Екі жасөспірімді Жетісу облысындағы өзен ағысы ағызып кете жаздады (видео)

Жетісу облысында нөсер жауыннан кейін Үсек өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, өзен арнасында қалған екі жасөспірім қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Дәрігерлер тексергеннен кейін олардың үйлеріне жіберілгені хабарланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 9 шілде күні болған. Таулы аймақта нөсер жауынның салдарынан өзендегі су деңгейі кенет көтеріліп, өзен арнасында жүрген жасөспірімдер жағалауға өте алмай қалған.
Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, жергілікті атқарушы орган өкілдері және жақын маңдағы ауыл тұрғындары жедел жеткен.
Бірлескен құтқару жұмыстарынан соң жасөспірімдер қауіпсіз жерге шығарылды.
"Құтқару операциясына қатысқан барлық мамандардың үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының арқасында кәмелетке толмағандар аман-есен қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Медициналық тексеруден кейін олар үйлеріне жіберілді. Олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", – деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаменті.
Жасөспірімдердің ата-аналары құтқару жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға алғыс айтты.
Полиция жауын-шашын кезінде және өзендердегі су деңгейі көтерілген уақытта қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, тау өзендерінің арналарына түспеуге және балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды.
Бұған дейін Алматы тауларында Молодежный шыңына көтерілгеннен кейін байланысқа шықпай қалған үш туристің құтқарылғаны хабарланған еді.
Еске салайық, бұған дейін 21 маусым күні Маңғыстау облысында Ақтаудан 56 шақырым жердегі жабдықталмаған жағалауда 27 жастағы ер адам Каспий теңізіне батып кеткенін жаздық. Қатты дауыл салдарынан іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылып, оның мәйіті 26 маусым күні Ақтаудан шамамен 65 шақырым жерден табылды.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді
Оқыңыз