Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ тілді аудиторияны аттап өтуге болмайды": Танымал "Пинта" мейрамханалар желісі тіл мәселесіне қатысты даудан кейін көптің сынына ұшырады

Әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстандағы танымал "Пинта" мейрамханалар желісін қазақша ән қосуға тыйым салғаны үшін қатаң сынға алды. Желідегі даудан кейін мекеме өкілдері ресми пікір білдірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

пинта

Желі қолданушыларының бірі мейрамхананың желідегі парақшасында қазақ тілінде ән қосылмайтынын айтып, шағымданған. Бұл пікірге жауап берген мейрамхана желісінің өкілдері мұны "мекеменің концепциясы" деп атады. 

"Пинта – өзінің концепциясы бар мейрамханалар желісі. Концепциямыздың аясында тек ағылшын тіліндегі музыка қарастырылады, ал орысша әндер тек аңда-саңда ғана. Біз әр қонақты сыйлаймыз және мемлекеттік тілге құрметпен қараймыз", – деп жазған "Пинта" желісінің өкілдері. 

Сонымен қатар желі қолданушылары "Музыканты Пинты" деп аталатын чатта жасалған келесі скриншотпен бөлісті. Мұнда мейрамхана әншілеріне арналған хат бар. Дегенмен бұл чаттың расымен музыканттарға арналған немесе арналмағаны әзірге белгісіз. 

"Қазақша әндерді бұрынғыдай айтпаймыз. Егер қонақтар сұраса немесе талап етсе, плей-листте қазақ тілінде ән жоқ екенін айтыңыздар. Әрі қарай сөйлесу үшін директорды шақыру керек. Ән айтуға тыйым салынған деуге де болмайды", – делінген хатта. 

Бұдан соң көпшіліктің наразылығынан соң мейрамханалар желісінің парақшасында пікір қалдыру тетігі бірнеше күнге өшірілген. Қазақ тіліне қатысты даудан кейін тележүргізуші Нұржан Еркінұлы жазба жариялап, бұл туралы өз пікірін білдірді. 

"2023 жылы Қазақстанда бұрынғыдай өмір сүруге болады деп ойлау өте қызық жағдай. Қаңтардан кейін, соғыстан соң және Мухоряповпен болған даудан кейін де. Жарайды, сіздер қазақша сөйлемейсіздер және өз "әлемдеріңізде" өмір сүресіздер, дегенмен сіздерді қоршаған адамдар арасында мемлекеттің өзгергенін, қоғамның басқа екенін айтатын жан болмады ма? Қазақ тілді аудиторияны бұрынғыдай аттап өтуге болмайды. Бұл аудиторияның қалауын ескермей бизнес құру мүмкін емес. Бұрын болған нәрсе енді жүзеге аспайды. Біз тілдерді білеміз, бірақ әрі қарай "қазақ тілі сәнде емес" дегенге көз жұма қарай алмаймыз. Мұны русофобия немесе ұлтшылдық деп айтсаңдар да бәрібір. Біздің өз тіліміз бен мәдениетіміз бар", – деп жазды ол Instagram-парақшасында.



Ал кей желі қолданушылары "Пинта" мейрамханалар желісіне "бойкот" жариялауды ұсынды. 

"Пинта дәмханалар желісінің әкімшісі Бауыржан деген жігітпен сөйлесіп едім. Мемлекеттік тілде ән айтуға жалпы шектеу жоқ дейді. Алайда репертуарды келіп-кететін әншілер өздері таңдайды екен. Онда біз де ең әсерлі әрекет жасайық, ол – қалтадан ұру. Демек барлық қазақ тілді отандастарды "Пинта" желісіне (Алматы, Астана, Атырау, Өскемен, Семей,  Тараз, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау,  Орал, Қостанай, Рудный, Теміртау) бармай тұруға шақырамын. Көрейік орыс тілді әндерді кімге айтатындарын", – деп жазды Жандос Өстемір есімді Facebook-қолданушысы. 

Әлеуметтік желідегі сыннан кейін мейрамханалар желісі ресми пікір білдіріп, мекеменің "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" заңды сақтайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ойын-сауық бағдарламалары екі тілде – орыс және қазақ тілдерінде жүретінін айтты.

"Қонақпен және қызметкерлермен барлық ішкі және сыртқы байланыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі, атап айтқанда: мәзір, жарнамалық құралдар, әлеуметтік желілер және оқыту құралдары. "ПИНТА" мейрамханаларында музыкалық ойын-сауық бағдарламасы да екі тілде жүргізіледі. Орындаушы музыканттар мен диджейлердің репертуарында танымал қазақ тіліндегі әуендер де бар. Біздің барлық қонақтарымыз бен әлеуметтік желілердегі жазылушыларымыз қызмет пен кері байланысты өздеріне ыңғайлы тілде ала алады", – делінген ресми хабарламада. 

Дегенмен желі қолданушыларының сөзінше, мейрамханалар желісінің парақшасы тек бірнеше күн бұрын ғана қазақ тілінде ақпарат тарата бастаған. Әрі қазақ тілінде жарияланған жазбалардың 1 апта бұрын ғана салынғанын байқауға болады. 

Талқылау