Көкшетауда бұралқы иттер жүкті әйелге шабуыл жасады

Көкшетауда бұралқы иттер жүкті әйелге шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға 16 сәуір күні Бурабай шағынауданында акушер-дәрігердің қабылдауынан үйіне қайтып келе жатқан сәтте болған.
"Иттер шамамен он шақты болды. Алдымен олар менімен қатар келе жатқан әйелге тап берді, кейін маған шабуыл жасады", – дейді жәбірленуші.
Абырой болғанда, әйелдерге жақын маңнан өтіп бара жатқан ер адам көмекке келген. Ол иттерді қуып жіберіп, жедел жәрдем шақырған.
Дәрігерлер жарақатты өңдеп, құтыруға қарсы екпе курсын тағайындаған. Енді жүкті әйел құтыруға қарсы вакцинация курсынан өту қажет.
ОқыңызСонымен қатар болған оқиғаның жатырдағы баланың денсаулығына қалай әсер ететіні әлі белгісіз.
Жергілікті тұрғындар бұралқы иттер тобының бұл шағынаудандағы №11 орта мектеп маңында ұзақ уақыттан бері жүргенін, мұндай жағдайлар бұған дейін де болғанын айтады.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар қаңғыбас иттерді жаппай өлтіру туралы заң жобасына қарсы шыққаны туралы жазған едік. Айтуларынша, депутаттар бұл заңды еш ақылдаспай, ойланбай қабылдаған. Қазақстандықтар мемлекеттің деңгейі жануарларға деген қарым-қатынасынан көрінетінін еске салып, заңға қарсы президентке үндеу дайындап жатыр.