Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жазда аптап ыстық болады: Министрлік дабыл қақты

Қазақстандықтарды жазда аптап ыстық күтіп тұр. Сол себепті министрлікті орман шаруашылығында өрт шығу қаупі жоғарылағаны алаңдатып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аптап ыстық мезгілінде орман шаруашылығына төнетін қауіпті мәлімдеді.

"Қазгидрометтің болжамы бойынша, биылғы жаз ыстық болады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау үшін барлық шараны қабылдауы керек", – деді министр үкімет отырысында.

Жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 32 орман өрті тіркелді.

Оның айтуынша, ел өз күштері мен құралдарын толық жауынгерлік дайындыққа келтіріп, мемлекеттік орман қоры аумағында ірі орман өрттерінің алдын алуға кірісті.


"Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі": Тоқаев төтенше жағдайлар саласындағы олқылықтарды атады


Бөлінген қаржы қажеттілікті толық өтей алмайтынын айтқан министр үкімет басшысынан көмек сұрады.

"Құрметті Олжас Абайұлы, осы маңызды мәселені шешуге көмектесуіңізді сұраймын. Қосымша 11 млрд теңге қажет”, – деді министр.

Нысанбаевтың айтуынша, өрт сөндіру техникасының 75 бірлігі жарамсыз, 314 көліктің 132-сі есептен шығарылуы керек. Бұл – бүкіл автокөлік паркінің 42%-ы.

Сонымен қатар ол орман күзетшілерінің жетіспейтінін де айтты.

"Өткен жылдағыдай бұл өзекті мәселе. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында орман күзетшілерінің санын стандартқа дейін арттыру мәселесі шешілген жоқ", – деді министр.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев та жаз мезгілі құрғақ, биік шөп өсетінін баса айтты.

"Өрт қаупі жоғары. Қазір министрліктің басқару орталығында жедел топ тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Былтырғыдай өрттің алдын алу және ертерек анықтау басты назарда", – деді Тұрсынбаев.

Еске сала кетейік, былтыр 9 маусым күні таңертең өрттің ауданы шамамен 30 мың гектар болды. Алайда кешке оның ауданы 60 мың гектардан асты. Семейде өртке байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. 9 маусым күні кешке президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысына өрт орнына баруды тапсырды. Сонымен бірге 9 маусым күні кешке үш адам қайтыс болғаны белгілі болды. Ақпарат көзінің хабарлауынша, техника жетіспеген, өрт кеш сөндіріле бастаған, өрттің таралуы туралы қате болжам жасалған. 

Талқылау