Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл сендерге Майами бич емес": Әйел Үлкен Алматы өзенінің жағасында демалып жүргендерді сынға алды (видео)

алматы өзеніндегі адамдар
Фото: Видеодан скрин

Алматылық Лаура Қабдулмүтәліп Үлкен Алматы өзенінің жағасында ересектердің шомылу киімімен жүруі мен суға түсуін сынға алып, мұның балаларға теріс үлгі көрсетіп, қауіпсіздікке қатер төндіретінін мәлімдеді. Оның бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам екіге жарылды. Бірі оны қолдаса, енді бірі әжені жақтап шықты. Осы мәселеге байланысты Stan.kz Алматы әкімдігінен өзен жағасында шомылуға және қоғамдық орында купальникпен жүруге қатысты қолданыстағы талаптар мен қауіпсіздік шаралары жөнінде түсініктеме сұрады.

 

Алматылық тұрғын Лаура Қабдумұтәліп әлеуметтік желіде Үлкен Алматы өзенінің жағасында ересектердің суға түсіп, шомылу киімімен жүргеніне наразылық білдірді.

"Адамдар, бұл Майами бич емес, бұл – Алматы және Үлкен Алматы өзенінің жағалауы. Біз бұл жерде күн сайын серуендейміз. Жасөспірімдердің ескертуге құлақ аспайтынын түсінуге болады, бірақ ересектердің өзі бірнеше сағат бойы ішкиіммен жүріп, суға секіріп, жүзіп, күнге қыздырынғанын көрдім. Тіпті үйге қайтып бара жатқанда қала ішінде купальникпен жүрген әжеге де көзім түсті. Бұл жерде бұлай жүруге де, шомылуға да болмайды. Біріншіден, бұл заңға қайшы, екіншіден, адамның өз өмірі мен денсаулығына қауіпті", – деп жазды алматылық Лаура Қабдумұтәліп.

Лаура Қабдумұтәліптің айтуынша, бұрын қазіргі MEGA сауда орталығының орнында бос жатқан жер болған. Ал қазір сол аумақ мегаполистің орталығына жақын орналасқан отбасылық саябақ пен серуендеуге арналған жағалау ретінде пайдаланылып жүр.

"Мұнда шомылуға арналған орын жоқ, өзеннің бойы толықтай қоршалған. Құдай сақтасын, бірақ бір күні осы өзеннен мәйіт шығып жүрмесе екен деп алаңдаймын. Алматының өзінде жағажай жоқ, шомылуға арналған орындар қала сыртында орналасқан. Бір кездері мұндайға тыйым болмаған шығар, бірақ қазір қауіпсіздік талаптары өзгерді. Сондықтан қай жерде суға түсуге болатынын, ал қай жерде болмайтынын бәрі білуге тиіс. Бұрын адамдар субұрқақтарға да түсетін, ал қазір оған да рұқсат жоқ. Сол себепті өткенді қазіргі уақытпен салыстыру дұрыс емес", – деп жазды Лаура Қабдумұтәліп.

Лаура Қабдулмүтәліп қала ортасында адамдардың шомылу киімімен жүруін сынға алды. Сондай-ақ ол өз сөзінің ешкімді кемсіту емес, балалардың қауіпсіздігіне назар аударту мақсатында айтылғанын жеткізді.

"Онда бәрі көтендерін жарқыратып қаланың қақ ортасында жүре берсін... Басқа ұлт өкілі болғандықтан ғана барлығы жабылып жатыр, әйтпесе біздің адам осы бірдеңе істесе “дым көрмеген” деп жеп қояр еді. Мен ешкімнің жүзін түсірген жоқпын, ешкімді жеке нысанаға алған жоқпын. Бірақ ана ретінде, тіпті бөтен балалардың қауіпсіздігі мен үшін бәрінен маңызды. Өйткені ол жерде суға секіріп, шомылып жүрген ересектер өздері де жауапкершілік арқалайды. Себебі олар өз әрекеттерімен өзгелерге, әсіресе балаларға "Мұндай істеуге болады" деген үлгі көрсетіп тұр", – дейді Лаура Қабдулмүтәліп.

Лаура Қабдулмүтәліп тыйым салатын белгілер орнатылған жерлерде белгіленген талаптарды сақтау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай шектеулер ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі үшін енгізіледі.

"Қазір барлық субұрқақта электр кернеуі болады, сондықтан оған қолды да, аяқты да малып алуға болмайды. Оның үстіне субұрқақтағы су арнайы химиялық заттармен өңделеді, бұл туралы ескерту тақтайшалары да ілінген. Ал Үлкен Алматы өзені – мұздай суы бар, ағысы қатты тау өзені. Бұл жағажай емес, қалалық инфрақұрылымның бір бөлігі: өзен арнасы бетонмен қапталған, аумағы қоршалған, суға түсетін арнайы орындар мен құтқарушылар жоқ. Сондықтан ересектер дәл осы жерде күнге қыздырыну мен шомылуды қалыпты жағдай ретінде көрсетіп, өзгелерге, әсіресе балаларға теріс үлгі бермеуі керек", – деді Лаура Қабдулмүтәліп.

Лаура Қабдулмүтәліптің пікірінше, егер ересектер өзенге тек қол-аяғын шайып, балаларға бұл жердің шомылуға және суға секіруге арналмағанын түсіндірсе, ешқандай мәселе туындамас еді. Оның айтуынша, ересектердің шомылу киімімен жүруі балаларға бұл жерде суға түсуге болады деген қате түсінік қалыптастырады. Сондықтан ол өзен жағасына арнайы шомылу киімімен емес, күнделікті киіммен келген дұрыс деп есептейді.

Алматы көшесінде купальникпен жүрген егде жастағы әйелдің видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірі оны қоғамдық тәртіпті бұзды деп сынап, жауапқа тартуды талап етсе, енді бірі мұндай киімге заң жүзінде тыйым бар-жоғын және қоғамдағы қос стандарт мәселесін көтерді.

"Егер мына әйел қазақ болғанда, кейбір адамдар керісінше "Мәмбет, ауылыңа қайт! Қаланы біз салдық, біз Алма-Атаның байырғы тұрғындарымыз" деген сияқты сөздер жазар еді. Қандай да бір екіжүзділік секілді", "Орыстарда да ұят жоқ екен. Жасы келіп қалғанына қарамай, бөксесін жалаңаштап жүрген көргенсіз адам. Жиіркенішті", "Алматы полициясы әжені қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуды талап етемін!", "Жазда қала ішінде купальникпен жүруге нақты қай заң тыйым салады? "Балалардың арасында, әрі жағажайда емес жерде, әйелдің жартылай жалаңаш жүруінде қандай жақсы нәрсе бар?" – дейді пікір білдірушілер.

Алайда желіде әйелді қолдаған пікірлер де аз болған жоқ. Көпшілік оның ешкімге кедергі келтірмегенін айтып, киім таңдауына байланысты сын айтудың орынсыз екенін жазды. 

"Әжені қолдаймын. Ешкімге тиіспей, қалай қаласа, солай жүре берсін. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Маған да оның ештеңеге алаңдамайтын еркіндігі жұқса ғой. Тура жағажайда серуендеп жүргендей. Әйелдің еш қысылмай жүргеніне тек құрмет білдіре аламын", – дейді желі қолданушылары.

“Суға түсуге тыйым салынады”

Осы мәселеге байланысты Алматының Экология және қоршаған орта басқармасы ресми сауал жолдады.

"Алматы мәслихатының VIII шақырылымының 2025 жылғы 7 тамыздағы №232 шешімімен бекітілген Алматы қаласында жалпы су пайдалану қағидаларына сәйкес, Үлкен Алматы өзені арнасының қағидаларда айқындалған учаскелерінде суға түсуге тыйым салынады", – деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ ведомство Үлкен Алматы өзенінің ағысы қатты, суы өте салқын тау өзені екенін еске салып, мұндай жерде шомылу азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін жеткізді. Бұдан бөлек, басқарма арнайы белгіленген шомылу орындарынан тыс қоғамдық орындарда шомылу киімімен жүру де қалалық ортадағы жалпыға бірдей қабылданған әдеп нормаларына сәйкес келмейтінін атап өтті.

"Қала тұрғындары мен қонақтарынан жалпы су пайдалану қағидаларының талаптарын сақтауды, тыйым салынған орындарда суға түсуден бас тартуды, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарауды сұраймыз. Осы талаптарды сақтау жазатайым оқиғалардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы.
Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 29 Маусым, 2026 17:44