"Үшеуі қоршап алды": Астанада қазақстандықты әскери комиссариат қызметкерлері атын жамылып алып кетпек болған
Threads әлеуметтік желісінде Астаналық тұрғын әйелімен кешкі серуен кезінде әскерге алып кетудің жаңа әдісіне тап болғанын жазды. Қорғаныс министрі осы оқиға бойынша пікірін білдіріп, Полиция департаменті тергеу амалдарын бастап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Оқиға қалай болды.
Жазба авторының айтуынша, үйдің жанында оған және жұбайына екі ер адам жақындаған. Олар оның аты-жөнін айтып, әскери комиссариаттан келгендерін айтты. Осыдан кейін бейтаныс адамдар ер адамнан өздерімен бірге жүруді сұраған.

Ер адамның сөзінше, ол әскери қызметке жарамсыз екенін растайтын анықтамасы бар екенін түсіндіргенімен, белгісіз адамдар кетпей қойған.
"Бірнеше минуттан кейін тағы бір ер адам келді. Сөйтіп, үшеуі мені қоршап алды. Камераны көрген бойда беттерін жасыра бастады. Мен полиция шақыруды айтқан кезде, олар жан-жаққа қашып кетті. Сондай-ақ телефоныма әскерге шақыру қағазы келгенін айтты. Алайда төрт жылға жуық уақыттан бері маған ешқандай хабарлама келген жоқ", – деп жазды ол.
Қазақстандық олардың шынымен әскери комиссариат қызметкерлері екеніне күмән келтірген. Оның айтуынша, бейтаныс адамдар өздерінің өкілеттігін растайтын құжаттарды көрсетпеген. Ер адамды әсіресе белгісіз адамдардың оның аты-жөнін білуі алаңдатқан. Сондай-ақ ол олардың жұмыс орнын және үйіне қайтатын бағытын қайдан білетінін түсінуге тырысқан.

Полиция департаменті не дейді?
Астана қалалық полиция департаменті аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта ер адамдардың жеке басы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданады", – деп мәлімдеді полиция.
Қорғаныс министрлігі не дейді?
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, әскерге шақыру науқаны кезінде әскери комиссариат пен әкімдік өкілдері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, әскерге шақырылуға жататын азаматтардың жүрген жерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізе алады.
"Азаматтарды тексеру кезінде полиция қызметкері өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті. Осыдан кейін әкімдік немесе әскери комиссариат өкілдері тиісті дерекқорлар арқылы азамат туралы мәліметтерді тексереді", – деп түсіндірді ведомство.
Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарды жеке деректерін бейтаныс адамдарға бермеуге және олардың өкілеттігі расталмайынша талаптарын орындамауға шақырды. Егер олардың әрекеттерінің заңдылығына күмән туындаса, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажет.
Қазақстандық лазерлік эпиляциядан рак жасушаларын оятып алғанын айтты: Мұндай жағдай болуы мүмкін бе