Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтелеком: Жұмысшы үйіне аман-есен келуі керек

«Қазақтелеком» жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жаңа деңгейге көтерді. Қауіпсіздік шараларын күшейтуді көздеген компания барлық басшыларды осы іске жұдырықтай жұмылдыру үшін арнайы мәмілені бекітті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Астанада "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиын өтті. 

"Еңбек қауіпсіздігі – біздің компания үшін басты мәселелердің бірі. Биыл "Самұрық-Қазына" қорының тобына кіретін компаниялар арасында еңбек қауіпсіздігі жылы деп жарияланды. Жуырда Health&Safety форумы өтті. Шара барысында "Самұрық-Қазына" қорының тобына кіретін 13 ірі компания Health&Safety аясындағы міндеттемелерді ерекше бақылауға алу бойынша мәміле жасасты. Енді осындай мәмілені біз өз компаниямыздың ішінде бекіттік. Қызметкерлердің қауіпсіздігі әрбір бөлім басшысының жауапкершілігі", – деді "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Осылайша еліміздің ірі телеком операторы бірте-бірте компанияда еңбек ететін жұмысшының әрбірін қауіпсіздік қорғаушысы етпек. Ол үшін арнайы желі құрылған, өз жұмысына бейжай қарамайтын әр қызметкер осы желі арқылы хабарландыру қалдырып, оның шешілгенін талап ете алады. Осы жауапкершілігі үшін белсенді қызметкерлер бағалы сыйлықтармен марапатталып отырады. Жиын барысында осындай жауапты жұмысшылардың бір тобы компания басшысының қолынан марапатқа ие болды. "Қазақтелекомдағы" бұл тәжірибе тұрақты болады. "Самұрық-Қазына" қорының басқа компаниялары үшін үлгі бола алады.

«Біздің қызметкерлердің жұмысы оңай емес, биіктікте, көп жағдайда тоқпен жұмыс істейді. Қауіпсіздікті сақтау әрқайсысымыз өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан да төтенше жағдайдың болғанын күтіп отырмай, оның алдын алған жөн. Алда үлкен міндет тұр, бірлесіп жұмыс істейік», – дейді басқарма төрағасы. 

"Қазақтелеком" компаниясы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлер үшін жаңа тәртіп енгізіп отыр. Егер жұмысшы еңбек жағдайы қауіпті деп есептеген жағдайда жұмыстан бас тартуға құқылы.

"Бүгін "Қазақтелеком" еңбек қауіпсіздігі саласындағы көшбасшылық жолында үлкен қадам жасады, – деп атап өтті "Самұрық-Қазына" АҚ еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік секторының басшысы Ербол Елекеев. – Біз мұндай кездесулердің тәжірибелік маңызы жоғары болады деп үміттенеміз. Біздің мақсатымыз – нөлдік жарақаттануға қол жеткізу, апатсыз өндіріс жағдайын қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қызметкерлердің санасына сіңіру. Қызметкерлерді ынталандыру бағдарламаларын енгізу – осы мақсатқа жетудің маңызды құрамдас бөлігі", – дейді ол.

Сондай-ақ, "Қазақтелеком" көлік жүргізушілерге арналған арнайы курстар өткізуді жоспарлап отыр, себебі жол көлік оқиғалары өндірістік жарақаттанудың бір бөлігін қамтып отыр. Енді қызметтік көліктер IVMS жүргізуді бақылау бойынша мониторингтің борттық жүйесімен қамтылады.

Компанияның персонал жөніндегі басқарушы директоры Берік Битабаров қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесіне қызметкерлерді де, басшыларды да тартудың маңыздылығын атап өтті.

"Жұмысшылардың қауіпсіздігін қамту бойынша біздің компания биыл және алдағы жылдарға арналған нақты міндеттерді анықтады. Оның ішінде еңбек қауіпсіздігін қамтуда қатаң бақылау және мониторинг жасау, тоқсан сайын кемінде бір рет аудит жүргізу және төтенше жағдайдың алдын алу шараларын өткізу қолға алынады. Әрбір қызметкер мен әрбір басшы нөлдік жарақаттануға қол жеткізу бағдарламасының маңыздылығын түсінуі қажет. Біздің әрбір қызметкеріміздің үйге аман-есен оралуы біз үшін өте маңызды. Тек көшбасшыны тарту арқылы біз бұған қол жеткізе аламыз. Басшы әрбір жиналысты техникалық қауіпсіздік мәселесінен бастауы тиіс”, – деді Берік Битабаров журналистерге берген сұхбатында.

Мұнымен қоса ол биыл компанияда техника және өрт қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша бірнеше іс-шара өткенін алға тартты. 

Талқылау