"Ересек адам ретінде шешім қабылдадым": Абай Бегейдің тұңғыш қызы да хиджабын шешті

Танымал әнші Абай Бегейдің тұңғыш қызы, блогер Ерке Ниязқұлова да хиджабын шешті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі алғаш рет қыздарымен бірге орындаған “Айналайын” әніне бейнебаян түсірген. Кадрлардан әншінің үлкен қызының да орамалсыз жүргенін анық көруге болады.
Сондай-ақ блогердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндегі жаңа кезеңге қатысты жазба қалдырған. Ерке Ниязқұлова көпшіліктен бұл шешімді қандай да бір жағдаймен, бейнебаянмен немесе белгілі бір адаммен байланыстырмауды сұрады.
Ол өзгенің таңдауына құрметпен қарауға шақырды.
“Сіздерге үлкен өтінішім бар. Орамалды ешқандай жағдайға, бейнебаянға, адамға байланыстырып өз ойларыңызбен түрлі ақпарат құрастырмаңыздаршы! Мен ересек адам ретінде өзіме ғана байланысты нәрсеге шешім қабылдадым. Біреу киді, біреу шешім, ол адамдарда менің шаруам жоқ, болмаған да. Әркім өзі басына ғана жауап береді. Менің қазіргі күйімді қабылдап, құрметтеп, түсіністік танытуларыңызды ғана сұраймын”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, жақында Абай Бегейдің блогер қызы Сымбат Абайқызы да орамалын шешкені хабарланған еді. Кейінірек ол өміріндегі өзгерістерге байланысты оқырмандарына үн қатты. Ол жазбасында әркімнің өз жолы бар екенін айтты. Сондай-ақ ол бұл шешімін қолдап жатқан жандарға алғыс білдірген еді.