Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ноутбук бермеді": Алматы облысының ата-аналары әкімшілік алдында шу шығарды

Алматы облысының ата-аналары әкімшілікке барып, балалары оқуға қажетті техникамен қамтамасыз етілмегенін айтып шу шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде Алматы облысындағы ата-аналардың шу шығарған видеосы тараған. Бейнежазбада әкімшілік алдына жиналған бір топ ата-ана ғимараттың есігін ашуын талап етіп, жанталасқан. Бастапқыда ноутбук береміз деген әкімдік, артынша ойларынан айнып қалған көрінеді. Балалардың сабағы жақын арада басталатындықтан, ата-аналар әкімшіліктің есігін қағуға мәжбүр болған. 

"Халыққа қызмет көрсетіңіздер", "Есікті ашыңыздар", "Жауап беріңіздер", - деп шағымданды жиналғандар. 

Мәселеге қатысты облыс әкімінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Облыс әкімі шағымданушыларды қабылдап, сөздерін тыңдаған. Қазіргі таңда әр шағымданушының әлеуметтік жағдайы тексеріліп, мәселесі шешілуде. 

"Облыс әкімі наразылық танытқан ата-аналарды қабылдады. Әрбір шағымданушының әлеуметтік жағдайы жекелей тексеріліп, жұмыс жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл мәселе облыстық білім басқармасына табысталды. Тиісті тексерулерден кейін мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, қажетті техникалар тапсырылатын болады", - деп түсіндірді облыс әкімінің баспасөз қызметі. 



Ал облыстық білім басқармасы қазіргі таңда оқу жылына толыққанды дайындық жүргізіліп жатқанын айтты. Олардың сөзінше, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен топтардағы балаларды техникамен қамтамасыз ету үшін қосымша құралдар алынатын болады. 

"Алматы облысы білім басқармасы 2020-2021 жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізуде. Жалпы облыс бойынша компьютерлік құралдарға қажеттілігі бар аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мақсатында қосымша 75600 компьютер сатып алынып уақытша пайдалануға беріледі. Бүгінде сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін 12,5 млрд теңге қаралады. Қосымша мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алу жоспарлануда", - дейті Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Инжу Заманбек.

Талқылау