Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

+7 телефон кодын бірлесіп қолдану: Қазақстан мен Ресей қандай кодтарды пайдаланады

Қазақстан мен Ресей өкілдері 7-ші әлемдік нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik

Қол жеткізілген келісімге сәйкес, диапазондарды бөлу келесідей:

  • Қазақстан +7 0, +7 6, +7 7;
  • Ресей – +7 2, +7 3, +7 4, +7 5, +7 9 кодтарын қолданады.

Қазақстан 2021 жылы өзінің +997 халықаралық телефон кодын сақтап қалған еді. Байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін талқылау барысында, оған көшу мүмкін екені айтылды. Бірақ бірқатар қаржылық және технологиялық мәселелер туындайтыны анықталды.



Сонымен қатар, отандық байланыс операторларының барлық абоненттері мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаларды алу үшін өз деректерін жаңартуы қажет болады. Осыған байланысты көшу кезеңінде ақаулар мен жағымсыз тәжірибенің ықтималдығы жоғары.

Осыған байланысты, азаматтардың ыңғайлылығы үшін Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықаралық электр байланысы одағымен қайта келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ресеймен бірге телефон коды +7 нөмірін бірлесе пайдалану туралы келісім жобасын мақұлдағаны туралы жазған едік. 

Талқылау