Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызымның жүкті екенін баласын туған соң ғана білдім": Алматы облысында оқушы екі рет зорланып, екі рет жүкті болған

Алматы полиция бөлімінің табалдырығын тоздырып жүрген Алматы облысының тұрғыны “қызыма зорлық көрсеткенмен қоймай, ақшасын да қолды қылған күдіктіні полиция ұстаған күні босатып жіберді” деп қапалы. Екінші ана қызының 16 жасында екі баланың анасы атанғанын және оның қаршадайынан бала бағып отыруына себепші болғандар қамауға алынбады. Қызымды бірнеше адам зорлаған деп ашынып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Сөздің шыны керек” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Құрбанкүл Худайқұлованың айтуынша, қызы 13 жасында, кейін 15 жасында тағы зорланды. Бірінші қылмысқа төрт адамның қатысы бар. Екінші қылмыстық істегі күдіктінің кім екені белгілі. Бірақ полиция оларды қамауға құлықсыз деп отыр. 

“Екі жағдайдан кейін де қызым сәбилі болды. Алғашқы жүктілігін білмей қалдым. Кейінгісінде қызым сәбиін сақтап қалғысы келді. Қайда барсам да қызымды кінәлі жасауға тырысады. Тіпті мазақтап кемсітеді”, – дейді қапалы ана. 

Айтуынша, қызының жүкті болғанын баласын туғаннан кейін ғана білген.

“9 айға дейін ештеңе білмегенмін. Ол кезде карантин уақыты болған. Шымкентке анамның туған күніне жібергенмін. “Екі айдан кейін қызыңыз ауруханада, босанып жатыр” деген хабар алдым. Төрт жігітті тапты. Олар кабинетке кіріп, моральдық тұрғыда бізге қысым көрсетті, мазақ қылды. Біз кейде ол жерде түнгі 1-ге дейін болатынбыз. Қолындағы баламен бірге сонша уақыт бізді ұстап отыратын”, – дейді ашынған ана. 



Құрбанкүл Худайқұлова бұған дейін де ақпарат құралдарына сұхбат берген. Бірақ саусағын шошайтып, сынайтындар да туыстарының арасынан табылғанын, тіпті жалдап тұрып келген пәтерімізден қуылдық, ешкім мені түсінбейді деген ана бел-әлпетін көрсетуге рұқсат бермеген.

Оның сөзінше, қызының екінші сәбиіне аяғы ауырлап, баланың әкесі кім екеніне дейін анықталғанымен күдікті жауапқа тартылмаған.

Оның үстіне жасөспірім қыз соққыға жығылған. Алайда іс материалдарында бұл факт дәйекпен тіркелмеген көрінеді. 

“Қыздың өзінің ұрып-соқты деген фактілері бар. Денесі көгерген. Полицияға арыз жазу барысында олар көгерген дене мүшелерін суретке түсіріп, қылмыстық іс-құжаттарына тіркеп, сараптама тағайындамаған. Денесіне келтірілген залалдың қаншалықты ауыр екенін, қандай сатыда екенін анықтаулары керек болған. Алайда қылмыстық іс-құжаттарының ішінде ешқандай да дерек жоқ. Қазір уақыты өтіп кетті ”, – дейді заңгер Ғабит Өмірбек.  

Құрбанкүл Худайқұлованың шағымына қатысты Алматы полиция департаменті бірінші іс бойынша жәбірленушінің бес адамнан күдіктенгенін, солардың бірінен балалы болғанын айтып шағымданды дейді. Барлық сараптамалық зерттеулер, оның ішінде геномдық сараптама өткізілсе де, ол адамдардың ешқайсысы баланың әкесі ретінде танылмаған. Ал жәбірленуші тараптың екінші шағымы бойынша іс Наурызбай аудандық полиция бөлімінің өндірісінде болған. Бірақ сараптамалық зерттеулер зорлық белгілері табылмағанын анықтаған. 

Екінші әйел де қызымды зорлаған адам жауапқа тартылмақ түгілі, полиция босатып жіберіпті деп ренжулі.

Алмалы аудандық полиция бөлімінің табалдырығын тоздырған келіншек өзін жәбірленушінің анасымын. Бірақ құжат жүзінде сенімді өкілімін, кішкентайынан бағып алған туысының қызы екенін айтады. 

Айтуынша, қыздары 18 ақпан күні жоғалып кетіп, өздері тұратын ауылдағы полиция бөліміне шағымданған. 

“Сағат 9 шамасында іздестіре бастадық, 10-дарда полиция шақырдық. Олар 11-ге таман келді. Іздестіру басталып кетті. Қызды келесі күні 19 ақпанда Алматы қаласынан таптық”, – жәбірленушінің анасы. 

Үйден жеті жүз мың теңге жоғалған. Ал қыз Алматыдағы сән салондарының бірінен табылыпты. 

“Сол жерде жаурап отырған жерінен қыздар кіргізіп, сұраған. Кейін хабарласып, қызды ол жерден алып кеттік. Бір күндік пәтерге апарып, ойына келгенін істеп тастап кеткен”, – дейді ана. 

Жәбірленушінің жақыны қыздың балалығы мен аңқаулығын пайдаланып, Алматыға апарып зорлап өзін тастап кеткен күдіктінің үстінен бірден шағым жазған. Сот медииналық сараптама да жасалғанымен күдікті қамауға үш айдан соң алынып, бірден босатылғанын айтады. 

Алматы полициясы да қамауға алынған күдіктінің де кәмелет жасқа толмағаны ескеріліп, үш сағаттан артық қамауда ұстай алмаймыз деп жауап берді. 

“Жасы 15-те. Оның да құқығы бар. Үш сағаттан артық ұстай алмаймыз. Барлық тергеу амалдары ата-анасының қатысуымен және қорғаушының қатысуымен болды. Оның үстіне сот медициналық сараптаманың ұйғарымына сәйкес зорлық белгілері табылған жоқ”, – дейді Алматы ПД өкілі Салтанат Әзірбек. 

Заңгерлер мен балалар құқығын қорқайтын құқық қорғаушылар зорлау дерегіне қатысты жәбірленуші ретінде танылған балалар ісі ерекше бақылауға алынып, тергеу ісі олардың қорғалуына басымдық беру керек деп ойлайды. 

“Бұл біздің қазақи менталитет қой. “Ұят болады, ешкім естімей-ақ қойсын, халық білмей-ақ қойсын” деп зорланған күйде қалып, әке-шешесі арыз жазуға рұқсат бермей отырған қаншама фактілер бар. Жеке ойым, қылмыстық іс тіркелген күннен бастап егер кәмелет жасқа немесе 14 жасқа толмаған қыз зорланса ол мүлдем күдіктімен, күдіктінің туыстарымен қарымқатынаста болмауы тиіс”, – дейді заңгер Ғабит Өмірбек. 

Талқылау