Қазақстанда электрсамокат тебетіндер енді жылдамдықты асыра алмайды
Қазақстанда электрсамокатқа қатысты жаңа стандарт енгізіліп жатыр. Соған сәйкес, электрсамокат жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін шектелмек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері екі дөңгелекті қозғалыс құралының кесірінен 41 жол апаты тіркеліпті. Бұл көрсеткіш былтырғыдан қарағанда көп. Көңіл көншітпейтін статиска ішкі істер министрлігі мен Қазақстанның стандарттау институтын ойландырса керек. Олар самокатты қолдану ережелерін әзірлеуді қолға алды.
Әуесқойлар арнайы жолдардың жоқтығын айтып арызданып та шаршаған. Бірақ соның өзінде самокат пайдаланатындар саны жыл сайын артып келеді. Ішкі істер министрлігі екі дөңгелекті қозғалыс құралына қатысты арнайы ережені енді қабылдауға көшті.
“Электрсамокатқа біз қатаң жүрмейді деген сияқты сауал қоймаймыз. Бірақ қолданыста жүрген кезде сол самокат қауіпсіз жүре алатындай қылып жағдай жасаумыз керек. Веложолдарға осы электрсамокат жүруге рұқсат беріп жатырмыз”, – дейді әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев.
Веложолдар болмаса, самокаттар жаяу жүргіншілер жолымен жүріп, тіпті автожолға шыға алады. Бастысы қауіпсіздікті сақтап, белгіленген жылдамдықты асырмаса болғаны. Қыркүйектен бастап арнайы ереже қабылданса, самокат тебетіндер сағатына 25 шақырым ғана жүре алады.
Жаңа стандартқа сәйкес, тағы бірнеше талап ескерілуі тиіс.
“Стандарттың осы аясында оны әкелу, қандай қаптама болуы керек, ішінде қандай нұсқаулық болуы керек, сондай мәселелер жазылады. Каска болу керек. Жүргізушіні қорғау. Бойына қатысты, оның салмағына қатысты және жасына қатысты, оның барлығын өндіруші нұсқаулықта жазуы керек”, - дейді "Доңғалақты көлік құралдары және ауыл шаруашылығы машиналары" стандарттау жөніндегі №87 техникалық комитеттің төрағасы Ербол Сейпілов.
Астанада самокат саны Алматымен салыстырғанда едәуір аз. Ал оны жалға берумен айналысатындардың есебінше, 10-15 минуттық қашықтықта күніне 2000-дай адам ғана тебеді екен. Басты проблема – самокат тебетіндердің мәдениетсіздігінде. Құрылыс нысандары аумағында қалдырып кетуден бөлек, ұрлап, темір-терсекке тапсыратындар бар. Соңғы кезде бір самокаттың үстінде қосарланып жүретін адамдар жиілеген.
“Сол бір самокатқа бірнеше адамның мінуі кесірінен бұзылып жатады. Тіпті ортасынан қақ айырылады. Негізі өйтуге болмайды. Тыйым салынған. Жарайды, сынып қалғаны былай тұрсын, ол қауіпті”, – дейді жалға беретін компания өкілі Рүстем Әменов.
Көліктің бұл түрін Алматыда көп тебеді. Жол ережесін бұзатындардың көбі осы қалада. Былтыр бір алматылықтың ажалы осы екі дөңгелекті қозғалыс құралынан болды. Қазақстанда 2021 жылы – 68, биыл, алты айдың ішінде 41 жол-көлік оқиғасы орын алған.
Егер жаңа ереже бекіп, ондағы стандартты біреу-міреу бұзса, жаза қарастырылмаған. Айыппұл да әзірге құжат жүзінде жоқ. Тек оқыс жағдай болғанда ғана жауапқа тартылады.
Урбанистер бұл электрсамокаттарға қатысты ұлттық стандартты енгізу жақсы өзгерістерге алып келеді деп сенеді. Мәселен, экологияға зиян келтірмейтін қозғалыс құралына арнап жол салынуы мүмкін.
Еске саалсақ, осыған дейін елімізде электросамокаттарды пайдаланудың бірыңғай ережесі енгізілетіні туралы жазған болатынбыз.