Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы емханалардың несиелік берешегі 100 миллиард теңгеден асты – Сенатор

Қазақстандық медицина ұйымдарының несие берешегі 100 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы сенат депутаты Ақмарал Әлназарова айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенатор мәліметінше, республикадағы көптеген медициналық ұйымдар соңғы үш жылда қаржылық қиындыққа тап болған. 

"Биылғы 11 желтоқсанда парламент сенатының төрағасы және сенаттың бірқатар депутаты Өскеменде облыс басшылығымен және облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізген болатын. Онда Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау ұйымдарындағы күрделі қаржы ахуалына қатысты мәселелер айтылды. Мәселен, облыстағы 13 ұйымда 6 миллиард теңгеден астам, оның ішінде еңбекақы төлеу қоры бойынша 1,3 миллиард теңгеден астам сомасында несие берешегі қалыптасқан", - деп мәлімдеді Әлназарова өзінің депутаттық сауалында.

Депутаттың айтуынша, 2023 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша 619 медициналық ұйымның кредиторлық берешегі 109,6 миллиард теңгеге жеткен. Сондықтан медициналық ұйымдар тиімсіз шығындарды ғана емес, халыққа көрсетілетін қызмет көлемін де қысқартуға мәжбүр. Өйткені медициналық қызметтердің тарифі нақты шығынды жаба алмайды.

"Тек есептелген кредиторлық берешектің көлемі 2021 жылдан бастап екі есе көбейіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 100 миллиард теңгені құрады. Бұл саланы қаржыландыру көлемінің 2,5 есе өсуіне қарамастан болған жағдай. Сондай-ақ кейінгі үш жылда халықтың қалта шығыны да күткендегідей азая қоймады",- деді сенатор.

Сенатор медициналық ұйымдардағы бұл қаржылық проблемаларды денсаулық сақтауды стратегиялық жоспарлаудағы кемшіліктермен байланыстырды. Сонымен қатар, медициналық қызметтер номенклатурасының болмауы шығыстарды бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігінен туындап отырған мәселе екенін атап өтті. Сенатор осыған байланысты жағдайдың себебін талдап, медициналық ұйымдардың берешегін төмендету және қаржыны пайдалану тиімділігін арттыру үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдауды сұрады.
 

Талқылау