесе тергеушілер тарапынан қысым жасалып жатқанын айтып хабарласуда.

Атап айтқанда, оларды Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға және соғысқа аттануға көндіруі мүмкін. Бұл жерде елден шықпау туралы қолхат берген немесе үйқамақта отырған адамдар туралы сөз болып отыр.

inTransit өкілінің айтуынша, эмиграцияға бұрын журналистік, құқық қорғау немесе басқа да соғысқа қарсы қызметпен айналыспаған адамдар да жиі қызығушылық таныта бастаған.

Оның сөзінше, ресейліктер үшін визасыз елдерге, мысалы, Грузия немесе Арменияға қауіпсіз шығу жолдары, сондай-ақ кейін Еуропалық Одақ елдерінде гуманитарлық емес, кәдімгі негіздермен заңдастыру мәселелері туралы өтініштер көбейген. Олардың қатарында студенттік, жұмыс немесе фрилансерлік визалар арқылы заңдастыру жолдары бар.

Оның айтуынша, бұл жағдай әртүрлі мамандық иелерінің барған сайын көбі жаңа мобилизация толқынының қаупін сезініп, елден кету туралы шешім қабылдап жатқанын көрсетеді.

"Оларға Беларусьтен де шығуға шектеу қойылуы ықтимал. Мобилизацияның алғашқы толқыны кезіндегі соңғы айларда болған жағдайды еске түсірсек, шақырту алған адамдарға Минскіден ұшып шығуға мүмкіндік берілмеді, оларды кері қайтарды", – дейді inTransit үйлестірушісі.

Ресей билігі ақпаратты жоққа шығарды

Ресей билігі ресми түрде жаңа мобилизацияға дайындық жүргізіліп жатқанын жоққа шығарады.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейде жаңа мобилизация өткізу жоспарланып отырғаны туралы мәлімдемелерге түсініктеме берді.

Песковтің айтуынша, бұл – Ресейдегі жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында таратылып жатқан ақпараттық арандатулар.

"Білесіздер ме, мұның барлығын Украина билігі таратып отыр. Әрине, режим біздің елдегі жағдайды идеологиялық тұрғыдан шайқалтуға тырысып жатыр. Мұның бәрі ақпарат кеңістігіне әдейі тасталып отырған ақпараттық арандатулар", – деді президенттің баспасөз хатшысы.

 Бұл тақырыпта соңғы пікір білдірген шенеуніктердің бірі – Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя. Жұма күні өткен брифингте ол украиналық журналистің Ресей-Грузия шекарасындағы "Жоғарғы Ларс" өткізу бекетінен ер адамдардың жаппай өтуіне қатысты сұрағына жауап берді.

"Қазіргі уақытта бізге жаппай мобилизация қажет емес, ол жоспарланып та, күтіліп те отырған жоқ", – деді Небензя. 

Жаңа мобилизацияға не себеп?

Украина барлау қызметі Ресейдің жаңа мобилизацияға дайындалуының себептерінің бірі ретінде Ресей армиясының едәуір шығынын және келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қабылдау қарқынының төмендеуін атады.

2026 жылғы қаңтар-шілде аралығында Ресейдің адам күші бойынша шығыны шамамен 240 мың адамды құраған. Оның кемінде 140 мыңы қайтарымсыз шығын болған. Ал осы кезеңде Ресейдің Украинадағы оккупациялық күштерінің құрамына келісімшарт бойынша 232 мыңнан аз адам тартылған.

Әскерге адам жинаудағы қиындықтар Ресейдің бірнеше өңірінде бірден байқалады. Мәселен, Қорған облысында жыл басынан бері ай сайынғы жоспарлар 57-69% деңгейінде ғана орындалып келеді. Ал Волгоград облысында келісімшарт бойынша әскери қызметке баруға ықылас танытқан әлеуетті кандидаттардың саны 2025 жылмен салыстырғанда 40%-ға азайған.

Украина Бас штабының мәліметінше, 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Ресейдің қаза тапқан және жараланған әскери қызметшілерінің жалпы саны 1,4 миллион адамнан асты.

АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) да осыған ұқсас бағалау келтіреді. Орталықтың мәліметінше, 2022 жылғы ақпанда Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс басталғалы бері Ресей армиясының шығыны шамамен 1,4 миллион адамды құраған. Оның ішінде 450 мың әскери қызметші қаза тапқан.

Талдау орталығының сарапшыларының айтуынша, 2026 жылы Ресей ай сайын 30 мыңнан астам әскери қызметшісінен айырылып отырған болуы мүмкін. Бұл көрсеткіш Ресей армиясы ай сайын жасақтап отырған шамамен 27 мың жаңа келісімшарт бойынша әскери қызметшіден де көп.

Орталық барлау басқармасының (CIA) директоры Джон Рэтклиффтің мәлімдеуінше, Украинадағы майданда жаңадан келген ресейлік сарбаздың орташа өмір сүру ұзақтығы 20-30 минутты құрайды. Оның айтуынша, бұған жасанды интеллект технологиялары қолданылатын дрондар себеп болып отыр.

"Біздің барлау мәліметтеріміз ашық дереккөздердегі кейбір хабарламалармен сәйкес келеді", – деді Рэтклифф 15 шілдеде Пенсильванияда өткен қорғаныс форумында. Оның сөздерін Bloomberg келтірді.

Ресейде "ішінара" мобилизация 2022 жылғы 21 қыркүйекте жарияланған болатын. Алайда оның аяқталғаны туралы ресми жарлық әлі күнге дейін шыққан жоқ.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 22:16