Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұшақтағы жолаушыны иллюминатор сыртқа тартып кете жаздады

ұшақтағы жағдай
Фото: Видеодан скрин

Грекиядан Германияға бағыт алған Ryanair ұшағында ұшу кезінде иллюминатор зақымданып, салондағы қысым күрт төмендеді. Терезе жанында отырған 60 жастағы жолаушыны ауа ағыны сыртқа тартып кете жаздағанымен, қасындағы жолаушылар оны аман алып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ERT News телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Грекияның Салоники қаласынан Германияның Мемминген қаласына бағыт алған Ryanair әуе компаниясының ұшағы ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай төтенше жағдайға байланысты әуежайға кері оралды. Оқиға салдарынан бір жолаушы жарақат алды.

10 шілде күні таңертең Boeing 737-800 ұшағы шамамен 6 мың метр биіктікке көтерілген кезде салонда қатты жарылыс дыбысы естілген.

Алдын ала ақпарат бойынша, жолаушылар салонындағы иллюминаторлардың бірі зақымданып, салон қысымы күрт төмендеген. Терезе жанында отырған 60 жастағы ер адамды ауа ағыны ішінара сыртқа тартып кеткен.

Қайғылы жағдайдың алдын сол маңда отырған жолаушылар алды. Олар ер адамды ұстап қалып, экипаж жағдайды бақылауға алғанға дейін жібермеген.

Оқиғадан кейін ұшқыш Салоники халықаралық әуежайына шұғыл қайту туралы шешім қабылдады. Ұшақ сәтті қонып, зардап шеккен жолаушыға әуежайда медициналық көмек көрсетілді. Басқа зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Барлық жолаушылар терминалға шығарылып, кейін Ryanair компаниясы олар үшін Меммингенге қосымша рейс ұйымдастырды.

Иллюминатордың зақымдануына не себеп болғаны әзірге ресми түрде хабарланған жоқ. Оқиғаға байланысты тергеу басталып, мамандар ұшақтың техникалық жағдайы мен оған көрсетілген қызметтің талаптарға сәйкестігін тексеріп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Ла-Гуардия әуежайында Air Canada Express ұшағы ұшу-қону жолағында өрт сөндіру көлігімен соқтығысқан еді. Оқиға салдарынан өрт сөндіру қызметінің төрт қызметкері жарақат алып, олардың екеуінің жағдайы ауыр болған. Ұшақтағы 76 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі аман қалған.

Айым Атамбаева
Жұма, 10 Шілде, 2026 20:40