Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешқандай диета ұстамайды": 111 жастағы британиялық азамат әлемдегі ең кәрі ер адам атанды

Англиядағы Мерсисайд графтығының тұрғыны 111 жастағы Джон Тиннисвуд бүгінде әлемдегі ең қарт ер адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: BBC News

Қария 5 сәуірде 111 жасқа толды. Ол ұзақ жасауының сырын әр жұма сайын жейтін сүйікті тағамы балық және қуырылған картоппен байланыстырады. Сондай-ақ жас кезінде тұрақты түрде жаяу жүретінін еске алып, ол әдеттің де ұзақ өмір сүруіне себеп екенін атап өтті. Қарияның айтуынша, ол ешқандай диета ұстамайды. 

Теннисвуд қазір Саутпорт қаласындағы қарттар үйінде тұрып жатыр. Қария ақыл-ойды жаттықтыруға кеңес береді. Сонымен қатар ол әр нәрсенің өз мөлшері барын естен шығармау керегін айтады. 

Бұған дейінгі әлемдегі ең қарт ер адам атағының иегері венесуэлалық Хуан Висенте Перес Мора сейсенбі күні 114 жасында қайтыс болған еді.

Джон Тиннисвуд 1912 жылы 26 тамызда Саутпорт қаласында дүниеге келген. Қария – англиялық “Ливерпуль” футбол командасының жанкүйері. Ол әйелі Блодвенді Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кездестіріп, 1942 жылы шаңырақ көтерген. 



1943 жылы олардың Сьюзен есімді қыздары дүние келген. Джонның 44 жыл отасқан жары Блодвен 1986 жылы қайтыс болды. 

Тиннисвуд 1972 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Royal Mail, Shell және BP сияқты ірі компанияларда қызмет еткен. Қария ұзақ өмір сүру үшін ағзаға шамадан тыс күш түсірмеу керегін және адамдармен тіл табыса білу керегін айтады. 

Ал 4 сәуірде Джон Тиннисвудқа Гиннестің рекордтар кітабының сертификаты табысталды. 

Гиннестің рекордтар кітабының геронтолог кеңесшісі Роберт Янг және Геронтология зерттеу тобының мүшелері Тиннисвудтың ең кәрі ер адам екені туралы құжатты ұсынды. 

Әлемдегі ең қарт әйел – испаниялық Мария Браньяс Морера жақында өзінің 117 жылдығын атап өтті.

Бұған дейін 100 жастағы дәрігер ұзақ жасаудың құпиясын ашқан еді.

Талқылау