Көкшетауда Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті

Бүгін Көкшетаудағы "Жаңа Жағалау" жағажайы айбын мен намыстың, ерлік пен мемлекеттік абыройдың орталығына айналды. Көктемнің ашық аспаны астында қала тұрғындары Отан қорғаушылар күнін кең көлемде атап өтті. Мерекелік шараға жүздеген тұрғындар, соғыс және еңбек ардагерлері мен қазіргі таңда сапта жүрген офицерлер жиналды.
Мерекелік атмосфера шараның ресми басталуына дейін-ақ сезілді: күштік құрылымдардың қызметкерлері мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері сахнаның екі жағына сап түзеп, айбындылық дәлізін құрады.

Салтанатты шара 5510 әскери бөлімі оркестрінің сүйемелдеуімен, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясының ту ұстаушы тобы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алып шығуымен ашылды. Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов құттықтау сөз сөйлеп, бұл мерекенің ұрпақтар сабақтастығы мен мызғымас төзімділіктің символы екенін атап өтті.
"Бұл күні біз Қарулы Күштер сапында қызмет еткен және қызмет етіп жүрген жандарды, мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қорғайтындардың барлығын ұлықтаймыз. Бүгінде әскердің түрлі салаларында екі мыңнан астам ақмолалық ерлік мектебінен өтуде. Екі күннен кейін Жеңіс күнін атап өтетініміздің символдық мәні зор. Жер бетінде Отанға қызмет етуден асқан биік миссия жоқ!" — деді Елдос Рамазанов.

Ресми бөлімнің түйіні өңір қауіпсіздігін күзетіп жүрген үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды. Полковник Қанат Омаров "ҚР Қарулы Күштерінің ардагері" медалімен марапатталса, тағы ондаған офицерлер І және ІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медальдарын алды. Сондай-ақ, жиырма мектеп оқушысы "Жас Ұрпақ" қозғалысының қатарына қабылданып, заң мен тәртіпке адал болуға ант берді.
Мерекелік бағдарламаға ерекше серпін берген Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжінің "Томирис" рухани-патриоттық қыздар клубы болды. Клуб мүшелері оркестр маршының сүйемелдеуімен жоғары деңгейдегі саптық дайындықтарын көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.Бұл күні бойжеткендер тек өнер көрсетіп қана қоймай, өздерінің ақ тілектерін де жолдады:
"Бүгін – ел іргесінің бүтіндігін күзеткен ержүрек батырларымыздың мерекесі. Бойында намысы, жүрегінде Отаны бар қорғаушыларымыз аман болсын! "Томирис" клубы баршаңызды шын жүректен құттықтайды!" — деді клуб өкілдері.

Мерекелік рух Полиция департаментінің вокалдық тобы мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздарының орындауындағы "Сауыт" атты қуатты композициясымен жалғасты. Шара облыстық филармония әртістері мен "Гәкку" ансамблінің жарқын концертімен түйінделді. Жағалауда қалықтаған халық аспаптарының үні мен туған жер туралы әндер Көкшетаудың айбынын асырып, болашаққа деген нық сенімді ұялатты.
"Балам мектепке бармаймын деп жылайды": Қазақстандық әйел баласына бұралқы иттер шабуыл жасағанын айтып, шағымданды