Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанда орыс тіліне деген қажеттілік артуда": Путин қазақстандық газетке сұхбат берді

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға сапары қарсаңында "Казахстанская правда" газетіне сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Путин

Журналистпен әңгімелесу барысында Ресей президенті Тоқаевпен достығы, орыс тілінің мәртебесі туралы айтты.

"Қасым-Жомарт Кемелұлымен біз бірден достасып, жақын қарым-қатынас орнаттық. Екеуміз де бір заманның адамдарымыз және өз мемлекеттеріміз үшін барлық жауапкершілікті бірдей сезінеміз. Еліміздің дамуы үшін, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Біз үнемі қоңырау шалып, хабарда отырамыз. Мұның бәрі Ресей-Қазақстан байланысының жоғары деңгейін көрсетеді", – деді Путин.

“Орыс тілі – ортақ байлығымыз”

Оның айтуынша, орыс тілі екі елге де ортақ және Қазақстан мен Ресейді байланыстырып тұрған нәрсе.

"Орыс тілі – біздің ортақ байлығымыз. Қасым-Жомарт Тоқаевқа орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру бастамасы үшін ризамын. Бұл біздің халқымызды одан әрі жақындастырады”, – деді ол.

2022 жылы ресейлік жоғары оқу орындарында, оның ішінде олардың шетелдік филиалдарында 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқыды.

"2023/2024 оқу жылында үкіметтік квота бойынша оқу орындарының санын 200-ге арттырдық. Қазақстандағы Ресей жоғары білімінің флагманы –  Ломоносов атындағы ММУ филиалы. Ресейлік үлгідегі диплом алған жастар кез келген салада сұранысқа ие”, – деді Путин.

Оның айтуынша, Қазақстандағы ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары жақсы жұмыс істеп тұр. Ол Қазақстанда орыс тілін үйрену, орыс тіліне қажеттілік өсіп келе жатқанын айтады. Сондықтан орыс тілді мектептерді салу және олардағы білім сапасын арттыру мәселесін назарда ұстайтынын айтты.

“Орыс әдебиетінің классиктерінің шығармасын қазақ тіліне аударған қазақ халық ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбаев "жамандықтың алдын алып, жақсылыққа жету үшін орыс тілі мен орыс мәдениетін үйрену қажет" деген еді. Ол орыс тілін "өмірдің кілті" деп атады", – деді Ресей басшысы.



Ресей 18 қаңтарда қол қойылған "Газпром" мен үкіметтің газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі "Жол картасына" сәйкес,  солтүстік және шығыс аудандарды газдандыруға көмектесуге дайын.

Қазіргі уақытта тиісті газ тасымалдау инфрақұрылымын жөндеудің әртүрлі нұсқалары пысықталуда.

1 қарашада Санкт-Петербург халықаралық газ форумында “Газпромның" басшысы Алексей Миллер және премьер - министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр газды геологиялық барлауды, өндіруді, өңдеуді, жеткізуді және тасымалдауды көздейтін стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

“Росатом АЭС-ті салып беруге дайын”

Путин Қазақстан мен РФ бірге уран және тау-кен өндіру салаларын дамытып, сондай-ақ ядролық-отын циклі мен бейбіт атом саласындағы жобаларды табысты іске асырып жатқанын айтты.

"Қазақстан басшылығы өз аумағында атом электр станциясын салу мәселесін қарастыруда. Егер осы жобаны іске асыру туралы шешім қабылданса, "Росатом" мемлекеттік корпорациясы ең жоғары экологиялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, ең озық технологияларды пайдалана отырып, тиісті жобаны әзірлеуге дайын. Бұл Қазақстан экономикасының энергиямен қамтамасыз етілуін арттырады, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін береді", – деді Путин.

Путиннің Қазақстанға келудегі мақсаты

Владимир Путиннің сапары аясында екі ел президенттерінің келіссөздерін өткізу жоспарланып отыр, оның барысында Қазақ-Ресей стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелері талқыланады.

Президенттер бейнеконференцбайланыс режимінде Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады.

9 қарашада Путин Қазақстанға келеді. Премьер-министр ол неге келетінін айтты. 

Талқылау