Келесі жылдан бастап "әліппе" латын қаріпіне ауыса ма: Білім министрлігі түсіндірді
Білім және ғылым министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлы келесі жылдан бастап әліппе қайта енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, жаңа әліппе кирил қаріпінде болады. Оны латын қаріпіне бірден көшіру мүмкін емес екенін, бәрі біртіндеп жүзеге асатынын айтты ол.
"Біздің алдымызда тұрған мақсат - әліппемізді тезірек оқу бағдарламасына енгізу. Келесі жылдан бастап, әліппемізбен оқи бастаймыз. Келесі жылдан енгізілетін әліппе кирил қаріпінде болады. Латын әліппесіне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асады. Ол біртіндеп енгізілетін болады", - дейді Аймағамбетов.
Оған қоса министр ерекше балалармен жұмыс жасайтын мұғалімдердің жалақысы туралы айтты.
"Педагогтер ерекше білімді қажет ететін балаларға білім бергені үшін де базалық жалақыдан 40% дейінгі мөлшерде қосымша ақы алады. Пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдер де базалық лауазымдық жалақыдан 200%-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алады", - дейді министр.