Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропада қытайлық маркетплейске заңсыз тауарлар үшін 200 миллион евро айыппұл салды

Temu айыппұл
Фото: Sporgundemi.net.tr

Еуропалық комиссия Қытайдың Temu онлайн дүкені Цифрлық қызметтер туралы заңды бұзғаны үшін оған 200 миллион еуро көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еурокомиссияның мәліметінше, компания платформада заңсыз тауарлардың ұсынылуына байланысты жүйелік тәуекелдерді және оның Еуропалық Одақ тұтынушыларына келтіретін зиянын тиісті деңгейде анықтап, талдап және бағалай алмаған.

“ЕО тұтынушыларының Temu платформасында заңсыз тауарларға тап болу ықтималдығы жоғары”, – деп мәлімдеді Комиссия өкілдері.

Комиссия "құпия сатып алушы" әдісімен тексеру жүргізіп, таңдап алынған қуаттағыш құрылғылардың өте жоғары пайызы қауіпсіздік бойынша негізгі сынақтардан өтпегенін анықтады. Сондай-ақ тексерілген балалар ойыншықтарының едәуір бөлігі орташа және жоғары деңгейде қауіпті екені белгілі болды. Себебі олардың құрамында рұқсат етілген мөлшерден асатын химиялық заттар болған немесе тұншығу қаупін тудырған.

Еурокомиссияда компания сервисінің дизайны, соның ішінде ұсыным жүйелері мен аффилирленген инфлюенсерлер арқылы жүзеге асырылатын өнімді ілгерілету бағдарламалары заңсыз өнімдердің таралу қаупін күшейтуі мүмкін екенін атап өтті.

Temu бір ай ішінде Комиссияға заңбұзушылықтарды жою бойынша іс-қимыл жоспарын ұсынуға тиіс. Ал екі айдан кейін Еурокомиссия түпкілікті шешім қабылдап, оны іске асыру мерзімдерін белгілейді.

Temu компаниясы ЕО шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, айыппұл мөлшерінің тым көп екенін айтты.

Бұл – Еуроодақтың цифрлық қызметтер туралы заңы аясында салған екінші айыппұлы. Алғаш рет былтыр желтоқсанда X әлеуметтік желісіне 120 миллион еуро көлемінде салынған. Маркетплейс жарнама мен қолданушылар аккаунттарының ашықтығы жеткіліксіз болғаны үшін айыппұл арқалады.

Бұған дейін Оңтүстік Корея Temu мен AliExpress уланған ойыншықтарды сатып жатқанын мәлімдеді. Сеул билігі Temu және AliExpress-те сатылатын 35 түрлі балалар өнімінің қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін тексерді. Олардың 11-і бұл сынақтан өте алмады. Мысалы, балалардың қолшатырларының алты түрінен фталат негізіндегі пластификаторлар табылды. 

Бұл заттардың концентрациясы рұқсат етілген нормадан 400 еседен астам асып кетті. Пластмассаны икемді ету үшін әдетте фталат негізіндегі пластификаторлар қолданылады. Ол көп мөлшерде қолданылса балаларда жыныстық жетілуді кешіктіріп, ересектердегі ұрпақ өрбіту қабілетінің бұзылуына себеп болуы мүмкін.

Айым Болатқызы
Жұма, 29 Мамыр, 2026 08:57