Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның көрікті жерлері: Біз жуырда ғана ашқан 5 керемет орын

Қазақстан көрікті орындарға бай, оған әлеуметтік желілерде тұрғындар түсіріп, орналастырған суреттер де куә. Биыл карантинге байланысты отандық саяхатшылар еліміздің туристік әлеуетін бағалап, ең тартымды жерлеріне лап берді. Stan.kz тілшісі туристік әлеуеті зор, бүкіл әлем туристерін тарта алатын Қазақстанның жаңа бес орнына шолу жасады. 

Көбейтұз

Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлі осыдан бірер уақыт бұрын кенет танымал болды. Көлдің тұзы дертке шипа екені бұрыннан айтылып жүрген болатын, жұртты таң қалдырғаны – бірнеше жылда бір рет қызғылт түске боялатыны. Көл теңіз деңгейінен 253 метр биіктікте орналасқан. 

Көлге ерекше қызғылт реңк беретін судағы дуналиелла атты су балдыры екені белгілі. Өкінішке орай, биыл жазда жергілікті жұрт пен туристер көлдің тұзы коронавирусқа ем болады деген желеумен көлдің тұзын қапшықтап алып жатты. Мамандардың айтуынша, енді қайтадан көлдің микроклиматы орнына келуі үшін кем дегенде 15 жыл өтуі тиіс. 

Бір сөзбен айтқанда, қара дақтарға айналған шұңқырлардың орны тез тола қоймайды. Осылай жалғаса берсе, көлдің бірегей түсі бірте-бірте жойылуы мүмкін. Көбейтұз маңындағы дау тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жетіп, президент жауапты орындарға көлдің қорғалуын ерекше бақылауға алуды тапсырды. 

Жергілікті тұрғындар тұзды көлді бұрыннан білетін көрінеді. Бұл маң Бөгенбай батырдың ұрпағы, Жылқыбайдың баласы Көбейдің жайлауы ретінде танымал болған екен. Көл атауының тарихы сол кісімен байланысты. Айта кетсек, Павлодар облысындағы Коряковка көлі де қызғылт түске боялады екен. Жұрт емдік қасиетке ие деп тұзын тасып жатқан Көбейтұз шомылуға жарамсыз, өйткені таяз. 

 

Селетский шатқалы

Ел астанасына жақын жерде Бестөбе поселкісінің маңында бірегей су қоймасы бар. Бұл көрікті орын елордадан 120 шақырым жерде орналасқан. Шатқалдың ортасында ағып тұрған судың жағасының тіктігі соншалық, қыс мезгілінде қауіпсіздік үшін бармаған дұрыс. 

Жуырда танымал тележүргізуші Динара Сәтжан өзінің әлеуметтік желілерінде Селетский шатқалына барғанын айтып бөліскен. Содан кейін табиғаттың көрікті орнын тамашалаймын деушілер саны өскен. Салдарынан келген қонақтар артынан қоқыс-қалдықтар қалдырып, оны жергілікті жұрт жинауға мәжбүр екен. Су қоймасының маңындағы плотинада шортан, алабұға сияқты балық түрі мекендейді. 

 

Подбелковое көлі

Тағы бір көрсе, көз тоятын орындардың бірі - Шығыс-Қазақстан облысындағы Радон немесе Подбелковое көлі. Көл Риддерден 30 шақырым, Поперечное ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан. Алтай тауларының баурайында орналасқан бірегей көл туралы танымал трэвел-блогер Нұржан Алғашов өзінің әлеуметтік желілерінде жазды. Блогер Подбелковое көлі де Көбейтұз тағдырын қайталайды деп уайымдайды. Көлдің суы емдік қасиетке ие деп есептелінеді. Кезінде бұл жерде радон қазбалары табылған болатын. 

 

Текес сарқырамасы

Соңғы уақытта Алматының маңында түрлі табиғи орындар көпшіліктің назары үшін ашылды. Текес сусарқырамасы Кеген ауданында Алматыдан 250 шақырым жерде орналасқан. Текес өзенінің бастауы елдің оңтүстік-шығысында, Қытай мен Қырғызстанның шегарасына жақын жерде жатыр. Сарқыраманы көріп қайтқандардың айтуынша, көзден таса жерде орналасқан әдемі орынның өз атмосферасы бар. 

 

Қызылқұп шатқалы

Атақты National Geographic өзінің инстаграмында Маңғыстау облысындағы Қызылқұп шатқалының суретін орналастарған болатын. Қызылқұп шатқалын National Geographic пен NY Times Magazine-нің фотосуретшісі George Steinmetz түсірген. "Теңіз деңгейінен төмен орналасқан теңіз шөгінділері Қазақстанда орналасқан. Бұл көрініс мені қатты таңғалдырды", - деп жазады фотосуретші.

Қызылқұп шатқалы Маңғыстау облысындағы Маңғышлақ түбегінде орналасқан. Оның ұзындығы шығыстан батысқа дейін 10 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке дейін 8 шақырымға созылады. 

 

 

Талқылау