"Бақылау күшейтілді": Энергетика министрлігі жанармай нарығындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Энергетика министрлігі Қазақстандағы бензин мен дизель отынының қазіргі жағдайына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы туындау қаупі жоқ. Ішкі нарықта мұнай өнімдерінің жеткілікті қоры қалыптастырылғаны атап өтілді. Бұл қор жазғы және туристік маусым кезеңінде тұтынушыларды тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Жинақталған қор көлемі 1,1 млн тоннадан асады, оның ішінде негізгі мотор отыны түрлері – АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин, сондай-ақ дизель отыны бар. Аталған қор тұрақты сипатқа ие және мұнай өңдеу зауыттарының ағымдағы өндірісі есебінен тұрақты түрде толықтырылып отырады", – деді энергетика министрінің кеңесшісі, министрліктің ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Министрлік өкілі бұған дейін енгізілген мемлекеттік реттеу шаралары қазір де қолданыста екенін атап өтті. Олардың қатарында автомобиль және теміржол көлігімен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға биылғы жылдың 21 қарашасына дейін уақытша шектеу қойылған.
ОқыңызҚосымша ретінде мемлекеттік шекараны көлік құралдарының кесіп өту жиілігін шектейтін норма да қолданыста. Оған сәйкес, көлік құралдары тәулігіне бір реттен артық шекарадан өте алмайды.
20 маусымнан бастап өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілді. Оған ҰҚК, ІІМ, мемлекеттік кірістер комитеті және қаржылық мониторинг агенттігінің бөлімшелері де тартылған.
Министрлік мәліметінше, ел ішіндегі жағдай үкімет пен уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында. Жағдайды мониторингтеу үшін әкімдіктер жанынан облыс әкімдерінің салалық орынбасарларының жетекшілігімен, сондай-ақ кәсіпкерлік басқармаларының қатысуымен өңірлік штабтар жұмыс істейді.
"Қазір олар күшейтілген мақсатты тексерулер жүргізуде. Мамандар жанармай құю бекеттеріндегі қор көлемін қадағалап отыр, жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкету деректерінің жолын кесуде және сатушылар тарапынан орын алуы мүмкін негізсіз әрекеттерге жедел әрекет етуде", – деді Әсел Серікпаева.
Сонымен қатар министрлік өкілі Қазақстанда автомобиль отынының бөлшек бағалары мемлекет тарапынан реттелмейтінін және тек нарықтық негізде қалыптасатынын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанға Ресей тарапынан жанармай жеткізу мәселесіне қатысты ресми өтініш түспегенінін мәлімдеген еді.