Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің жаңа қызметі белгілі болды

қайда жүр

Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек төрт жылдан кейін Қазақстандағы қызметіне қайта оралды. Қазіргі таңда Бауыржан Байбек Qazaq Kaolin тау-кен байыту комбинатының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін ресми түрде атқарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еске салайық, 2022 жылдың ақпанында ол "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен болатын. Осыдан кейін бұрынғы шенеунік білім алу үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне кетіп, онда екі жылдан астам уақыт өткізді. Сол кезеңде ол Қазақстандағы жобаларға шетелдік инвестиция тартумен де айналысқан.

Оның әпкесі Айгүл Байбектің айтуынша, кейін Байбек Жапонияға қоныс аударып, жапон капиталы мен технологияларын тарта отырып, оларды Қазақстанда енгізуге бағытталған инновациялық жобаларды дамытумен айналысқан.

Сонымен қатар, Байбек 2022 жылдың наурыз айынан бастап Qazaq Kaolin компаниясында онлайн форматта кеңесші қызметін атқарған. Ол кезде Qazaq Kaolin Ақмола облысында каолин кенін өңдейтін зауыттың құрылысын бастаған еді. Биыл сәуір айының соңында осы тау-кен байыту комбинатының техникалық іске қосылуы өтті.

Компанияның тең иелері қатарында 26 жастағы Бекзат Керімбай және Бауыржан Байбектің әкесі – 86 жастағы Қадырғали Байбек бар. Айта кетейік, 2023 жылдың шілде айында БАҚ-та Қадырғали Байбекке қатысты Астананың мамандандырылған халықаралық сотында заңсыз құрылысқа байланысты екі іс қаралып жатқаны туралы ақпарат тараған.

Компания іске қосылардан бірнеше ай бұрын Байбек мансаптық тұрғыда жылдам өсіп, кеңесші қызметінен бірден компанияның директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Бұл ақпарат Qazaq Kaolin компаниясының ресми сайтында жарияланған.

Сондай-ақ оның өмірбаянында "үкіметтік емес ұйымдардағы тәжірибе" бөлімінде 2020–2022 жылдары "Birgemiz" қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болғаны көрсетілген.

"2020 жылғы пандемия кезеңінде қор жеке қайырымдылық есебінен шамамен 80 млн АҚШ долларын жинап, еліміз бойынша 100 мыңнан астам аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасыларға атаулы қаржылай көмек көрсетті (жалпы қамту — 2,2 млн адам). Бастама пандемия кезінде әлемдегі ең тиімді қоғамдық бағдарламалардың бірі ретінде танылды", – делінген өмірбаянында.

Сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, компания әлеуметтік жауапкершілік аясында өңірдің энергия инфрақұрылымын жаңғыртуға 650 млн теңге инвестиция салған.

Назархан Уән
Бейсенбі, 07 Мамыр, 2026 15:51