Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында медбикенің салғырттығынан жаңа туған нәрестенің бір қолын ампутациялауға тура келген

Алматы облысының тұрғыны Зухра 2020 жылы дүниеге келген немересінің бір қолын ампутациялауға дәрігерлердің салғырттығы жеткізгенін айтып шағымданды. Сөзінше, мерзімінен бұрын дүниеге келген жетілмеген сәбиге медбике кататеризация процедурасын жасаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Бұл туралы Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында жариялады. Онда Зухра есімді тұрғынның немересінің жағдайы баяндалған. 

“2020 жылдың 6 қыркүйегінде қызым Наргиза дүниеге сәби әкелді. Есімін Эльвина қойды. Эльвина Талғар қаласындағы перзентханада 1 кг 540 г салмақпен мезгілінен бұрын дүниеге келді. Кейін Алматы облысы, Өтеген батыр ауылы балалар ауруханасына шала туған нәрестелерге арналған неонатология бөліміне ауыстырылды. Мұнда 24 қыркүйек күні сағат 11:30-12 шамасында медбике Рахымбаева Шынар нәрестені катетеризация процедурасына алып кеткен. Келгеннен кейін оның бір қолы ағарып, мүлде қан жүрмей қалған”,- деді Зухра.

Сәбидің анасы Наргиза не болғанын сұраса да медбике оған бәрі кешке дейін кетіп қалатынын айтып жұбатқан. Дегенмен нәресте жылауын қоймапты. 

“Наргиза маған тағы да телефон соғып, ешкімнің сәбиді тексермегенін айтты. Бір сағаттан кейін Эльвинаның жағдайы жақсармағасын қызым қайтадан медбике Рахимабеваға барған. Ол дәрігерге хабарласамын дегенімен кейін тағы ешкім келмеген. Қызым медицина қызметкерлерін күте алмай маған қайта қоңырау шалды. Мен телефонды медбикеге беруін өтініп тікелей Рахымбаевамен сөйлескенде катетор кезінде сәбидің қолына қатты басып қалғанын, бірақ кейін тез жібергенін айтты”,- деп қосты Зухра.

Эльвинаның әжесінің сөзінше, тек ол хабарласқаннан кейін ғана Рахымбаева дәрігерлер шақырған. Түскі сағат 12-ден 16.00-ге дейін балаға ешқандай көмек көрсетілмеген.

“Осыдан кейін ғана дәрігер Павловская келіп, Эльвинаны одан әрі тексеру үшін реанимацияға алып кетті. Жұмыстан кейін мен ауруханаға сағат 18:30-да келдім. Сол кезде дәрігер қантамыр хирургын шақырғанын хабарлады. Біз оны сағат 23.00-ге дейін күттік. Кейін хирург Элвинаның тамырларын қарап, шұғыл ота жасау керектігін айтты. Сәбидің тамырлары бітелгендіктен қан жүру қалыпқа келмей қалған. 29.09.2020 жылы қолды кесу операциясы тағайындалды. Олар сәбидің өмірін басқа жолмен аман алып қала алмайтындарын айтты”,- деді Зухра.

Кішкентай Эльвина бір ай бойы реанимацияда ауыр халде, өмір үшін күрескен. Аурухана әкімшілігі барлығын реттеп, істі өз бақылауына аламыз деп сендірген. Ал Зухра медбике Шынар Рахимбаеваның сол кезде өз еркімен жұмыстан шығып кеткені кейін ғана білген.

“Шағымды қайда жазсақ та бізді қуып жіберді. Тек заңгеріміз президент әкімшілігіне арыз жазғанда ғана іске назар аударылып, комиссия келді. Тексеру кезінде Рахымбаева баланың қолтығына тамшы жасағанын мойындады. Бұл шала туған кішкентай сәби түгілі ересек адамға да тыйым салынған процедура екен. Алайда ол өз бөлімшелерінде барлық балалардың қолтығына тамшы салатынын және оны бас медбике мен басшының білетінін айтты”,- деп қосты ол.

Зухраның сөзінше кейін Рахымбаеваның үстінен Іле ауданында қылмыстық іс қозғалып, заңгердің күш-жігері мен сот-медициналық сарапшылардың кәсіби шеберлігінің арқасында  дұрыс тағайындалмаған және дер кезінде емдемегені үшін сәби қолынан айырылғаны дәлелденген. Алайда кейін Іле ауданының тергеушісі Фарид Әлиәскеров істі 1,5 жылға  созып тастаған.

“Нәтижесінде іс қысқартылып, Рахымбаева сотқа дейінгі рақымшылыққа ілінді. Ал іс не үшін қысқартылғанына бұл жоғарыдан келген бұйрық деген жауап алдық. Кейін облыстық балалар ауруханасына келтірілген шығынды өндіру туралы азаматтық сотқа шағым түсірдік.
Азаматтық сот және апелляциялық сот біздің пайдамызға шешім шығарғанымен аурухана өкілдері әр сот отырысында балаға қажеттінің барлығын мемлекет тегін беруі керек екенін алға тартады”,- деді Зухра. 

Қазір Эльвина 2 жас 5 айлық. Оған жақын арада протез жасату керек екен. Ал механикалық протез құны 2 миллион теңгеден асады. Оған қоса бүлдіршін өсіп келе жатқандықтан оны жыл сайын дерлік ауыстырып тұру керек.

“Аурухана өкілдері сот шешімін орындауды әдейі кейінге қалдырып, өмір бойы мүгедек еткен балаға ақша бергісі келмейді. Ал көшеде Элвинаны көрген балалар "қара, қолы жоқ" деп нұсқап көрсетеді. Тіпті үлкендердің өзі өзге ғаламшарлықты көргендей үркей қарайды. Енді Элвинаға өзінің ерекше екенін қалай түсіндіреміз?”-деп қосты Зухра.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 08 Ақпан, 2023 09:53
Талқылау