Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қиындықты бөліспесек, несіне доспыз": Музыкант Байғали Серкебаев сотқа Қайрат Боранбаевты қолдауға не себепті келгенін түсіндірді

Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысына белгілі қазақстандық музыкант, танымал A'Studio тобының негізін қалаушы Байғали Серкебаев келді. Ол сотталушыны жақтап неліктен өз пікірін білдіруге шешім қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Серкебаев Боранбаев коллаж

Байғали Серкебаевтың айтуынша, ол Қайрат Боранбаевты бұрыннан танитын және оны өзінің досы санайтындықтан, Астанадағы сот отырысына келуді қажет деп тапқан.

"Біз Қайрат Боранбаевпен жиырма жылдан астам доспыз, мен оның отбасын білемін, мен Қайратты үлкен меценат, көптеген өнер адамдарына, спорт қайраткерлеріне қолдау көрсететін адам ретінде білемін. Паралимпиадалық спортшылардың алға шығуына оның сіңірген еңбегін бәріміз жақсы білеміз. Оның қарапайым халыққа қаншама жақсылық жасағанын мен ғана білемін. Ол біреуге көмек қолын созбай жүре алмайтын", –  дейді Серкебаев.

A'Studio тобының жетекшісі іс бойынша куәгер болып, сотталушының сипаттамасын бергісі келетінін, бірақ сот оның куә ретінде сөз сөйлеуіне рұқсат бермегенін атап өтті. Ол сондай-ақ Алматы мен Астананың арасына күнделікті ұшып келуі қажет болуына қарамастан бұл процеске қатысуға және Қайрат Боранбаевты қолдауға дайын екенін жеткізген. Музыкант сотқа өз еркімен келген.

"Досың қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісе алмаса, оның несі дос?! Сондықтан мен досымды қолдау үшін келдім", – дейді Байғали Серкебаев.

Еске салып өтейік, сот қаржы жымқыру бойынша істі қарап жатыр. Тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ, сондай-ақ Ибулла Серді"AsiaGaz Chundzha" ЖШС арқылы бақыланатын "Qazaq Gaz" ұлттық компаниясының (бұрынғы "ҚазТрансГаз") газды жеткізу кезінде қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық схеманы жүзеге асырған. Одан кейін 14,5 млрд теңге көлеміндегі ұрланған қаражат заңды кәсіпкерлік қызметтен түскен дивидендтерді бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған.



Бұған дейін сотта айыптаушы тараптың куәгерлерінен жауап алынған болатын. "Qazaq Gaz" АҚ-ның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері келісімшарттардың қалай жасалғаны туралы айтып берген.

Енді сот қорғаушы тараптан жауап алуға кіріскен. Олардың арасында газ саласына еш қатысы жоқ, бірақ Боранбаевты жақсы жағынан сипаттап, қолдауға келген белгілі тұлғалар болды.

Бұған дейін сот отырысына Қайрат Боранбаевты қолдауға қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов келген. Бекмамбетов сотқа қорғаушы тараптың куәгері ретінде қатысқан.

Боранбаевты 15 наурызда Алматыда қаржы мониторингі агенттігінің орталық аппаратының қызметкерлері ұстады. 16 наурызда ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. 17 наурызда белгілі заңгер, жер құқығы жөніндегі сарапшы Бақытжан Базарбек Алматының экс-әкімі мен "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Боранбаевтың жер алаяқтығы туралы күдіктерімен бөліскен. Дәл сол күні Қайрат Боранбаевтың ұсталғаны ресми расталды.

Қайрат Боранбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның келіні болған Алима Боранбаеваның әкесі. Боранбаев Esentai Mall және Esentai Tower акцияларына иелік етеді. Оның байлығы 590 миллион долларға бағаланады. 

Талқылау