Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаншама адамға зияны тиді ме, жазалануы керек": Отандық журналистер Ернар Айдардың ұтыс ойнына қатысты пікірлерін білдірді

Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, ақша берем, достарыма тіркел немесе ақша төле де үй, машина ұтып ал деген конкурстар мен лотереялардан көз сүрінеді. Әсіресе оқырманы көп жұлдыздар мен блогерлер арасында бұл ойын қызып тұр. Арманыңды орындаймын деп, қарапайым халықтың арманына балта шауып жатқан әртістер насихаттап жүрген дүниесі үшін жауапкершілікті көтеруі керек пе? Stan.kz тілшісі Ернар Айдардың халықты сан соқтырып кеткен ұтыс ойынына байланысты журналистер пікірін тыңдады. 

Танымал сценарист-редактор Перизат Мырзахмет желідегі әр парақшаның иесі жазып, насихаттап жүрген дүниесі үшін жауап беруі керек екенін айтады. 

"Мен білмей қалдым", "Мен де алдандым" деген сылтау оларды жауапкершіліктен босатпауы керек. Олардың парақшасында болып жатқан нәрсе басқа адамдардың өміріне әсер ететінін білуі, түсінуі және мойындауы керек", - дейді сценарист-редактор.

Перизат Мырзахмет миллиондаған оқырманы бар парақша иелерінің жауапкершіліксіз ойына келгенді сала беруіне қарсы екенін айтады. Оның пайымынша, өйтсең ақша берем, бүйтсең машина берем дейтіндер  инстаграм желісін онлайн-базарға айналдырып жіберген.  

"Жақында бір инста-блогер "лото ойнататындардың кесірінен инстаграмның, интернет-контенттің құны түсіп бара жатыр" деген пікір қалдырды. Осы пікірмен толық келісемін. Инстаграмды ең арзан базар сияқты қылып жіберді. Бұрын ой айтатын, жақсы контент салатын платформа қазір базарға айналып кетті", - дейді Перизат Мырзахмет. 

Перизат басы бәлеге қалған Ернар Айдардың бұл қылығын ақтап алуға болмайтынын кесіп айтты.

"Өйткені парақшаңа не салып жатқаныңды өзің жақсы білуің, зерттеуің керек. Біздің әншілердің ақылмен алға шыққанын ешқашан көрген емеспін, тек танымалдылық арқасында өтірік өлең жазып жүргендер. "Темірді қызған кезінде соқ" дегендей миллион адам мәңгілік тұрмайды, қызығын көріп қалайын деп осындай қадамға барады", - дейді Перизат. Және ол Ернардың өнерлі болғаны үшін жазадан "құтылып" кетуі дұрыс еместігін айтты. 

"Барлығы заң алдында бірдей. Қаншама адамға зияны тиді ма, жазалануы керек. Не үшін оған мен кешірім беруім керек?!" - деп түйді ойын.

"Информбюро" бағдарламасының жүргізушісі, инстаграм желісін белсенді пайдаланушы Ерқанат Көпжасар лотерея ойнатуға елімізде тек Ұлттық лоторея операторы ғана құқылы екенін айтады. Сондықтан басқалары заңсыз насихат үшін заң аясында жауап беруі керек деген ойда. Бірақ біздің елде заң адамдардың дәрежесіне қарай жұмыс істейтінін айтқан журналист көп мәселе заңнан бұрын "понятиемен" шешілетінін айтып налыды. 

"Ернар Айдардың кінәлі екенін тергеу орындары анықтау керек. Моральдық көзқараспен заңсыз әрекеттерге баға беруге болмайды. Бұл жерде алаяқтық бабы болуы мүмкін. Яғни қылмыстық іс.  20 000 билет сатылған. Резонансты іс. Ойын әділ өтті ме, билет сатып алушылар арыз жазды ма деген сияқты сұрақтар әлі жабулы тұр. Себебі құзырлы органдар ашық жұмыс істеп отырған жоқ", - дейді Ерқанат Көпжасар. Оның айтуынша, Ернар Айдар ешнәрсені білмей қалуы мүмкін емес.

"Мұндай ауқымды жобада алаяқтық болса, бұл екіжақты келісімсіз жүзеге аспайды. Ұйымдастыру барысында ойыншыларға бірнеше уәде берілген. Сол уәделердің көбі орындалмапты. Ендеше әнші ойынның негізгі жарнамалаушысы ретінде мұндай шикіліктерден секем алып, тексеруі керек еді", - деген пікірін білдірді Ерқанат. Тележүргізуші әншінің қателігі үшін жауапкершілікті сот құзыры шешкен дұрыс деген пайымда.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау