Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шариғат қол кесіп, бас шабу емес": Шариғат деген не және оны мұсылман елдері қалай қолданып жүр?

Шариғат – Исламның құқығы негізделген заңдар мен қағидалар жиынтығы. Ол мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранға, сүннет пен хадистеріне сүйенеді. Араб тіліндегі "шариғат" сөзі "су көзіне апаратын даңғыл жол" деген мағынаны білдіреді, ал терминдік мағынасы Исламның негізгі бағытын айқындайды. Ауғанстандағы Талибан қозғалысының нығаюы шариғат қағидаларын қайта өзекті етті. Осы орайда Stan.kz тілшісі шариғаттың өзге елдерде қолданылу ерекшеліктері жайлы мамандардан сұрады.

Шариғат деген не?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл Құран мен сүннет негізінде шығарылған заң мен үкімдерді шариғат деп атайды. Шариғат бойынша елдер "мұсылман" және "мұсылман емес" деп екіге бөлінеді дейді маман.

"Жамиғ ур-румуз" кітабында: "Қайсы бір елде ислам дініне сенуге рұқсат етілсе, яғни діни бостандық берілсе, оны "мұсылман елі" деп атауға болады делінген. Демек, ол елде мұсылмандар бар және олар иман келтіре отырып өмір сүре алады дегені. Осы жағынан қарағанда біз әлемдегі барлық елдерді мұсылман елдері деп атай аламыз. Өйткені ол жерде мұсылмандар емін-еркін өмір сүріп жатыр. 

Ал елдер өздерінің исламдық ұстанымдарына қарай ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, әйелдердің көшеде орамал тартып жүруі, дүкендерде спирттік ішімдіктерді сатуы, біржынысты некеге рұқсат етілуі және басқа ұстанымдар сияқты. Дегенмен, адамның қайсы елде тұруы емес, қай жерде болса да, қалай өмір сүруі маңызды болмақ”, – дейді ол.   

Теолог, имам Наурыз Убаев шариғат туралы айтқанда қол кесу, бас шабу сияқты жаза еске түсетінін, алайда бұл үлкен жүйе екенін айтады.

“Шариғат, өмірдің көзі – су болса, соған алып баратын “жол” деген мағынаны білдіреді. Ал термин ретінде исламдық заңдылықтармен жүретін бағыт. Шариғатты ұстанатын ел десе қазір қол кесетін, бас шабатын қатал заңдар еске түседі. Шариғат – неке, адамның-адаммен қарым-қатынасы, сауда байланысы сияқты мәселерді қамтитын үлкен жүйе. Мәселен, тарихта 1920 жылға дейін Осман империясы шариғат заңдылықтармен жүрген. 

Бұл заңдылықтармен жүрсе, адам бақытқа жетеді. Алайда қазіргі кездегі теріс ағымдар мен бағыттар шариғатты дұрыс қолданбайды. Бұрын шариғат жүрген мемлекеттерде медицина, мәдениет дамыған болатын. Ал қазір керісінше шариғат қағидаларын желеу етіп, бір қала, елдің қираған көріністі байқауға болады”, – дейді теолог. 

Шариғатты өзге елдер қалай ұстанады?

Негізінен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада шариғат отбасылық құқықта рөл атқарады: ажырасу, мұрагерлік даулар, ата-ана құқықтары мен қамқоршылықты анықтау. Тек кейбір елдерде ол қылмыстық заңнама жүйесіне енгізілген. Олардың қатарында:

Пәкістан, Ауғанстан, Иран, Сауд Арабиясы және Парсы шығанағының басқа елдері, Ирак, Йемен, Мавритания, Бруней, Сомали және т.б елдер бар.

Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышхан теократиялық елдер бүгінде аз екенін айтады. 

“Шариғаттың өзі “заң”, “қағида” деген мағынаны білдіреді. Исламдағы белгілі бір қағидалар жиынтығын шариғат деп атаймыз. Осы заңдармен жүретін бүгінде теократиялық мемлекеттер аз, жоқтың қасы. Христиан діні бойынша Ватикан теократиялық мемлекет болып саналады. Қалған мемлекеттерде шариғатпен бірге зайырлы құқықтық нормалар қатар жүреді. Себебі мемлекеттік қатынастарды әлемдік, қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттеу шариғаттың талаптарын қамтып, бұл мәселені шеше алмайды. Белгілі бір нұсқау береді, алайда нарықтық экономикалық жүйені қамтымайды. 

Сондықтан көптеген мұсылман мемлекетінде, Ислам мемлекеті деген атауы бар елдерде шариғатпен бірге зайырлы құқықтық нормалар жүреді. Шариғат белгілі бір деңгейде адамзаттық, моральдық құндылықтарды бере алатын шығар, алайда оны саясатқа айналдырған кезде қатігездікке де алып кетіп жатыр, демек іс әрекеттер шариғат мазмұнымен сәйкес келмеді”, –дейді дінтанушы. 


“Өңірдегі барлық тұрғындардың өмірі 2 миллион 400 мың жылға қысқарды”: Семей ядролық полигонының зардаптары қандай болды? 


Хасан Аманқұлдың сөзінше, Орта Азия елдері ежелден Әбу Ханифа мазхабын ұстанып келеді.

“Исламның негізгі принципі – ол "Алланы құдай және Мұхаммедті соңғы пайғамбар" деп сену. Осы сенімдегі адамды "мұсылман" деп атаймыз. Дүниежүзіндегі барлық мұсылмандар осы сенім аясында бірігеді. 

Бірақ Ислам дінінде кейбір мәселелерге қатысты ойлар, пікірлер, көзқарастар бар. Мысалы, Алланы қалай түсіну, ақыреттің қалай басталуы, діни дереккөздерді пайдалану тәсілі, ғибадаттарды орындау жолдары және т.б. Осыдан мазхабтар, ағымдар келіп шыққан. Сонымен қатар барлық ұлттар, діндер, ағымдар біздің өлкеде бейбітшілікте, сыйластықта өмір сүре алған, араларында қақтығыс болмаған”, – дейді ол. 

Ғалым Кеңшілік Тышхан шариғаттың мақсаты қырып-жою, өлтіру емес екенін, бүгінде мемлекеттерде шариғатқа қарағанда саясат басым болып кеткендігін алға тартады.

“Бүгінде шариғатты да бұрмалап жіберді деп айтуға болады. Оның бұрмалауға келетін тұстары бар. Құқықтық нормалармен реттелмеген жағдайда шариғаттың қағидаларын әркім өз жағына тартып кетуі мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, қазіргі мемлекеттерде шариғаттан гөрі саясат көбірек. Шариғатты орнатамыз деп жүрген көптеген содырлық террористік топтар не істеп жүргендерін өздері түсіне бермейді”, – дейді ол. 

Шариғат бойынша қандай жаза түрлері қарастырылған?

Кез келген қылмыстың жазасы бар. Бірақ оны дәлелдеу проблемасы бөлек дейді Кеңшілік Тышхан. 

“Шариғаттың бірнеше тармақтары бар. Біріншісі –  әділет. Екіншісі –  муамалат, адамдармен қарым-қатынас. Үшіншсі – хат, жазу құқығы. Құрандағы айтылған қағидалар Ислам ғалымдарының өзара келісімдеріне байланысты тағайындалады. Алайда шариғаттың заңдары жеңіл деп айтуға болмайды. 

Шариғатта ұрлық жасаған адамның қолы кесіледі деген жаза болса да, Ислам тарихында қолы кесілген адамдар өте аз. Қанға – қан, қысас деген сияқты қағидалар құн төлеу, кешіру, мәмілеге келу деген сынды шешімдердің бар болуына байланысты орындалмайды. Шариғат бойынша осы дүниеде жазаланса, о дүниеде айыпты болмайсың, құтқарыласың деп саналады.

Оны орындайтын адамға, қарсы талаптың шағымына, сол мемлекеттегі үрдісіне байланысты болады және көп жағдайларда орындалып жатпайды. Көбіне шариғат талабымен адам өлтіру, жазалау үрей туғызу үшін жасалады, шариғатты желеу етіп, өз қатігездіктерін көрсетуге бағытталған исламофобтардың әрекеттеріне ұқсайды”, – дейді ол. 

Ғалымның айтуынша, шариғат орындалу үшін де сол мемлекеттің құқықтық жүйесі оған мүмкіндік беру керек.

“Шариғаттың талаптары өте қиын. Мәселен, зина жасаған адамға тиісті жаза – таспен ұрып өлтіру. Мұндай жаза қолдану үшін осы оқиғаны егжей-тегжейлі көрген куәгерлер керек. Ал бұл – мүмкін емес деген сөз. Екі адамның бір үйден шығып келе жатқанын көріп, оларды зина жасады деп айтыптай алмаймыз. 

Шариғаттың қатаң талаптары қазіргі күні саяси мүддеге негізделген фобиялық әрекеттер. Егер адам зина жасағанын мойындап келсе, бұл –  басқа мәселе. Алайда көрмеген нәрсеге жаза тағайындау мүмкін емес”, – дейді дінтанушы. 

Теолог Наурыз Убаев көп адамға шариғаттағы жаза өте қатал көрінетінін айтады. Алайда, шын мәнінде, шариғат жапа шеккен, зардап шеккен адамның күйіне түсе отырып, әділ шешім қабылдайды дейді.

“Мәселен, жақында Сирияда қызын зина жасады деп әкесі қарумен қуып, атып өлтіреді. Бұл елде шариғат заңдылықтары жүреді, бірақ олар қағидаларды дұрыс орындап жатқан жоқ. Бір адам зина жасаған болса, төрт куәгер болу керек. Соның өзінде қарумен өлтірмейді. Тәубесін айтады, топыраққа көміп, таспен атып өлтіреді. Сол жердегі қазыға айтып, шешім шығартады. 

Сырттан бақылаған адамға бәрібір бұл жаза қатал болып саналады. Мұны мен былай түсіндіремін. Мәселен, бір адам ұрлық жасайды делік. Жапа шеккен адам қылмыскерге қатысты ең қатал жаза немесе өлім жазасына кесуін сұрайды. Сол кезде шариғат ең қатал жазаны орындайды. Ал сырттағы адамға бұл жаза қатал болып көрінеді, алайда зардап шеккен адам үшін ол әділетті”, – дейді имам. 

Шариғаттағы әйелдердің рөлі қандай?

Кеңшілік Тышханның сөзінше, шариғат әйелдердің белгілі бір деңгейде құқығын қорғау мақсатында жұмыс істейді.

“Бұл мәселеге екі қырынан қарау керек. Араб қоғамында сол кезде әйелдердің статусы төмен болды. Зинақорлық деген нәрсеге бармау керектігі, төрт әйелмен ғана шектелу қажеттігі (мұның өзінде ері әділетті бола алса делінген) жазылады. Ал біздің қоғамға бұл сәйкес келмейді. Себебі бізде әйелдің мәртебесі онсыз да жоғары-тын. Біз қыз баланы қонақ ретінде, әйел адамдарды құдірет күші ретінде, Отан ана, Жер ана деп қасиетке баладық.

Шариғат бойынша әйелге жұмыс істеуіне, бала-шағасын асырауға мүмкіндіктер бар, күйеуіне де талаптар қоя алады. Араб қоғамындағы әйелдің статусы мен шариғаттың статусын сәйкестендіруге болмайды. Қазірдің өзінде араб қоғамында әйелдің көлік айдауға, дауыс беруге құқығы бар ма деген сияқты дүниелер талқыланады. Біздің қоғам үшін мұндай мәселелер актуалды емес. Отбасын асырау міндеттерін шариғат ер адамға жүктеген. Әйелдерге максималды құқық берген”, – дейді ол. 

Ғалым үйлену мен ажырасуға байланысты да қағидалар бар екенін айтып өтті.

“Үйленіп, әйелді жар етіп алған соң ер адам “талақ” айтып, оны оңай тастап кете алмайды. Шариғат бұған рұқсат бермейді. Ер адам ол үшін махр беріп, онсыз өмір сүре алатындай қаражатын табыстауы қажет. Алайда қазір шариғатты өз ыңғайларына қарай қолданып, үйлену, ажырасып жүргендер қарасы көбейді. 

“Талақты” жайдан-жай айтпау керек, араға уақыт салып, өмірде тек үш рет айтуға рұқсат беріледі дейді ғалым. 

“Бір рет айтылған соң, ойлану керек, шариғат бойынша үш рет “талақ” айтылса, ол әйел харам саналады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың бірі үйленіп, не басқа азаматқа тұрмысқа шығып, онымен қайта ажырасу керек болады. Бұл шариғатты ойыншыққа айналдырмау мақсатында жасалған. Кейбір дәстүрлі емес бағыттағы ел азаматтары жиі талақ қылу, неке қию деген нәрсені ойыншық қылып алған. Соның кесірінен жетім-жесірлердің саны көбейіп, қайта-қайта тұрмысқа шығушылар да көбейді. Шын мәнінде шариғатта әйелдерге мүмкіндіктер берілген”, – дейді ол.


"Тасаттық ислам дінінен енген жоқ": Жауын-шашын шақыру ғұрпы қайдан пайда болған және оны қалай орындау керек? 


Теолог, имам Наурыз Убаев исламда әйел адамды шектемейді, тек ұят мәселесі бөлек қарастырылатынын айтады.

“Әйел адамның ұятты жерлері: қолынан тобығына дейін көрінбеуі керек. Бірақ оны қалай жабатынына еркіндік беріледі. Қара киіп, бет-аузына дейін жабу шариғатта міндетті емес.

Құранда “Ниса” (Әйелдер) деген сүре бар, ал ерлерге бағытталғаны жоқ. Бұрын әйелдерді маймылдың деңгеймен теңестірген уақыт болған. Шектеулердің түрлері өте көп, олардан шашыңыз тік тұрады. Ислам келген соң, ер мен әйел арасында теңдік емес, әділдік орнатылған. “Жұмақ әйелдің аяғының астында”, “үш қыз өсірсең жәннатқа кіресің” деп әйел затын көтеріп отырған”, – дейді ол. 

Хасан Аманқұл шариғатта әйел адамның ер адамның алдындағы міндеттері, ер адамның әйел алдындағы міндеттері бекітілгенін айтады.

“Әйелдер де ер адамдар сияқты бақытты өмір сүруге, ілім алуға, отбасы құруға, еңбек етуге құқылы. Соны атқару арқылы сауапқа кенеледі немесе күнаға батады. Әйелдер мен ерлер заң алдында бірдей жауапқа тартылады”, – дейді ол.  

Шариғаттағы мазхабтар және олардың айырмашылығы

“Мазхаб мектеп деген мағынаны білдіреді. Олардың айырмашылығы халықтың тұрмыс-тіршілігіне қарай қағидалардың қағыстырылуы. Ханафи мазхабы көбінесе өзге дін өкілдерінің дінді қабылдауы, шариғаттың кешіріммен қарауына мән береді. Онда қағидаларды талқылауда адамның ой-санасы, логикасы алдыңғы орынға шығады. 

Арабияда қалыптасқан мазхабтар қатаң догматикалық принциптерге негізделеді. Сол үшін де олардың мазхабтары мен біздің жергілікті көзқарастар арасында текетірес, бір-бірін кінәлау процесі жүріп жатыр”, – дейді Кеңшілік Тышхан. 

Наурыз Убаетың айтуынша, ислам дінінің бағыты: ақида мен фикх.

“Араб тілін білетін мемлекеттер өте көп, олардың ішінде мұсылмандар да бар. Мазхаб мұсылмандарды дінге үйрететін мектеп. Ақидада бұрын 50 шақты мазхаб болған, соның бәрі іріктеліп төрт мазхабты құрады. Ақида бойынша сенім жағынан айырмашылық жоқ, ал фикх бойынша намаздағы қолды қалай қоятындарына байланысты ерекшеліктер бар. Бүгінде тағы бір бесінші мазхаб пайда болды, ол Құранмен жүру бағытын таңдаған әрі төрт мазхабқа бағынбайды. Алайда шын мәнінде Исламға зиянын тигізген мазхабқа айналды”, – дейді ол.

Хасан Аманқұл тергеусіз, сотсыз жазалауға рұқсат берілмейді, шариғат бойынша әрбір адамның жасаған қылмысына қарай жаза белгіленген, дейді.

“Мысалы, өлім жазасы, дүре соғу (қамшылау), қамауға алу сияқты. Елдің қауіпсіздігіне, адамның өміріне зиян келтіретін қылмыстарға өлім жазасы тағайындалған. Қалған қылмыстарға оның мөлшеріне, зиянына қарап түрлі жазалар қолданған. Әрине, жазаның бәрі қазидің (соттың) шешімімен жүзеге асырылуы керек”, – дейді ол.

 

Талқылау