Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында 9-сынып оқушысының мәйіті табылды: Мектеп директоры мен орынбасары қызметінен кетті

Қызылорда маңындағы Белкөл кентінде №189 мектептің 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Қайғылы оқиғадан соң мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Polisia.kz

Жасөспірімнің қайтыс болуына байланысты облыстық білім басқармасының басшысы түсініктеме берді. 12 ақпан күні Қызылорда қаласы Белкөл кентіндегі медициналық амбулаторияға 2008 жылы дүниеге келген жасөспірімнің мәйіті жеткізілген.

Білім басшысының айтуынша, Қызылордаға қарасты Белкөл кентінде 12 ақпан күні түскі сағат 14:00 шамасында қайғылы жағдай тіркелді.

"Кенттегі медициналық мекемеге жеткізілген №189 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы қайтыс болды. Алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Мәлім болғаны, балалар арасында келіспеушілік туындаған. Оқиға көпқабатты үйдің подьезінің алдында болған. Қасында болған үш бала оны кенттегі медициналық мекемеге жеткізген. Тергеу амалдары негізінде қайтыс болған баланың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтер анықталады", — деді Асқарбек Есжанов. 



Облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен әкім орынбасары, қала әкімі, білім басқармасының басшысы қайтыс болған баланың отбасына барды. 

"Біз, білім саласының мамандары әр баланың өміріне жауаптымыз. Қайғылы оқиғадан кейін тәрбие жұмысын әлсіреткені үшін мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен кетті. Облыс басшылығы кейінгі екі жылда балалардың тәрбие мәселесіне қатаң мән беріп келеді. Кеңейтілген деңгейде жиналыстар өткізілді. Семинарлар, оқулар ұйымдастырылып жатыр. Білім саласындағы тәрбие жұмыстарын одан әрі күшейтеміз", — деп толықтырды басқарма басшысы.

Еске салайық, Шымкентте мектеп оқушысы сабақ үстінде қаза тапқанын жаздық. Сегізінші сынып оқушысы өзіне қол жұмсады деген нұсқа бар. Оқиға қаладағы жекеменшік оқу орындарының бірінде болған. 14 жастағы оқушы сабақ үстінде қатты ауырып, есінен танып қалған. Мәліметтер бойынша, оқушы қыз сабақ уақытында сұранған, бірақ мұғалім оны жібермеген. Салдарынан жедел жәрдем келгенше қыздың жүрегі тоқтап қалған.

Талқылау