Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Лифттер тек әсемдік үшін қойылған": Алматылық Kokjiek City тұрғындары жаңа салынған үйлердің сапасына шағымданды

Алматыдағы Kokjiek City тұрғын үй кешенінің тұрғындары төзгісіз жағдайларға шағымданды. Бес үй өткен жылдың соңында пайдалануға берілген. Алайда пәтер иелері үйдің сапасына көңілі толмайтынын айтады. Тұрғындар жарық пен жылудың жиі өшіп қалатынына да наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Kokjiek City тұрғындары өз пәтерлерінің кілтін жарты жыл бұрын алғанымен, әлі қоныс тойын тойламаған. Үй иелерінің бірі Айсұлу Мұжанованың айтуынша, жаңа пәтерлерде жедел шешуді қажет ететін ақаулар өте көп. Құрылыстың сапасы табалдырықтан-ақ байқалады.

"Есіктер көбікпен ғана қойылған, мүлдем бекітілмеген, Ешнәрсе бұралмаған, бәрі салбырап тұр. Бәрі айтқандай, желіммен ғана ұсталып тұр. Жарық үнемі өшіп қалады. Адамдар жөндеу жұмыстарын дұрыс жасай алмай отыр. Бұрғы немесе перфораторды қосса болды, жарық сөніп қалады. Жарық өшкенде, су да жоқ болады", – деді Айсұлу Мұқажанова.

Тұрғын үй кешенінде трансформаторлық қосалқы станция жоқ. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс компаниясы электр желілерін жақын маңдағы ауылдан тартып әкелген. Алайда ол қуат жеткіліксіз. Күніне бірнеше рет электр жарығы сөніп қалады. Онымен бірге су мен жылу да тоқтап қалады. Жөндеуден кейін қабырғалар кеппейді.

Мақпал Мишакирова соңғы қабатта тұрады. Оның пәтерінде еден ылғал тартып тұр. Ылғал көшеден қабырға мен төбе арқылы сіңіп кетеді.

"Еденім су болып тұр. Барлық жерде дәл осындай. Жылу батареясынан бастапқыда су ақты. Өз ақшама жаңасын орнаттым. Батареяға жалғанған барлық құбырды да ауыстырдық. Қоймаға кірмейміз, себебі ол да суға толы", – деп ашуланды Мақпал Мишакирова.

Kokjiek City кешенінде 22 тоғыз қабатты үй салу жоспарланған. Қазір бес үй пайдалануға берілген. Бірақ әрқайсысында кемшіліктер бар дейді тұрғындар. Үйлердің қапталдары жылытылмаған, пластик терезелерден суық жел есіп тұрады. Кіреберістердің үстіндегі қалқалардан су ағып кетеді.

"Құрылысшылар кіреберістерде де тазалық жұмыстарын жүргізбеген. Барлық баспалдақ шаң-тозаңға толы. Алаңдарда құрылыс материалдары мен қоқыс шашылып жатыр. Кейбір есептегіш құралдар әлі қосылмаған. Лифттер де әзірге тек әсемдік үшін қойылған – ешқайсысы жұмыс істемейді", – деп шағымданады тұрғындар.

Көптеген тұрғын пәтерді ипотекаға сатып алып, жөндеу жұмыстарын да несиеге рәсімдеген.

Олар күтпеген шығындарға дайын болмаған. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше рет құрылыс компаниясына шағымданған, бірақ ешқандай шара қабылданбаған. Ақыры күте-күте шаршаған тұрғындар құрылыс компаниясының кеңсесіне барды. Компания басшысы Алтай Шарабаев бұл тұрғын үй кешенін бастапқыда басқа құрылыс фирмасы салғанын, ал олардың бұл жобаны аяқталмаған күйінде сатып алғанын айтты.

"Біз Kokjiek City тұрғын үй кешенінің белсенділері мен құрылысқа жауапты өкілдерден тұратын жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Біз нысанға барып, барлық мәселелерді талқылап, нәтижесінде жұмысты орындау мерзімін нақты белгілейміз. Біз өз жауапкершілігімізден қашпаймыз", – деді Алтай Шарабаев.

Құрылыс компаниясының басшысы өзі нысанға барып, барлық ақауды тіркеп, кепілдік жөндеу мерзімі көрсетілген құжат әзірлеуге уәде берді. Егер құрылысшылар белгіленген уақыт ішінде кемшіліктерді жоймаса, тұрғындар сотқа жүгінетінін айтты.



Еске салайық, Ақтөбе облысында кезекте тұрып көптен күткен баспанасын алған бір топ тұрғын оның құны мен сапасына наразылық танытқан. Бұл тұрғын үйлер балалар үйінің тәрбиеленушілері, жалғызбасты аналар мен ерекше қажеттігі бар бала тәрбиелеп отырғандарға берілген. Олардың айтуынша, үйлер жаңа болса да, құбырлардан су кетіп, төбеден жел соғып, жарық жанбайды. 

Талқылау