AAPL
144.84 $
0.75 %
TSLA
843.03 $
3.02 %
NDAQ
203.02 $
1.19 %
GOOGL
2827.36 $
0.15 %
FB
324.76 $
-1.15 %
FRHC
63.3 $
-1.45 %
AAPL
144.84 $
0.75 %
TSLA
843.03 $
3.02 %
NDAQ
203.02 $
1.19 %
GOOGL
2827.36 $
0.15 %
FB
324.76 $
-1.15 %
FRHC
63.3 $
-1.45 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қыз зорлау мен опасыздық үшін өлім жазасы: Қазақ даласында қылмыс жасау қалай жазаланған

Заманауи қоғамда қылмыстың саны көбейді. Оның ішінде зорлық пен қорлық көрсету әрекеттері жиіледі. Қазақтарда ерте замандарда-ақ кісі өлтіру мен зорлық-зомбылық ауыр қылмыс саналып, оған сәйкес қатаң жаза қолданылған. Көшпелілердің әділет соты қылмыскерлерге үкімді қалай шығарған? Қазақтың орта ғасырдағы, Ресей империясының ықпалына дейінгі заңдары мен жазалау түрлері туралы бізге не белгілі? Stan.kz тілшісі тарихшы ғалымнан көшпелілер қоғамындағы құқық пен қазақ даласында бір ғасырға жуық қызмет еткен “Жеті жарғы” заңдар жинағы жайлы сұрады.

Билер соты. 1870-1880 жылдар

Қазақ тарихында көшпелі замандарда дүре соғу, құн төлеу, елден қуылу, өлім жазасы сияқты жаза түрлерінің болғанын бірі білсе, бірі білмес. Қазақстандағы көшпелі қоғамның құқығы мен заңдарының негізгі ерекшеліктері қандай?

Қазақ хандығы тұсында ауыр қылмыстарға өлім жазасы қолданылған. Бас бостандығынан айыру орындары: түрмелер мен зындандар болмаған. Ұрлық, зорлық, жеті атадан қыз алысу, ата-ананы сыйламау, опасыздық жасауға тыйым салынған, бұл әрекеттер билер мен сұлтандар төрелігімен жазаланған.

Тарих ғылымының кандидаты, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы Семей университетінің профессоры Амантай Исин көшпелі халықтардың заңдарының тамыры тереңге кететінін сонау сақ, ғұн, түркі дәуіріне дейін жететін айтты. Ғалымның пайымынша, қазақ заңдарында жазалау үлкен орын алған. 

Көшпелілердің құқықтық жүйесі қалай қалыптасқан?

“Сол уақытта қалыптасқан заңдардың кейбірі ауызша өрбітілген, енді бірі жазып алынған. Олар сабақтаса келе Қазақ хандығына жеткен. Қазақ хандығына дейін Шыңғыс хан империясының заңдары болды. Бұл заңның негізгі тармақтары белгілі, өте қатаң. Жазалау мұнда үлкен орын алады. Қандай да бір жағымсыз қылық, қылмысқа, ұрлыққа өлім анық көрсетілген. Қатаң заң арқылы елдерді бағындырған, мемлекетті ұйыстырған. Бұл заңдар бірнеше ғасыр жүзеге асты”, – дейді тарихшы. 

Ислам қазақ заңдардың қалыптасуына қалай әсер етті?

Көшпелілерге Исламның ықпалы өте күшті болған. Шыңғыс ханның саясатын жүзеге асыруда мұсылмандар көп еңбек еткен, дейді Амантай Исин.

“Шыңғыс хан дін саласында ымыра саясат ұстанған. Шариғат заңдары – бөлек, Шыңғысхан заңдары ажыратылды. Сондықтан едәуір уақыт қайшылықтар болды. VIII ғасырдан бастап Оңтүстік Қазақстанға Ислам діні келе бастайды. Ұлы тарихшы Рашид ад-дин XIV ғасырда мынадай әңгіме келтіреді:

Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрім жайлы Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан тұсында пікірталастар болған. Ол дін басшыларын шақырып сұрақ қояды: “Сіздердің кітаптарыңызда басқа діндегілерді өлтіру деген аят бар екен. Сол рас па?” дейді. Дін басылары бұл аяттың бар екенін айтады. “Ендеше неге өлтірмейсіздер?” десе, “Уақыты келген жоқ” деп жауап береді. Сонда Құбылай хан: “Олай болса, менің уақытым келіп тұр” деп, оларды жазалаған екен. Әлгі дін басылары жазаланып, өмірлерінен айырылады. Осыдан соң халықаралық сауда дағдарысқа ұшырайды. Мұсылман саудагерлері жазаланды деген сыбыстар тарап, мемлекетке нұқсан келеді. Одан кейін Құбылай хан тағы бір жиын ұйымдастырып, дін басылары жиналады. Сонда Құбылай оларға тағы да сол сұрақты қояды. “Басқа діндегілерді неге жазаламайсыңдар?” дегенде, “Сіздер Исламның жауларына жатпайсыздар, бұл заң сіздерге ешқашан қолданылмайды” деп айтады. Бұл жауапқа Құбылай хан риза болып, мұсылман саудагерлеріне ерік берген екен. Бұдан Исламның көпшелілерге ықпалын көруге болады”, – дейді тарихшы.

Билер соты

“Жеті жарғы” заңдар жинағы қалай пайда болды?

“Жеті жарғы” – XVII ғасырда Тәуке хан тұсында қабылданған саяси маңызы бар заңдар жинағы. Тәуке хан қазақтың дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзіне дейінгі хандар тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын жетілдіріп, жаңа заң жасамақ болады.

“Ескі түркі-моңғол және мұсылман заңдарын Қасым хан мен Есім хан заңдарымен үйлестіреді. Басымдық көшпелілердің заңдарында болған. “Жеті жарғыда” да осы аталған заңдар көрініс береді. Әрине, олар кездейсоқ қабылданған жоқ, логикалық даму сатылары бар. Бұл туралы деректер көп, алайда сол кезеңде қағазға түскендері бізге жете қойған жоқ. Заңның қағазға түскеніне күмән жоқ. Себебі ауызша сақталуға күрделі, баптары көп. Заң қоғам өмірінің бірнеше салаларын қамтиды. 

Тәуке ханның қасындағы жеті би, олардың ішінде: башқұрт, қалмақ, қырғыз билері бірігіп заң жинағын үйлестіреді. Әйтеке би мен оның ізбасарларының заң қағидалары, Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек бидің ұйғарымдары қорытылып “Жеті жарғы” шыққан. Қаз дауысты Қазыбек би де үш жақты: Ата Заңды, дәстүрлі түрік-моңғол заңдарынан бастау алатындар, Исламды, Ресей империясының заңдарын есепке алған.  

Оның атауындағы “жеті“ сөзіне қатысты екі нұсқа айтылады: бір түсінікте, “Жеті жарғы” тармақтарының санымен айтылған, бірінде жеті биге сілтеме жасайды. Бұл сол кездегі заманға сай заңдар жинағы болды. Ресей империясының толық ықпалына түскенше “Жеті Жарғының” баптары ұзақ қызмет етті. Мұндағы күмәнді мәселе үш жүздің шешуші қызметті атқарғандығында”, – дейді тарихшы. 


"Шариғат қол кесіп, бас шабу емес": Шариғат деген не және оны мұсылман елдері қалай қолданып жүр? 


Қылмысқа қолданылған жаза түрлері

XVIII ғасырдан бастап қазақ даласы мен заңдары орыс зерттеушілерінің назарына ілігеді. Иван Андреев, Алексей Левшин, Николай Гродеков сынды ғалымдардың еңбектерінде көшпелілердің заңдары аталып өтілген екен.

“1785 жылы капитан Иван Андреев “Описание казахов средней орды” тұңғыш монографиясын жазып шығады. Ол қазақ ішінде ұзақ болған, тілді де білген. Андреевтің жазбаларында да қазақ заңдары қамтылған. Өлімге өлім, ұрыны жазалау сияқты мәселелерге тоқталады. Андреевтен кейін Алексей Левшин қазақ халқының Геродоты атанған. Ол 1832 жылы қазақ тұрмысы жайлы монография жазып шығарады. Оның еңбегінде “Жеті жарғының” бірқатар баптары жазылады. Оңтүстікте Сырдария облысының әскери губернаторы Николай Гродеков 1889 жылы “Киргизы и каракиргизы Сырдарьинской области” атты кітап жазып, онда қазақ заңдарының құқықтық жағына көп тоқталады. Тағы бір маңыздысы, ол қазақ билерінің шешімдерін келтіреді”, – дейді Амантай Исин.

Тарихшы қылмыс құқығының тармақталуы өте көп, дейді. Заңдар жинағында адамның денсаулығының қауіпсіздігіне қатты мән берілген. Дене бөліктеріне: оң қол, сол қол, бақайдың бағалары әртүрлі, айыптың мөлшері көрсетілген.

“Ұрыны ұстай алмай қалған жағдайда, ол ұрлаған затты (көбіне мал) барымтамен алу құқығы бар. Барымта – дау мәселесін шешетін әрекет. Кейде барымта 7-10 жылға дейін созылған. Осындай ұзаққа созылған дау-дамайдан соң ауылдар кедейшілікке ұшыраған кездер кездеседі. Мәселені шешу үшін қазақтар билікке, яғни сұлтандар мен билердің сотына жүгінген. Олар өзінің кесімін айтады, алайда соттың шешімі қайта қаралмайтын болған”, – дейді Амантай Исин. 

Кісі өлтіргені үшін айып: 1000 қой немесе 100 түйе не 300 жылқы болған. Левшинның тұсынан кейін айып азайып, оған алты жақсы (заттар) қосылады. ХVII-XIX ғасыр аралығында қалмақтарды: тұтқындағы қалмақтар мен күң есебіндегі қалмақ қыздары мен әйелдерін осы жақсыға қосқан. 

“Жеті жарғының” бірнеше бөлімдерін анықтауға болады: 

  • Дін құқығы. Дінге қарсы айбат айтқан кісіге өлім жазасы белгіленген. Басқа дінді қабылдаса, бұл да қауіпті деп есептелген. Бірақ міндетті түрде куәгерлер болу қажет. 
  • Ел бірлігіне қатысты заңдар. Елдің тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған, құрылтайлар уақыты, “Күлтөбенің басында күнде жиын” деген сияқты басқосулар жайлы. Бұл заңдар өте көп тармақтан тұрады, өкінішке қарай, олардың көбі бізге жеткен жоқ.
  • Отбасылық құқық. Некеге түсу, ажырасу. Отбасылық қарым-қатынастар заң бойынша реттелген.
  • Жер құқығы. Жерді пайдалану, жайылымдарды реттеу. Ру-тайпалар бір-бірімен жауласып кетпеу үшін, осыны реттеп отырған. 
  • Мүлік құқығы. Адамның, рудың меншігін қорғау. Бұл құқықты бұзғандар да жазаланған. 

Ұрлық үшін қандай жаза қолданылған?

Ұрланған мал көлемі 9 есе етіп төленген. Осылайша, адам бар жиған-тергенінен айырылған.

“Демек ұрлық жасау тиімсіз деп есептеуге болады. Түрме мен бас бостандығынан айыру мекемелері көбіне болмаған. Бір айға дейін қапаста ұстау кездескен. Осылайша экономикалық тәсілмен жазалап отырған. Мәселені шешу үшін делдалдар, куәгерлер болу қажет. 

Ұрлық жасаған адам осыған дейін де ұрлық істеп мүлкінен айырылса, 60 рет қамшымен дүре соғылады”, – дейді Амантай Исин.

Отбасылық құқық мәселелері қалай шешілген?

Отбасылық құндылықтарды ардақтауға қатысты заңдарда әйел құқығына мән берілген. Әйелді зорлау – өліммен тең қылмыс болып саналған. Бұдан құтылу үшін қызға үйленіп, қалың малын төлейтін болған. Ал жазаны жүзеге асырушы көп жағдайда жәбірленген адамдардың туыстары, руы болады. Олар міндетті түрде жазаның орындалуын талап еткен. Негізінде жазаны көпшілік орындаған.

Көзге шөп салу – ауыр қылмыс. Ер адам не әйел жұбайының опасыздық жасағанын дәлелдесе ол өлім жазасына кесілген. Алайда егер әйел аяғы ауыр болса, ол өлім жазасынан босатылады. Дегенмен қоғам оны масқаралайды, одан теріс қарап кететін болған.

Егер аяғы ауыр әйел қақтығыс кезінде үркіп, қорқып қалып, баласы түсіп қалса, соған кінәлі адамдар жарты құн төлеген. Бұл – үлкен айып, салмақ болып есептелген. Егер әйел некесіз баланы дүниеге әкелсе, сәбиді өлтірген жағдайда әйел өлім жазасына кесілген. Қаншалықты ұят болса да, некеден тыс дүниеге келсе де, өз ісін мойнымен көтеру керек деп есептелген.

Әрине, бұл – қатаң заңдар, бірақ қоғамға қызмет еткен. Сондықтан қазақ халқының ішкі соғыстар болмаған, үлкен ақсақалдардың, билердің сөзі жүрген”, – дейді тарихшы.

Отбасылық қарым-қатынастар: Жеті атадан қыз алыспау, жесір мәртебесі, әмеңгерлік

Қазақ ежелден жақын туыстар арасында неке байланысы болмау қажет деп есептеген. Себебі адамдар мұның зардабын, тұқым қуалайтын ауруларға әкелетінін ұғынған. Амантай Исиннің айтуынша, қан тазалығы қазақтарға ғана емес, орта ғасырларда орыстарда да кездескен.

“Жеті ата деген жақын туыстар, ағайын. “Жеті” деген мұнда шартты түрде алынған. Халықтық медицина, адамгершілік тұрғысынан қабылданған қағида. 

Әмеңгерлік, жесірдің мәртебесі де “Жеті жарғыда” көрсетілген. Қазақ заңдарында шешімін әйел өзі қабылдаған. Әмеңгерлік әйел адамға, ер адамға да тиімді болды. Бұл – әйел адамды кемсіту емес, қорғау. Әйелдің пікірін, шешімін міндетті түрде күтеді, ол мақұлдаса ғана сондай шешім қабылданады. 



Ата-анасын тыңдамағандар қатты жазаланған. Ұл бала болса, ауылдастары өгізге теріс отырғызып, қамшымен сабаған. Ал қыз баланы байлап, шешесіне береді. Шешесі көпшіліктен ұялған соң, қалай жазалайтынын өзі шешетін болған. Орындалуы қатал болғанымен, заман сондай болған. Заңдар қатыгез болып есептелмеген, себебі көпшілік оны қабылдайды. Әйелді ұрып-соғу деген қазақ заңдарында мүлдем жоқ”, – дейді ғалым. 

Қодар мен Қамқа оқиғасы

“Қодар мен Қамқа оқиғасына қатысты екі түрлі көзқарас бар. Нақты дерек жоқ, оларды кінәлі, қылмыс жасады деп айта алмаймыз. Себебі бұл аңыз-әңгімелер арқылы жеткендіктен, екі түрлі нұсқада таралған. Мұхтар Әуезов тарапынан кінәлі емес, Шәкәрім тұрғысынан кінәлі етіп көрсетілген. Мұндай жағдайлар көшпелі қоғамда болған. Егер ондай жағдай расталса, куәгерлер табылса, қылмыс болып есептеледі”, – дейді Амантай Исин. 

Отбасылық қылмыстарға жаза қатаң түрде іске асқан. Адамдар мұндай әрекеттерге бармасын деген мақсат тұтқан. Өлім жазасының түрлері: аттың құйрығына байлап сүйрету, денесін екіге айыру, дарға асу, таспен ұру жазалары болған. Бас шабу сирек кездескен, негізінен тек отырықшы аймақтарда орындалған. Сондай-ақ, оны хан мен сұлтандар ғана жүзеге асырған. 

Өлім жазасы мен елден қуу, өз-өзіне қол салу

Басқа дін ұстану, көзге шөп салу, әйелдің баласын өлтіруі сынды айыптарға өлім жазасы қолданылатын болған. 

Тарихшы өлім жазасының қалыптасуына Исламның ықпалы бар дейді. Алайда сұлтандар мен молдалардың билігі арасында қайшылық болған. Далалық демократия тұсында әр адам кімге жүгінетінін өзі шешкен. Молданың алдына барса, ол шариғат заңдарына жүгінеді. 

“Заңға бағынбайтын, бетсіз, талай рет қылмыс жасаған, ұрлық, тонау жасаған адам елден қуылады. Қай жерді паналаса да, өз еркі, алайда мұндай адамдарды ешкім қабылдай қоймаған. Себебі елден қуылды деп хабарланып қоятын болған.

Ал өз-өзін өлтіргендерге жаназа шығарылмай, жеке жерленген. Ол дінге, жаратушыға қарсы шығу деп есептелген”, – дейді Амантай Исин. 

“Жеті жарғыны” қайта жаңғырту мүмкін бе?

Тарихшының айтуынша, қазақтың заңдар жинағының идеясын қолдануға болады.

“Жеті жарғы бір ғасырға жуық қызмет етті, оның көптеген бабы ескірді. Идеясы –адамгершілік, тұтастық, үлкенді сыйлау, кісіні өлтірмеу, қылмысты болдырмау. Қазақ заңдары төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Қазіргі заманда да осындай қатаң жазалар бар. Бұрынғы заманда кісі өлімі қазірмен салыстырғанда сирек болған. Белгілі бір жағдайларда: жанжалдасқанда, барымта кезінде орын алған. Қазіргі кезде бұл заңдар жинағынан ізгілік идеяларын қолдануға болады. Мемлекет тұтастығы, ел ішіндегі кикілжіңнің болмауы, басқа дінді қабылдамауы және т.б деген сияқты. Кейбір баптарын қолдануға болады, алайда олар қазіргі заңдарға кереғар болмауы тиіс”, – дейді Амантай Исин. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр