Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Патша - әкімдерге айналған": Қоғам белсендісі Амандық Баталовтың отставкаға кетуін талап етті

Әлеуметтік желіде Жан Шынғысов есімді азамат Алматы облысы әкімі Амандық Баталовты "жемқорлық жасап, халықтың ақшасын жымқырды" деп айыптады. Stan.kz тілшісі Жан Шынғысовтан оқиғаның мән-жайын сұрап білген болатын. 

Осыған дейін Алматы облысында Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған болатынбыз. Шенеуніктер мердігер ұйым директорынан орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін 10 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Белсенді Жан Шынғысов облыс әкіміне Ерекешовтың жасап жатқан әрекеттері туралы үш жылдан бері айтып келгенін, бірақ облыс әкімі біле тұра бұл деректі жасырғанын айтады. 

Шынғысов ең алғаш облыс әкіміне 2018 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылдық округінде орналасқан Жомарт саяжайындағы заңсыз жер сату бойынша жүгінген. 

"Кәрібаев Мұхит Бақытұлы 2009-2016 жылдары аралығында Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған. Осы уақыт аралығында саяжайлар әсіресе Жомарт саяжайы арқылы жер сату құйтырқылары орын алған. Оның осы құйтырқылықтары қатысы бар екенін тұрғындар айтып отыр. Олар сол уақытта көмек сұраған бірақ жылы жабылып отырған. Кәрібаев ешқандай халыққа жұмыс жасамағанына қарамастан, оны Баталов жоғарылатып Іле ауданының аппарат басшысы етіп тағайындаған", - деп наразылық білдірді Жан Шынғысов. 

Ол артынша 2019 жылы қаңтарда Баталовтың баспасөз хатшысымен кездесіп, қажетті шағымдарды тапсырғанын айтады. Бірақ бұған да жауап болмапты. Кейін қабылдауына жазылғанымен, Баталовтың өзімен сөйлесуге мүмкіндік болмаған көрінеді. Алайда әкімдіктегілер мәселені шешеміз деп уәде берген дейді ол.

"2020 жылы ақпанда Баталов Талғар аудандық әкімінің есеп беру кешіне келеді деп естіп, мен де бардым. Адамдардың қазіргі жағдайының қиын екенін түсіндірдім. Аудан әкімдерінің жемқорлығын, патша-әкімдерге айналғанын айттым. Ол көмек беремін деді. Бірақ ештеңе жасаған жоқ. Керісінше, мазақ еткендей Саяжайлардың жерлерін сатуға қатысы бар деген Ерекешов Серікжанда жоғарылатып Талғар ауданы әкім етіп тағайындады. Содан кейін, Жомарт саяжайында жерлердің сатылуына бұрынғы әкімі Кәрібаевтың қатысы бар деп мен жемқорлыққа қарсы агенттікке, президентке арыз жаза бастаған кезде, Баталов оны қайтадан осы Ащыбұлақ ауылдық округіне әкім тағайындады. Облыс әкімінің бұл әрекетін заңсыз жер телімдерін сату әрекеттерін жасыру деп түсінді халық", - деп түсіндірді ол. 

Осылайша, Жан Шынғысов облыс әкімі отставкаға кетуін талап етіп, бұл тек өзінің ғана емес, халықтың ұсынысы екенін айтты. Шынғысовтың пікіріне қосылған адамдар болды. Олар да облыс әкімі халыққа жағдай жасай алмайтынын, жұмысын дұрыс атқармайтынын айтып шағымданған. 

"Баталовтың қолынан іс келмейді. Орнынан кетуін талап етемін. Сусыз, жарықсыз, жолсыз, табиғи отынсыз, мектепсіз, клиникасыз өз жерімізде жетімнің күйін кешіп жүрміз. Тіпті құжатсыз отырмыз. Қайда барамыз?  Осыларға көз жұма қарайтын әкімнің бізге керегі жоқ. Облыс әкімі көзін жұма қараған соң, аудан әкімі, прокуроры, бізді қайтсін? Заңды өздеріне ыңғайлы етіп жасап алған ба? Қаншама рет телеарналардан шығып зарлап жүрміз. Келіп хабар алмақ түгілі, не болып жатыр деп ойланбайтын әкімнің бізге керегі жоқ. Қолынан іс келетін адамға орнын босатсын", - дейді Шолпан Жұма. 

Алайда бұл сөзімен келіспейтіндер де бар. Солардың бірі белсенді Жанна Ахметова. Оның сөзінше, Баталов басқа аймақтардың әкімдерінен әлдеқайда тез әрі сапалы жұмыс істеп, халықтың жағдайын жасауда. 

"Соңғы бір жылда тек Алматы облысында ғана емес, барлық аймақтарда адамдар жұмыс таба алмай қиналды. Осыған дейін ешбір аймақта аз уақыттың ішінде көптеген баспана салынып, көбалалы, мұқтаж отбасыларға берілген емес. Бірақ Алматы облысы бұл тұрғыдан да үздік шықты. Тіпті бірнеше айдың ішінде көпбалалы отбасылар баспаналы болғанда, басқа облыстағы отбасылар көшіп келіп те жатты. Ешқандай аймақтың әкімі Амандық Баталов секілді мұндай жұмыс жасай алған жоқ", - дейді ол. 

Желідегілердің пікірі екіге бөлінді. Бірі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың әділдігі мен шыншылдығын айтса, енді бірі оны айыптап, отставкаға кетуін сұраған. 

Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысы білім басқармасының бастығы Майгүл Омарова ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды. Тергеу материалдары бойынша Майгүл Омарова 2020 жылдың қазан-қараша айларында жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 406 миллион теңгеге 2 522 дана ноутбук жеткізуге және пандемиямен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар аясында сатып алып, жеткізілген ноутбуктерді кедергісіз қабылдауға бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан

Естеріңізде болса, Алматы облысының ата-аналары әкімшілікке барып, балалары оқуға қажетті техникамен қамтамасыз етілмегенін айтып шу шығар еді. Алайда әкімдік бұл мәселе шешілді деп жауап берген. 

Дегенмен артынша балаларға берілуі тиіс техниканың қаражатын облысы әкімі қалтасына басқаны белгілі болды. Тінту іс-шараларын жүргізу барысында Алматы облысы білім басқармасының бастығы Майгүл Омаровадан 37 450 000 теңге сомасында қолма-қол ақша түріндегі заттай дәлелдемелер табылды. 

Талқылау