"Дубайда жүргенде кішкентайымнан айырылып қалдық": Ермахан Ибраимов басынан өткен сынақ туралы сыр шертті
Жаңадан Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған спортшы, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов ASSYLTAS TV арнасына сұхбат беріп, басынан өткен үлкен сынағы, балалар саны туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Биыл елуге келетін атақты спортшының айтуынша, елуде ел ағасы болуға дайын.
Алдағы уақытта Ермахан Ибраимов депутат қызметінде спорт мәселелерімен, бапкерлердің жалақысын көтерумен, оқу-жиын жаттығуларға жұмсалатын қаржы көлемін көбейтуді көздейді. Одан басқа Алматы Экология комитетінің төрағасының орынбасары ретінде тағайындалған спортшы мегаполистің экологиялық ахуалына аса назар аудармақ.
"Бір сөзбен айтқанда депутат та бола білу керек, билікке де сөз тигізбеу керек" деген пікірде Олимпиада чемпионы.
Спортшының айтуынша, әлеуметтік желілеріне баласының тұсауын кесіп беруді, аузына түкіріп беруді сұрайтындар көп екен. Олимпиада чемпионы деген атағы көрінген жерде ішімдік ішіп, темекі шегуіне тыйым салатынын да спортшы өз сөзінде айтып қалды. Өзі Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаевты кумирі ретінде санаған Ибраимов өскелең ұрпаққа үлгі болсам дейді.
Бағдарлама барысында спортшы көпбалалы әке екенін, бірақ қазақ бала санын айтпағанды сылтауратып, нақты айтудан бас тартты. 2019 жылы Ермахан Ибраимовтың кішкентайы шетінеп кеткен, бұл да бала санын қазір жасыруға себеп болған.
Оқыс оқиға Дубайда демалып жүргенде орын алған. Бес минуттай қараусыз қалған кішкентайы бассейнге жүгіріп, батып кеткен. Екі жарым жастағы баланы судан алып шыққанда дәрігерлер қолдан келгенді жасап, жүрек қағысын қалпына келтірген. Бірақ ми өлімі тіркелген.
"Біздер арнайы ұшақпен елордаға жеттік. Серік Ақшолақов ағамызға (атақты нейрохирург - каз.) көрсеттік. Дүниеде қандай ем жолдары бар, бәрін қарастырдық. Бірақ тек бір Алланың қолында болды. Миы оянбады. Сондай қатты сынақ жіберді. Оны ойымыздан өткіздік, өте қиын болды әрине. Мен үшін, жұбайым үшін. Ол қиындықтан өттік", - деп қиын сәттерді еске алды спортшы.
Жуырда кішкентай нәрестелі болдық.
"Халықтан кешірім сұраймын": Ермахан Ибраимов сайлау күнгі әрекеті туралы тағы сөз етті
"Маған Бекзат Саттархановтың әкесі қайтыс болмас бұрын "Ермахан, ештеңе жоқ, жассың. Қартайып тұрған ештеңең жоқ. Келін екеуің әрекет етіңдер, тағы дүниеге бала әкеліңдер. Көңілдерің орнына келеді деп ақылын айтып кетіп еді. Сол ақылын тыңдап, міне балалы болдық", - деп отбасындағы қуанышымен бөлісті Ибраимов.
"Оның алдында осынша балам бар. Құдайға шүкір, осыншасы ұл, осыншасы қыз деп айтқаным бар. Бірақ "счастье любит тишину" деген сөз бар ғой. Көп жариялай беруге болмайды. Соңғы уақытта жастар көп жариялап кетті ғой отбасын, бала-шағасын, бірақ мен оған қарсымын. Көз бар, тіл бар", - деген сенімде спортшы.
Биыл елу жасқа келетін спортшы осыған дейін жеткен жетістіктерінің арасында Олимпиада медалінен басқа, еліміздің өңірлерінде спорт мектептерін ашуын, өз қаражатына мешіт салдыруын, бала-шағасын тәрбиелеп, үлкен баласын үйлендіріп, бөлек үй қылуын санайды.
"Елуде енді ел ағасы болуға дайынмын", - дейді Ибраимов.