Қазақстаннан бензин мен дизель отынын шығаруға салынған тыйым 2027 жылдың мамырына дейін ұзартылмақ

Энергетика министрлігі Қазақстаннан бензин мен дизель отынын шығаруға салынған тыйымды ұзартуды көздейтін бұйрық жобасын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Энергетика министрлігі "Ашық НҚА" порталында "Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкету мәселелері туралы" бұйрық жобасын жариялады.
"2026 жылдың 22 қарашасынан 2027 жылдың 22 мамырына дейін автокөлік және теміржол көлігі арқылы бензин, дизель отыны және жекелеген мұнай өнімдерін шығаруға, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге шығаруға тыйым салынады. Сондай-ақ 2027 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымына дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын экспорттауға тыйым енгізіледі", – делінген құжатта.
Тыйымдардың алты ай мерзімге енгізілетіні және бірқатар ерекшеліктер қарастырылғаны атап өтілді. Олардың қатарында гуманитарлық көмек пен үкімет шешімдері негізінде жүзеге асырылатын жеткізілімдер бар.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, жоба нормалары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.
Жоба бойынша қоғамдық талқылау 21 шілдеге дейін жалғасады.
Еске салсақ, бұған дейін энергетика министрлігі елдегі жанармай нарығындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы туындау қаупі жоқ екенін хабарлаған еді. Сондай-ақ Қазақстан Ресейге бензин экспорттауға дайын екенін мәлімдегені туралы жазған едік.
"Болашақ ойындары – 2026": Ауқымды сайыста Қазақстан намысын кімдер қорғайды
Оқыңыз