Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күйеуін құтқармақ болған әйелдің өзі жылан уынан уланып қалды

Ер адамды жылан шағып алды
Фото: Handout

Қытайда күйеуін құтқармақ болған әйелдің өзі жылан уынан уланып, ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Scmp.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Юаньян уезінде болған. Жасы үлкен фермер егістікте жұмыс істеп жүрген кезде оны кобра саусағынан шағып алған. Қатты қорыққан әйелі фильмдерден көрген әдісін есіне түсіріп, жарадағы уды сорып шығармақ болған.

Ер адам бірден ауруханаға жеткізілді. Алайда бірнеше сағаттан кейін әйелінің тілі, ерні, беті мен аяқ-қолы ұйи бастаған. Дәрігерлер оған да жылан уынан улану диагнозын қойып, ауруханаға жатқызды.

Абырой болғанда, ерлі-зайыптыға дер кезінде уға қарсы дәрі егілген. Бірнеше күннен кейін екеуі де ауруханадан шыққан.

Дәрігерлердің айтуынша, жылан шаққан кезде жарадағы уды ауызбен сорып шығару өте қауіпті. Себебі ауыз қуысының шырышты қабатында қан тамырлары көп, ал у қанға тез сіңіп кетуі мүмкін.

Мамандар мұндай жағдайда өздігінен ем жасамай, дереу жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен адамды медициналық мекемеге жеткізу керегін ескертеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 21:14