Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылды айыптады

Фото: Pixabay.com

19 шілдеде Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу операциялары жүргізіліп жатқан кезде "ASIA" және "NISSOS IOS" танкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Энергетика министрлігі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған кемелер Қазақстанда өндірілген мұнайды тиеген. Танкерлердің бортында халықаралық экипаж мүшелері болған.

“Шабуыл салдарынан танкерлерде өрт шыққанымен, экипаждардың жедел іс-қимылының арқасында өрт қысқа мерзімде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. №1 және №3 қашықтан тиеу құрылғылары зақымданған жоқ. Теңіз акваториясына мұнай төгілген жоқ”, – деп мәлімдеді министрлік.

Қазір терминалда мұнай тиеу жұмыстары оқиғаның салдарын бағалау аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылды. Мұнайды жөнелтуді қайта бастау туралы қосымша ақпарат қолжетімді болған сайын ұсынылады.

Энергетика министрлігі азаматтық мақсаттағы аса маңызды энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған мұндай шабуылдарды жол беруге болмайтын әрекет деп санайды.

Халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына кез келген күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді, энергетикалық ресурстардың үздіксіз халықаралық сауда тетіктерін бұзады және жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді.

Еске салайық, КТК-ның теңіз терминалына дрондармен шабуыл жасалғаны туралы жазған едік.

Қырмызы Скендір
Дүйсенбі, 20 Шілде, 2026 18:51