"Нәжіс еденге ағып жатыр": Қостанай облысындағы балалар лагерінің жағдайы жұртты шошытты (видео)

Қостанай облысы “Светофор” балалар лагерінде түсірілген видео желіде қызу талқыға түсті. Кадрдан демалыс орнындағы санитарлық жағдайдың талапқа сай емес екені байқалады. Тексеру нәтижесінде бірнеше заңбұзушылық анықталып, лагерь иесіне ескерту жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ата-аналар не дейді?
Әлеуметтік желіде Қостанай облысындағы жекеменшік “Светофор” балалар лагерінде түсірілген видео тарады. Кадрдан лас болған әжетхананы, еденге төгілген нәжіс пен санитарлық талаптардың өрескел бұзылғанын көруге болады.
Мұны демалуға барған балалардың бірі түсіріп, ата-анасына жолдаған.
“Светофор” лагеріне қатысты пікір қалдырғым келеді. Балаларға жасалған жағдайға көңілім толмайды. Бұл не сұмдық! Мұның бәріне біз 80 мың теңге төледік. Балалар лагерьде болған уақыт ішінде бір-ақ рет суға түскен. Сыртта ауа температурасы 30 градустан жоғары болған. Лагерь жабылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жауаптыларға шара қолданылуы үшін қайда шағымдануға болады? Аталған лагерь Қостанай облысы Алтынсарин ауданы Сосновый Бор демалыс аймағынан шамамен бес минуттық жерде орналасқан”, – делінген желідегі жазбада.
Кейін бұл видео желіде тарап, қоғамның қызу талқысына түсті.
Білім басқармасы жауап берді
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қостанай облыстық білім басқармасынан мән-жайды сұрады. Басқарма сауықтыру лагеріне тексеріс жүргізгенін мәлімдеді.
“Светофор” лагері – балалардың демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыратын жекеменшік мекеме. Ол өз қызметін Қазақстан заңнамасына сәйкес дербес жүзеге асырады. Биыл лагерді “Рашит” жеке кәсіпкерлігі жалға алған. Лагерь 2025 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жазғы маусымға дайындық кезінде Білім басқармасының мониторингтік тобы лагерге 20 мамырда, 12 және 14 маусымда барып, басшылыққа міндетті түрде жойылуы тиіс кемшіліктердің тізімін тапсырған. Атап айтқанда, санитарлық тораптардың, ас блогының және жатын бөлмелердің жай-күйі мен жұмысына қатысты ескертулер берілді”, – делінген жауапта.
Басқарма мәліметінше, директорға заңбұзушылықты жою бойынша хат жолданған.
“Лагерде демалған балалардың ата-анасынан түскен шағымға байланысты Білім басқармасы 16, 17 және 24 маусымда лагерьге қайта барып, тексеру жүргізді. Сонымен қатар балалар лагерден қайтарылды. 17 маусымда Білім басқармасы “Светофор” жекеменшік балалар сауықтыру лагерінің директорына ресми хат жолдады. Құжатта анықталған заңбұзушылықтарды толық жою және балалардың тұруы, тамақтануы, медициналық қызмет алуы мен қауіпсіз демалуына қолайлы жағдай жасау үшін шұғыл шаралар қабылдау міндеттелді”, – делінген хабарламада.
Оған қоса анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін құзырлы мемлекеттік органдарға да ресми хаттар жіберіліпті.
Лагерьді жалға алған кәсіпкерге айыппұл салынды
Қостанай облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, “Светофор” балалар лагеріне балалардың ата-аналарынан түскен шағымдардан кейін жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
“Тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталды. Осыған байланысты Алтынсарин ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жедел ден қою шараларын қабылдау туралы бірнеше қаулы шығарды. Тексеру нәтижесінде асхананың тоғыз қызметкері міндетті медициналық тексеруден және гигиеналық оқудан өтпегені анықталды. Нәтижесінде олар уақытша жұмыстан шеттетілді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар лагерьде балаларды тамақтандыру кезінде қолдануға болмайтын азық-түлік өнімдері пайдаланылған.
“Өсімдік майынан жасалған спред, ірімшік өнімі, үй жағдайында өндірілген сүт пен жұмыртқа жеміс шырындарын пайдалануға тыйым салынды”, – деді департамент өкілдері.
Ведомство мәліметінше, лагерьдің бірнеше жатын корпусы мен асханасының жұмысы уақытша тоқтатылған.
“№2 және №3 жатын корпустарында су жылытқыштары жұмыс істемеген. Ал №4 корпуста қолжуғыш істен шығып, кәріз жүйесі бітелген. Сонымен қатар ас блогында ыстық су болмаған. Ал орталықтандырылған суық су берілмеген және резервуарда су қоры болмаған”, – делінген жауапта.
Бұдан бөлек, мынадай заңбұзушылықтар анықталған:
- санитарлық тораптардың маңы қоқысқа толып, күнделікті дезинфекция жүргізілмеген;
- дәретханаларда пайдаланылған дәретхана қағазы, майлықтар мен нәжіс толып қалған.;
- жатын бөлмелер мен санитарлық тораптарда ылғалды тазалау сапасыз жүргізілген, дезинфекциялық және жуғыш заттар болмаған;
- матрастар, жастықтар, көрпелер мен төсек жабдықтары лас болып, жағымсыз иіс шыққан;
- ғимараттар терезесінде сынған әйнектер тұрған;
- балаларға арналған ауыз су қоры мен бір реттік стақандар болмаған;
- ас блогындағы тоңазытқыштар мен асүй жабдықтарының бір бөлігі істен шыққан;
- шикі және дайын тағамдар бір тоңазытқышта бірге сақталған;
- жарылған және жиегі сынған шыны ыдыстар пайдаланылған, ыдыстар талапқа сай жуылмаған;
- асханада тәуліктік тағам сынамалары алынбаған;
- қызметкерлер арнайы санитарлық киіммен қамтамасыз етілмеген.
Зертханалық сараптама нәтижесінде дайын тағамдардан және асханадағы бірқатар заттардың бетінен ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталған.
“Зертханалық зерттеулер барысында қайнатылған қызылшадан дайындалған салаттан, кеспе сорпасынан алынған сынамалардың 50%-ынан ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталды”, – делінген хабарламада.
Анықталған заңбұзушылықтар үшін лагерьді жалға алып отырған жеке кәсіпкерге 346 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұдан бөлек барлық кемшілікті жою туралы нұсқама берілген.
Енді прокуратура органдары жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сөзінше, бақылау шараларының қорытындысы бойынша Қазақстан заңнамасына сәйкес қосымша шаралар қабылданады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысындағы лагерьде балалар жаппай уланып қалғаны туралы жазған едік.
Алматы мен Шымкентте тұрғын үй бағасы төмендеп кетті: Бұған не себеп
Оқыңыз