Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда полицейлердің жалақысы өседі

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру басталғаны туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ол алдағы үш жылда полицейлер мен ұлттық ұлан әскерлерінің жалақысы артатынын айтты. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру басталды. 2021-2023 жылдар аралығында полиция мен ұлттық ұлан әскері қызметкерлерінің жалақысы өседі", - дейді министр. 

Сонымен қатар, министр ішкі істер қызметкерлерінің жалақысын көбейтудің алғашқы кезеңі қалай жүзеге асатынын түсіндірді. 

"Бірінші кезеңде аз қамтылған сержанттар, учаскілік полиция көмекшілері, күзет және басқа да қызметкерлердің жалақысы 15 пайыздан 35 пайызға дейін көтеріледі. Себебі, олардың жалақысы өте төмен. Қалған қызметкерлердің жалақысы осы кезеңде 30 пайызға дейін өседі", - дейді Тұрғымбаев. 

Сонымен қатар, Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлерінің зейнетке шығу жасын көтеру мәселесін зерттеп жатқанын айтты.

"Біздің тәжірибелі және кәсіби полиция қызметкерлерінің көбі 45-55 жасында қызметтен кетуге және зейнетке шығуға мәжбүр. Олар қазір әртүрлі коммерциялық құрылымдарда жұмыс істейді. Біз зейнетке шығу мәселесін көтеріп жатырмыз", - деді Тұрғымбаев.

Мысалы, олар негізгі мамандықтар бойынша зейнеткерлік подполковниктер үшін - 55, полковниктер үшін 58 және жоғары басшылық үшін - 63 жасқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Талқылау