Бір күнге 2500 теңге: Қазақстандық хостелдердегі шарттар мен баға қандай?
Хостел қазіргі уақытта қолжетімді баспана түріне айналып отыр. Алайда сарапшылар елімізде бұл қызметтің стандарттарға сай болуын тексеріп жатқандардың аз екенін айтады. Жұмыс бабымен өзге қалаға келгендер немесе жатақханадан орын ала алмаған студенттер үшін бұл ең тиімді таңдау екені сөзссіз. Осы тұста Stan.kz тілшісі үш мегаполистегі хостел қызметі мен бағасына шолу жасап көрді. Таңдау кезінде хостел бағасы мен рейтингіне мән берілді.
Алматы
Алматы жыл сайын жастар жан-жақтан оқуға, жұмыс істеуге ағыла келетін мегаполис болғандықтан мұнда баспана іздеу мәселесі үнемі көтеріледі. Әсіресе, студенттердің оқу маусымы жақындағанда қалада пәтер бағалары өсіп нағыз қарбалас басталады. Дәл осындай сәтте бағаның қымбаттығы мен орынның жоқтығынан хостел қызметін тиімді таңдау деп қарастыратындар көп. Олай болса Алматыдағы хостелдерге шолу жасап көрейік:
Big hostel – мұнда бір күндік түнеу бағасы 2 500 теңге. 2gis.kz-тегі суреттер мен ақпараттарға сүйенсек, хостел ең төменгі қабатта орналасқан. Бұл қаладағы жаңадан ашылған “жатын үй” екен.
Сурет 2gis.kz-тен
Сурет 2gis.kz-тен
Хостел қаланың орталығында орналасқан. Мұндағы тұтынушыларға ұсынылатын қызметтерге: тегін Wi-Fi, ас үй мен душ кіреді.
Alma-Ata Hostel Медеу ауданында орналасқан бұл хостел бағасы күніне 3 000, ал айына 60 000 теңге тұрады. Мұнда тегін Wi-Fi мен кір жуатын машина бар. Бір бөлмеде төрт адамға дейін орналастырылады.
Сурет 2gis.kz-тен
Хостелдің әкімшілік қызметкері Жайсанбаева Гүлзираның айтуынша, хостелге күнде әртүрлі адамдар келеді екен, арасында студенттер де бар.
“Жолдан келіп қонатындар, студенттер бар. Бізде бір күнге ғана келген адамдарға арнайы бөлме қарастырылған. Ол жерде 4 адамнан бастап қона алады. Ал былайша көбне екі орындықтан төрт орындық бөлмеге дейін. Одан көп адамның болғанын құп көрмейміз”, – деді ол
Гүлзира түнгі сағат 1-де хостел есігі жабылатынын жеткізді. Айтуынша, мұнда ішімдік ішкен адамдар қабылданбайды. Ал жұмыстан кеш келетін азаматтар алдын ала ескертеді екен.
“Біз студенттер арасынан кәмелетке толмағандарды алмаймыз. Бұл үлкен жауапкершілік екенін түсіне отыра, 21 жастан бастап қана кіргіземіз. Келушілеріміздің қандай адам екеніне барынша назар аударамыз. Себебі танымайтын адамдар көп жиналған жерде ұрлық болуы мүмкін. Әрине, бізде ондай болып көрмепті. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ”, – деп қосты қызметкер.
Сурет 2gis.kz-тен
Гүлзира осы тұста қауіпсіздікке де қатты алаңдайтынын жасырмады.
“Хостелдің орналасқан жері өте маңызды. Әрине, жертөледе болмағаны дұрыс. Терезелері үлкен болуы керек, ауа кіруі қажет. Мен өзім жұмыста болғанда түнімен ұйықтамай кіріп-шыққан адамдарды қарап жүремін, алаңдаймын. Себебі кез келген уақытта түрлі жағдай орын алуы мүмкін”, – деп қорытты ол.
Star – 2gis.kz-тегі хабарландыруда хостел өзінің қаланың қақ ортасында орналасқанын жазған. Мұнда бір күнге түнеу бағасы 4 000 теңге. Жайлы төсек-орын, жаңа төсеніштер мен сүлгілер, яғни тұрмысқа қажетті дүниелер бар екені жазылған.
Мұнда 10, 6, 4 орындық бөлмелер бар.
Дәліз бен асхана, жуынатын бөлмелері бар.
Орташа есеппен алғанда қалада хостел бағасы бір күнге бірнеше адамдық бөлме 2 500- 3 000 теңгеден, екі адамдық бөлмелер 5 000 – 8 000 теңгеден басталады. Ал айына шамамен 35- 85 мың теңгеге жетеді.
Кей хостелдерде жуынатын бөлмесі жеке люкс орындар да бар. Хостелдердің өзіндік шарттары да жоқ емес. Мәселен, мұнда бір айға тұруға келген адам осы уақыт аралығында бірнеше күнге кететін болса, заттарын қалдырып, орнын сақтау үшін толық ақысын өтеуі қажет. Егер өзі болмаған күндерге қаражат төлегісі келмесе онда төсек-орын мен сөрелерді босатып кетуі керек. Сол аралықта бұл орын өзге келушілерге беріледі. Ал заттарды сақтау қоймасына күніне 500 – 1 000 теңге төлеп қалдыруға болады екен.
Шымкент
Ns-Prestige – хостелдің ресепшн бөлімінің қызметкері Махаббат Карибаеваның айтуынша, хостелдің қызметін қалаға жұмыс істеуге келген азаматтар көбірек пайдаланады екен.
Мұнда ерлер мен әйелдерің бөлмелері бөлек орналасқан. Жалпы номерлер бір күнге 3 000 теңге, ал екі орындық бөлме 3 500 теңге тұрады.
Бір бөлмеде 12 адамға арналған екі қабатты төсектер тұрады. Егер 15 күнге алдын ала төлем жасалса, әр күнге 2 200 теңге жеңілдік жасалады. Ал бірден бір айға төлейтіндерге күні 1 400 теңгеден есептеледі екен.
Бірінші қабатта ресепшн. Екінші қабатта 12 адамдық 5 бөлме мен екі адамдық 1 бөлме орналасқан. Дәлізде диван мен теледидар, үтік қойылған.
Сурет 2gis.kz-тен
Махаббат Карибаеваның айтуынша, мұнда үндістер, қытайлықтар, филиппиндіктер келіп тұрады екен.
“Бізге көбіне ұзақ жолдан келгендер, шетелдіктер келіп қонып жатады. Ал жергілікті аймақтардан жұмыс істеуге келгендер көбіне айлап ұзақ тұрады. Үнемі тұратын 15 адам бар. Студентер жоқ, көбі жұмыс істейтін азаматтар”, – деді маман.
Adal Hostel – мұнда бір бөлмеде төрт адамдық төсектер қойылған. Дәлізде теледидар мен дивандары бар.
Сурет 2gis.kz-тен
Бір күндік баға 3 000 теңге, ал бір айға 45 000 теңге. Мұнда төменгі қабатта монша да ұсынылады екен.
Сурет 2gis.kz-тен
Smart Hotel – қаланың ортасында орналасқан. Мұнда тегін Wi-Fi мен жеке автотұрақ бар. Кондиционер, душ, фен, жеке жуынатын бөлме, төсек-орын мен сүлгілермен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, хостел келушілеріне халал таңғы ас ұсынады екен.
Сурет 2gis.kz-тен
Хостелде ерлер мен әйелдердің бөлмелері бөлек орналасқан. Бір күндік баға 4 750 теңгені құрайды. Бір бөлмеде 6 адамға дейін жететін төсек-орын бар.
Сурет 2gis.kz-тен
Байқағанымыздай, хостелдердің бағасы бір бөлмедегі адам санына қарағанда орналасқан жері мен ішкі жөндеу жұмыстарының сапасына қарай қойылған.
Сонымен Шымкент қаласындағы хостелдер бағасына қорытынды жасасақ:
- бірнеше адамдық бөлменің бағасы орташа есеппен – 3 000-5000 теңге;
- екі адамдық жайлы орындар – 5 000– 8 000 теңге аралығында;
- ал бір айлық баға – 40 000 – 87 000 теңге аралығында.
Астана қаласы
Елорда жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндігі мол қала болғандықтан мұнда ел аймақтарынан келгендер көп. Оның үстіне Астанаға шетелдіктердің де көп келетіні белгілі. Оқуда жүрген студенттер де жетерлік.
Elite – 2gis.kz-тегі хабарландыруда бұл хостелде баға екі қабатты төсектің үстіңгі жағы 3 000 теңге, ал асты 3 500 теңге екені көрсетілген. Айлық ақысы да дәл солай үстіңгі қабаттағы орын 35 000 теңге болса, асты 40 000 теңгеге бағаланған.
Сурет 2gis.kz-тен
Мұнда тегін Wi-Fi қызметі бар. Тіпті кейбір бөлмелерде сейфке дейін орнатылған екен. Хостел өз жазбасында тіпті қонақтардың әуежайға дейін тасымалдау қызметін пайдалана алатынын қалдырған.
Сурет 2gis.kz-тен
Одан бөлек, ортақ ас үй, жуынатын бөлме мен шаш кептіргіш, кір жуғыш машинаның қолжетімді екені көрсетілген. Суреттерге қарап 8 орындық екі қабатты төсектерді көре аламыз. Хостел қаланың нақ ортасында орналасқан.
A&V хостелі – баға бойынша мұнда бір күнге қону 2 000 теңгеден басталады. Ғимаратқа 80 адамға дейін сыяды.
2gis.kz-тегі суреттерге қарап екі, төрт адамдық орындарды көзіміз шалды. Мұнда төсектер екі қабатты емес.
Сурет 2gis.kz-тен
Мұнда теннис үстелі бар ойын бөлмесі мен тамаққа тапсырыс беруге болатын асхана бар. Келушілердің өзі де тамақ әзірлей алады.
Сурет 2gis.kz-тен
Кір жуғыш машина, киім үтіктейтін жер, жаңа сантехника мен жуынатын бөлме де қарастырылған. Күндеп, апталап, айлап тұруға да мүмкіндіктер мен жеңілдіктер қарастырылған екен.
Forum хостелі – желіге салған хабарландыру бойынша мұнда 6 адамдық орындардан бастап отбасылық бөлмелерді жалдауға болады.
Сурет 2gis.kz-тен
Хостел өз қызметтерінде тегін Wi-Fi қызметі, ойын бөлмесі мен отбасылық бөлменің бар екенін көрсеткен.
Мұнда баға 4 500 теңгеден басталады. Алайда орын азайған тұста бағаның өсуі әюден мүмкін. Отбасылық бөлмелер 15 179 теңге, ортақ номерлер 5 357 теңгеден қойылған.
Сурет 2gis.kz-тен
Хостелде шай, кофе тегін беріледі. Ас үй, жуынатын бөлме де жекелей және ортақ орналасқан.
Астана бойынша хостелдердің орташа бағасы бірнеше адамдық бөлме бір күнге 2000-5000 теңге аралығында, ал жарты күнге – 1 500 теңгеге де табуға болады. Екі адамдық жайлы орындар 8-10 мың теңге көлемінде тұрады.
Қалада іс сапарлар мен кездесулер көп болғандықтан мұнда келген қонақтар үшін тұрақтайтын орынды осындай бағада таба алады.
Елімізде қонақүйлер, жалға берілетін пәтерлер мен хостелдер қызметі қарқынды дамуда.
Еске салсақ, Алматы қаласында Алматыда хостелдегі өрттің салдарынан 13 адам мерт болған еді. Олардың арасында студенттер де болды.