Ішек таяқшасы анықталған Қостанайдағы балалар лагері уақытша жұмысын тоқтатты

Қостанай облысында асханадан ішек таяқшасы анықталған балалар лагерінің жұмысы үш айға тоқтатылды. Сот лагерьді ұйымдастырған кәсіпкерге 432,5 мың теңге айыппұл салып, санитарлық талаптарды орындамағаны үшін жауапқа тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай ауданаралық соты балалар лагерін ұйымдастырған жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік істі қарады.
Тексеру ата-аналар мен қызметке тапсырыс берушінің шағымынан кейін жүргізілген. Олар лагерьде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғанын хабарлаған.
19 маусымда Алтынсарин ауданының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген.
Алайда 2 шілдеде жүргізілген қайта тексеру кезінде анықталған кемшіліктердің басым бөлігі әлі де жойылмағаны белгілі болды. Соның негізінде кәсіпкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот барысында кәсіпкер кінәсін мойындап, заңбұзушылықтарды субъективті себептерге байланысты уақытында түзете алмағанын айтты. Бірақ сот бұл уәждерді дәлелді деп танымады.
Осылайша, сот кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған 432 500 теңге көлемінде айыппұл салды және балалар лагерінің қызметін үш ай мерзімге тоқтату туралы шешім шығарды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысындағы жекеменшік "Светофор" балалар лагерінде түсірілген видео әлеуметтік желіде тараған еді. Кадрларда лас әжетханалар, еденге аққан нәжіс және санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны көрсетілді. Жоспардан тыс тексеру барысында лагерьден көптеген заңбұзушылық анықталып, дайын тағамдардан ішек таяқшалары тобының бактериялары табылды. Лагерьді жалға алған кәсіпкерге 346 мың теңге айыппұл салынып, анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді
Оқыңыз