Талдықорғанда оқушы мектепке макияжбен келіп, кейін оны сүртіп тастауға мәжбүр болған: Директорды қызға жөнсіз тиісті деп айыптады
Желіде Талдықорған қаласындағы №6 Макаренко атындағы орта мектептің директоры Рита Саидгариеваның әр оқушыдан мін іздеп, жөнсіз тиісе беретіні туралы видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Primamedia ақпарат агенттігінен
@egovpress басылымына оқырмандардың бірі оқушы қызға мектеп директорының қол жүгіртіп, ұрысқаны жайлы видео жіберген. Видео авторы №6 Макаренко атындағы орта мектептің директоры Рита Саидгариева әр болмашы нәрсеге қадалып, балалардан мін іздейтінін айтқан.
Бұған қатысты Талдықорған қаласының білім бөлімі бірден жауап берді.
"2024 жылғы 3 қыркүйек күні сағат 8:10 шамасында мектеп директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары сабаққа балалардың қатысуы, себепсіз келмеген балаларды анықтау, мектеп формасына қойылған талаптарды реттеу мақсатында сыныптарды аралаған. Аралау барысында 9-сынып оқушысы Гүлнұр Абылайға, басқа оқушы, мұғалімдер естімеген, жеке дәлізде (09.05.2010 ж.т) косметиканы асыра қолданғаны туралы ескерту жасалып, сүртіп алу ұсынылды", – делінген білім бөлімінің хабарламасында.
Білім бөлімінің сөзінше, оқушы 1-қабаттағы қол жуғышқа (раковина) бетін жуып тұрған. Мектеп директоры бетінің су-су болғанын көріп, оқушыға жақындаған. Осылайша оқушы директордың бет сүртетін сүлгі (салфетка) ұсынып жатқан жерін өзінің TikTok-тағы парақшасына жариялап жіберген.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы химия пәнінің мұғалімі мен 8-сынып оқушысы арасындағы жанжалдан кейін оқытушының әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы жазған едік. Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектепте болған жағдай Іле аудандық полиция басқармасында тіркелген. Кәмелет жасқа толмаған балаға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.