200 мың теңгеге аппақ қошқар: Stan.kz тілшісі Құрбан айт қарсаңында мал базарындағы төрт түліктің бағасын біліп қайтты

Ислам дініндегі ең маңызды мейрамдардың бірі "Құрбан айттың" алғашқы күні 11 тамызға түсіп тұр. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Алматыда орналасқан мал базарына барып, құрбандыққа шалынатын малдың қандай болу керектігін, ең арзан және ең қымбат малдың бағасын, Құрбан айт қарсаңында сатушылар мал бағасын көтере ме деген сауалдарға жауап алып қайтты. Сондай-ақ құны 200 мың теңге тұратын қойдың ерекшелігі неде екенін анықтады.  

Құрбан айт

Құрбан айт – Ибраһим пайғамбардың құрбандығының құрметіне және қажылықтың аяқталуына байланысты атап өтілетін исламдағы ең үлкен мерекелердің бірі. Ол дініміздегі  басқа да маңызды оқиғалар сияқты Хижраның ай күнтізбесі бойынша есептеледі. 

Ислам дінін діңгегіне айналдырған қазақ халқы айтқа үлкен көңіл бөліп, құрбандыққа шалатын төрт түлігін баптап-күткен. Бабадан қалған әдет-ғұрып бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, қатаң сақталып келеді.

Құрбан айт"Төрт түлікті осындай жасқа жеткізу үшін жанында жүріп, ауру не қотыр болып қалмауын, жарақаттанбауын қадағалаймыз", — деп  мал базарының сатушылары бір ауыздан  мұндағы жануарларға тиісті күтім көрсетілетінін сөз етті. Сонымен қатар, мал шаруашылығының саласында 25 жыл көлемінде жұмыс істеп келе жатқан Бейсенбай Нұрғисаев құрбандыққа шалынатын малдың бағасы мен салмағына қатысты ақпармен бөлісті.

Айт кезінде мал бағасы қымбаттайды ма?", — деген сұраққа жауап берді. 

"Ең арзан қойдың құны 25 мың теңге, бағасы салмағына қарай 70-80 мың теңгеге дейін өсе береді. 70-80 мыңға 35-40 келі тартатын қойды сатып алуға болады. Айтқа қарсы бағаны өсірмейміз, айтып өткенімдей, барлығы салмағына байланысты. Көп сатылатын малдардың салмағы 20-25 келінің аясында. Олардың құны 35-40 мың теңге", - дейді. 

Құрбан айтҚұрбандыққа денесі ірі, алты айдан асқан тоқтылардан бастап, төрт түліктің барлығы, яғни қой, бұқа, түйе, ешкі шалынады. Мал қатты арық болмауы тиіс. Құлағы шолақ, соқыр, ақсақ, ауру қой жарамайды. Бұқа мен түйені негізі алты-жеті адам бірігіп шалады. 

"Көбінесе қазақстандықтар мал таңдағанда аталған талаптарды жақсы біледі. Қойдың түріне қарап-ақ жасын, салмағын айта алатындар бар. Малды сою құны 4000-6000 теңгенің аралығында. Базарда басын үйітіп, ішек-қарнын тазалап, үш жілікке бөліп беретіндер бар. Құрбандыққа шалынған малдың бір бөлігі жағдайы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға, екіншісі  жетім-жесірге беріледі, үшіншісі өзінің жанұясына қалады", - дейді Бейсенбай Нұрғисаев. 

Құрбан айт

"Таусамалы" базарында сатылып жатқан ерекше малдардың қатарында тірі салмағы 180 келі тартатын, еті 80-90 келі болатын екі қошқар бар. Әр қошқардың бағасы 200 мың теңгенің шамасында. Сатушылардың айтуы бойынша, құрбандыққа шаламын деп ниеттеніп келген  адаммен баға жағынан келісуге болады.

Құрбан айт"Еділбай тұқымының қошқары көктемде үшке толды. Жамбыл ауданының қошқары. Оны арнайы Құрбан айтқа баптап өсірдік. Тірі салмағы 170-180 кг, 80-90 кг таза ет береді. Еті семіз, жақсы. Аяқ-қолы сау, көзі бүтін, ешқандай жері сынбаған, қанамаған. Жарасы жоқ таза мал. Алам деген ниеттеріңіз бар болса, біздің базарға келіңіздер", — дейді сатушы Ілияс Сыпабеков. 

Stan.kz редакциясы құрбандық шалу — Құдайға ризашылық білдіру белгісі екенін еске салып, айтты жақсы қарсы алуыңызды тілейді. 

 

 

Автор: Айару Шаймерден

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр