Астаналық әйел денсаулығында кінәраты бар ұлын әскерге жібермек болғанына шағымданды
Астаналық әйел әскерге шақырылған ұлының денсаулығына алаңдап, президенттен көмек сұрады. Оның айтуынша, дәрігерлер баласының өт қабынан полиптер мен жедел гастрит анықтаған. Соған қарамастан, медициналық тексеруі толық аяқталмай жатып, ұлын әскери комиссариатта қалдырған. Одан кейін Шымкентке немесе Отарға жіберілуі мүмкін екенін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Гүлжанат Юпитерқызының айтуынша, ұлына 8 қазанда әскерге шақыру қағазы келген. 12 қазанда анасы баласымен бірге Астанадағы Байқоңыр ауданының әскери комиссариатына барған. Ол ұлының әскерден жалтарғанын қаламай, тексеру үшін өзі алып барыпты.

“2025 жылы қыркүйекте ұлымның денсаулығына байланысты әскерге шақыру алты айға кейінге қалдырылған еді. Сол кезде дәрігерлер өт қабынан полиптер мен жедел гастрит анықтады. Жақында ультрадыбыстық зерттеу кезінде жүрегіне қатысты да ауытқулар байқалды”, – дейді әйел.

Әйелдің сөзінше, әскери комиссариатқа барған күні ұлын казармада қалдырып, телефонын алып қойған.
“Ұлыммен байланыса алмай, сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін жауапты адамдардан түсініктеме алуға тырыстым. Бірақ оны не себепті казармада қалдырғанын ешкім нақты түсіндірмеді. Ақырында мені ғимараттан шығарып жіберді. Одан кейін ұлымды 13 қазанда Шымкентке немесе Отарға жіберуі мүмкін екенін айтты. Алайда балам медициналық тексеруден толық өтпеген еді”, – дейді әйел.
Әйел ұлын казармада қалдырудың заңды негізін, медициналық қорытындыны және баласына қатысты қандай шешім қабылданғанын білгісі келеді.
“Ұлымды әскерден босатуды сұрамаймын. Егер денсаулығы жарамды болса, медициналық тексеруден кейін заңға сай анықталуы керек. Баламның денсаулығына алаңдап отырмын. Бірақ ешкім маған нақты жауап бермей отыр”, – деді Астана тұрғыны.
Десе де кейінірек әйел жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, алдыңғы күні әскери комиссариат қызметкерлерімен арада түсінбеушілік болған. Медициналық комиссияның жұмысы аяқталмағандықтан, ұлы қосымша тексеруден өткен. Оған енді ғана дәрігерлерге қаралуға жолдама беріліпті.
“Ұлым қазір жанымда, аман-есен. Бәрі жақсы. Қорғаныс министрлігіне жағдайға жедел назар аударғаны үшін алғыс айтамын. Қазір ұлымды көріп, жанында отырмын. Ешқандай шағымым жоқ”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада қазақстандықты әскери комиссариат қызметкерлері атын жамылып алып кетпек болғаны туралы жазған едік.
Шошқа тұмауы Қазақстанға жетті: Неден сақтану керек