Супермаркеттер желісі мен кәсіпкерді бопсалаған қазақстандық "блогерлер" ұсталды
Ішкі істер министрлігі "заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық қызметтің атын жамылып, өздерінің арам пиғылын жүзеге асыратын "блогерлерді" әшкерелеу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері осындай 20-дан астам фактіні анықтап, жолын кесті.
“Көлік полициясының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына теміржол компаниясының қызметкерлері шағымданған. Оларға қоқан-лоқы көрсетіліп, жүйелі түрде бопсалауға ұшыраған. Өзін "блогер" ретінде таныстырған күдікті жолсеріктердің әртүрлі бұзушылықтарын олардан ақша бопсалау үшін түсіріп алған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 48 миллион теңгеден асты. Ол бопсалаудың 60 эпизоды бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция Жетісу облысында құрылыс саласындағы кәсіпкерден 10 миллион теңге талап еткен "блогерді" ұстағанын мәлімдеді.
“Блогер кәсіпкерді тұрғын үй құрылысындағы құқық бұзушылықтар туралы жарияланымдармен қорқытқан. Алматы қаласында сотталған адамнан 10 миллион теңге бопсалады деп күдіктелген "блогерлер" де ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Одан бұрын супермаркеттер желісіндегі бұзушылықтарды түсіріп, 27 миллион теңге бопсалаған "блогер" құрықталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр”, – делінген ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Осыған ұқсас жағдайлар Атырау, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталған. Барлық күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Түркістан облысында "блогерлер" қаралайтын мәліметтерді жариялау туралы қоқан-лоқы жасаған. Олар оқу орындарының басшыларынан үлкен көлемде ақша бопсалаған. Сот оларға 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ішкі істер министрлігі бопсалағаны үшін заңнамада мүлік тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда блогерлер ақша бопсалап, 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталған еді. Кейіннен ұсталған блогер Дамир Көшеевпен және Руслан Каримов туралы және олардың қандай контент түсіргені жайлы жаздық.